Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі еліміздің денсаулық сақтау саласындағы маңызды жаңашылдықтардың бірі болып табылады. МӘМС азаматтарға медициналық қызметтерді сапалы әрі қолжетімді түрде алуға мүмкіндік береді. Бұл жүйенің тиімділігі мен маңыздылығын түсіндіру мақсатында медициналық сақтандыру қорының Ұлытау облыстық филиалының мамандары еңбек ұжымдармен, соның ішінде медициналық мекеме қызметкерлерімен кездесуде.
Ұлытау облысының ақ халаттыларына жүйенің принциптері, МӘМС жарналарын төлеу және қате аударымдарды қайтару тәртібі, пакеттер арасындағы айырмашылық, науқастармен кері байланыс орнату, пациенттерді қолдау орталығының жұмысын ширату, қызмет көрсету процесі туралы түсіндірілді, сонымен қатар, шағымдарды азайту бағытынды құнды кеңестер берілді.
–Өкінішке қарай, бүгінде облыстағы медициналық ұйымдарға түсетін шағымдар күн сайын еселеніп отыр. 2024 жылдың тоғыз айында Қорға құқықтарын қорғау үшін 225 ұлытаулық хабарласқан. Бұл былтырмен салыстырғанда 56 шағымға артық, — деген филиалдың қызметкері Диана Оразалина көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыру және пациенттермен тығыз қарым-қатынас орнату қажеттігіне назар аудартты.
Жиынға қатысқан бухгалтерлер мен ұйымның бірінші басшыларына МӘМС жарналары мен аударымдарын ұстау мен аударудың реттілігі жіті түсіндірілді. Жасыратыны жоқ, бүгінде аударым мен жарнаның дұрыс әрі уақытылы аударылмауы салдарынан қызметкерлер МӘМС жүйесіндегі сақтандыру мәртебесін жоғалтып жатады. Бұл өз кезегінде медициналық көмекке жүгінген сәтте қиындықтар туғызады.
МӘМС жүйесінің осы және өзге де өзекті мәселелері жайында толыққанды ақпар берілген басқосулар Қордың қатысушысы болып табылатын 21 медициналық мекемеде 800-ден астам қызметкерді қамтумен өтті.
Өз тілшіміз