Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізу қымбат тұратын медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттыра түсті. Ұлытау облысында алғаш рет ашылған аяқ қан тамырлары хирургиялық орталығы бұл сөзімізге дәлел.
Халық игілігі үшін ашылған жаңа орталық «Жезденсаулық» ЖШС базасында орналасқан. Астанадан арнайы шақырылған білікті маман небәрі бір айдың ішінде 36 пациентті варикоздан айықтырды.
–Ұлытау облысында мұндай медициналық қызмет бірде-бір ұйымда көрсетілмейді. Дертіне дауа іздегендер берісі Қарағанды, арысы Алматы қаласына баруға мәжбүр еді. Жол шығының есепке алмағанда, басқа қалада баспана керек. Оның бәрі қарапайым халықтың қалтасын қағады. Қазір біз алысқа бармай-ақ, дертімізден айығуға мүмкіндік алдық. Қуаныштымыз, – деп ағынан жарылған Нина Митрофановна екі аяғындағы варикозға ота жасағанын жеткізді.
Айта өту керек, ем-домның, отаның бәрі МӘМС аясында тегін көрсетіледі.
Бұрын мұндай науқастардың аяғын кесіп, көктамырын алып тастайтын еді. Одан кейін ұзақ уақыт бойы оңалту жүргізілетін. Енді оның бірі де жоқ, пациенттер тез қалпына келеді. Қарсы көрсетілімдері де өте аз.
Ота жергілікті анестезиямен шамамен бір жарым сағатқа созылады. Одан кейін дәрігерлер науқасты 4 сағат бақылайды. Бәрі жақсы болған жағдайда үйіне шығарады. Ота жеңіл өтеді. Өйткені, аз инвазивті. Яғни, пациенттің еш жерін тілінбейді, тесілмейді. Отадан кейін пациентке 4 күн бойы таңу процедурасы қарастырылған.
Айына 30, жылдың соңына дейін 200-дан аса ота жасауды көздеп отырған орталыққа әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан 30 млн теңге қарастырылып отыр.