Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков Үкімет отырысында Сәтбаев қаласында эмульгаторы бар қазандық іске қосылғанын баяндады,-деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі. Бұл жағымды жаңалықты кеншілер қаласының жұртшылығы жылы қабылдап жатыр. Ең бастысы, қала «қара қардан» құтылатын болды.
Эмульгатор – қазандықтан шыққан қалдықтарды ұстап қалуға септігін тигізеді. Өңір басшысының айтуынша, бұл орнату жұмыстары келесі жылыту маусымына дейін тағы қалған үш қазандыққа жүргізіледі.
Сонымен қатар Ұлытау облысының әкімі ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектеновке экологиялық жағдайды жақсарту мақсатында көмірді ауыстыру, яғни жаңа көмір түрін пайдалану мәселесі қарастырылып жатқанын да мәлімдеді. Айтуынша, қазіргі таңда «Қаражыра» көмір кен орнынан көмір қоры жеткізілген.
Үкімет отырысында облыс әкімі сондай-ақ Сәтбаевта газдандыру жобасын қолға алу жоспарланып жатқанын да жеткізді.
– Өңірде өнеркәсіптік мақсаттағы №2 жылу орталығы бар. Оның қуатын алдағы жылыту маусымына қарай Сәтбаев қаласына бағыттаймыз. Ал «Қазақмыс» корпорациясы тарапынан қажеттілікке байланысты модульді қазандық орнатылады. Сонымен қатар газдандыру бағдарламасы аясында 2027 жылға дейін Сәтбаев қаласына көгілдір отын жеткізу жұмыстары жүргізіледі. Нәтижесінде, қаланың жылу орталығына тәуелділігі 30 пайызға төмендейді, – деді Дастан Рыспеков өз баяндамасында.
Үкімет басшысы Олжас Бектенов өз кезегінде облыс әкіміне аталған мәселені қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.