ӘКЕ
Әке, сен — асқар таусың, мықты тірек,
Махаббат пен мейірімің шексіз бөлек.
Әр сөзің даналықтың үлгісіндей,
Жолыма бағышталған құтты тілек.
Саған қарап үйренем мен өмірді,
Сен көрсеткен жолдарды етем үлгі.
Ұлағат ұқтым берген тәрбиеңнен,
Мәртебем содан менің көтерілді.
Сені әркез арқа тұтам, бағалаймын,
Көңілің кең мен үшін даладайын.
Сен барда бақыттымын, баймын, әке,
Мен басқа байлыққа еш қарамаймын.
ӨМІР
Ұқпай қойдым, не өзі өмір деген?..
Соны ойласам келеді көңілге өлең.
Бақыты бар және де бар қайғысы,
Бір мұңайып, ал бірде көңілденем.
Орындалар арман мен тілегің де,
Қайғы бар деп болмайды түнеруге.
Әр күніңді құрметте, ең бастысы –
Уақытыңды бағала бұл өмірде.
ҒАШЫҚПЫН ТЕК ӨЗІҢЕ
Сенің әркез тосып жүрем жолыңды,
Іздей берем, білсем дағы жоғыңды.
Сенің күлкің бақыт еді мен үшін,
Әр қылығың жүрегіме қонымды.
Сенсіз әлем мүлде бөлек мен үшін,
Мен бәріне көнер едім сен үшін.
Саған ғана ғашықпын мен дегенді,
Айта алады амалсыздан тек ішім.
ӨМІР МАҒАН ЖЫЛАМАУДЫ ҮЙРЕТТІ
Өмір маған үйретті жыламауды,
Көз жасымды көл қылып бұламауды.
Күрсінбеуді үйретті, мықты болып,
Сүрінсем де, үйретті құламауды.
Табуды әркез үйретті бір есебін,
Тығырықпен тайсалмай тіресемін.
Сенімдімін өзіме өзім бүгін,
Қиындықпен тік тұрып күресемін.
Тоқтама тек, жүр алға, шаршамағың,
Үміт үзбе, алдыңда – аңсағаның,
Арманыңнан қол үзбе, ұмтыл оған,
Қиналса да сол жолда қанша жаның.
Қиындықты жеңем де, тұрам күліп,
Тәуекелді жүремін ұран қылып.
Өмір маған үйретті жыламауды,
Оған мені жеткізген – шыдамдылық.
АУЫЛЫМ
Ауылым, сенің көшең — алтын арман,
Мені күтіп жүреді халқым алдан.
Білсеңдер, айтыңдаршы, бақыт бар ма,
Ауылда аунап-қунап, шалқығаннан?!
Сары жайлау, таза ауа, мөлдір бұлақ,
Асқар тау, кең дала, торғын құрақ.
Туғаннан ата-анамнан сенде өсітм,
Сен маған баға жетпес болдың тұрақ.
Ауылым – байлығым да барым менің,
Ып-ыстық құшағыңмен жалынды едім.
Сенімен бірге жылап, қуанамын,
Егіз ғой табиғатпен жаным менің.
АНАШЫМА
Анашым, сен — өмірдің шуағысың,
Нәр берген ақ сүтіңмен қуатымсың.
Толтырып мейірімге жүрегіңді,
Алдымнан жанұшырып шығатынсың.
Сарқылмас балаң үшін махаббатың,
Бала деп алаң болып атар әр күн,.
Мен де жүрем, анашым, тілеп іштен,
Алланың көрсең ғой деп шапағатын.
Төрт бөліп түн ұйқыңды әлдиледің,
Біз үшін, білем, қанша жан күйгенін...
Анашым, қарыздармын өле-өлгенше,
Басымды алдыңызда мәңгі иемін.
Қасыңда жүрсем, жігер, күш аламын,
Құс болып аспанға да ұша аламын.
Анашым, өзің үшін әрқашан да,
Отқа да, суға да мен түсе аламын!