Облыста оңалту орталығы ашылды

Ұлытау облысында нейро-ортопедиялық кемшіліктері бар балаларға арналған «QH» мемлекеттік оңалту орталығы ашылды.
Ашылу рәсіміне аймақ басшысы Дастан Рыспеков, «Қазақстан халқына» қорының Басқарма төрағасы Болат Жәмішев, «Нұрсұлтан Назарбаев қоры» атқарушы директорының орынбасары Әлкей Марғұланұлы және «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Тұрақты даму департаментінің басшысы Медет Дүйсенбеков қатысты.
–«Қазақстан халқына» қорының осы бағыттағы жұмыстарды белсенді түрде жалғастыруы көңілге қуаныш ұялатады. Бұл аталған қордың қолдауымен ашылып тұрған аймақтағы алғашқы нысан емес. Осыған дейін қор 360 млн теңгеден астам қаржыға өңірдегі 4 әлеуметтік жобаға қолдау көрсеткен болатын. Біздің бүгінгі басты міндет – осы әлеуметтік нысандардың халықтың игілігіне сапалы қызмет көрсетуін ұйымдастыру және қадағалау,-деді Дастан Адайұлы өз сөзінде.
Одан кейін сөз кезегін алған «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының Басқарма төрағасы Болат Жәмішевтің айтуынша, бұл жобада барлығы жоғары деңгейде ойластырылған. 2025 жылдың соңына дейін «Қазақстан халқына» қоры республика бойынша мұндай 6 орталықты пайдалануға беруді жоспарлап отыр екен. Сонымен қатар «Самұрық –Қазына» АҚ-мен бірлесе аутизмі бар балаларға арналған арнайы дамыту орталықтарын да ашпақшы.
Нысан Ұлытау облысы үшін аса қажет. Себебі аймақта 1,5 мың бала тіркеуде тұр. Бұған дейін ата-аналар оларды басқа қалаға апарып емдететін. Мұндайда шығын көбейіп, сапалы ем алуға мүмкіндік бола бермейді.
«Қазақстан халқына» қоғамдық қайырымдылық қоры тікелей Президенттің тапсырмасымен құрылған. Аз ғана уақытта қор бірталай ілкімді істерді атқарды.
Ұлытау облысының әкімдігі мен «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының бірлесе қолдауымен қолға алынған әлеуметтік жобаның негізінде ашылған жаңа орталық 3 пен 18 жас аралығындағы балаларға арналған және жыл сайын 600 баланы қабылдай алады. Ұлытау облысы әкімдігінің қолдауымен мұнда жөндеу жұмыстары жүргізіліп, кішкентай пациенттер үшін қолайлы жағдайлар жасалған.
Көрсетілетін көмектің жоғары деңгейін ұстап тұру мақсатында, орталықта көпсалалы топ құрылды, оның құрамына дәрігер-неврологтар, реабилитологтар, логопедтер, емдік дене шынықтыру (ЕДШ) нұсқаушылары, дефектологтар, еңбек терапевттері, психологтар жұмыс істейді.
Мамандарды оқыту бірнеше кезеңде, соның ішінде шетелдік тәлімгерлерді тарта отырып жүргізіледі. Мамандар тобын дайындау «Нұрсұлтан Назарбаев қорының» қолдауымен жүргізілді.
«Қамқорлық» қорының орталықтары әлемдік брендтердің сараптамалық сыныбындағы заманауи медициналық оңалту жабдықтарымен жабдықталған. Орталықты жарақтандыруды жобаның бас серіктесі «Қазақстан халқына» қоры қаржыландырды.
Жалпы бұндай орталықты алдағы уақытта Ұлытау облысының Жаңаарқа ауданында да ашу жоспарда тұр.
Айта кетсек, ерекше күтімді қажет ететін балаларға арналған оңалту орталығы Жезқазған қаласы, Абай көшесі-3 мекенжайында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі шеңберінде тегін қызмет көрсетпек.
Еркебұлан Егінбайұлы
14:32
34

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020