Әжеме
Ойлағаны – біздердің бақытымыз,
Немереге арналды уақытыңыз.
Сізсіз, әже, ең қымбат, қадірліміз,
Алтынымыз, гауһар да, жақұтымыз.
Өзің, әже, әніміз, сәніміз де,
Үлгісіз сіз әрқашан бәрімізге.
Ұрпағынан бақытын тапқан адам,
Әжем үшін өмірдің мәні – бізде.
Өзің барда, еркін боп тасыдым-ау,
Өзің жоқта, жалғыз боп, жасыдым-ау.
Әже, әрбір сөзіңіз жүрегімде,
Қасымда бол әрқашан асылым-ау.
Абай атаға
Бойға қуат әр сөзінің буыны,
Абай барда қазағымның Туы ұлы.
Абай сөзі шаңыраққа құт болды,
Абай ойы елдігімнің уығы.
Абай жаққан жүрегімде от барда
Жығылмаймын қара ниет топтарда,
Хәкім Абай сыры барда жанымда,
Жеңілмеймін өмір атты көкпарда.
Абай менің — қасиеттім, киелім,
Абай барда ақиқатқа иемін.
Абай ата, жебеп жүрші қызыңды,
Кешіп барам өмір теңіз жиегін.
Отаным менің!
Отаным менің оттан ыстық, кең далам,
Өзіңде туған мен балаң.
Өзіңдей ұлан-ғайыр далам барда,
Еш себеп болмақ емес алаңдауға.
Тұрсын мәңгі Көк байрағың желбіреп,
Мен жүрейін сүйіп сені, елжіреп,
Кіндік қаным тамған жер атамекен,
Сендей өлке таба алмаспын кең жүрек.
Шаршамаймын
Шаршамаймын өмірден, шаршамаймын,
Жүрегімде болса да қанша уайым.
Берілмеген бұл ғұмыр түңілуге,
Бақыт тосып өтуде қаншама айым.
Торласа да тамшы жас жанарымды,
Алып кетем өмірден аларымды.
Болашаққа тайсалмай аттанамын,
Серік етіп қағаз бен қаламымды.
Шүкіршілік
Қандай әсем таң нұры,
Күннің ғажап барлығы.
Арайлаған аспаным,
Жаратқанның жарлығы.
Жан-жағыма қараймын,
Ғажабын-ай маңайдың.
Туған Отан қол бұлғар,
Тау-тасынан маңайдың.
Болмаған еш әлегі,
Әлем қандай әдемі.
Мәңгі тыныш болсыншы,
Жер жүзінің бар елі.
Біз не деген халықпыз?!
Біз не деген халықпыз,
Әлі оянбай қалыппыз.
«Оян!» десе де бабамыз,
Ояна алмаған «Алыппыз».
Жатқан әлі ұйқыда,
Бықсып әлі жатыр ғой.
Келмейді олар тұрғысы,
Жылы төсектен абдырай.
Айта алмайды шындықты,
Кімді жеңді? Кімді ұтты?
Жан-жағында кім шықты?
Болмайды енді ұйықтауға,
Істен қашып ең теріс,
Миға керек төңкеріс.
Қазағыма керегі -
Жана заман — өзгеріс.