Сүйген істің сүйініші көп

Жуырда радиодан білім саласының маманы айтқан мына бір әңгімені құлағым шалып қалды. «Біз мектептерде мамандық таңдау шараларын әншейін өткізу керек болған соң өткізе салатын сияқтымыз. Бұл дұрыс емес. Негізі балаларды сол өңірдегі кәсіпорындарға, мекемелерге апарып, жұмыс процесін көрсетіп, таныстыру керек. Сонда ғана ол балада «мына жұмыс қызық екен», болмаса, «бұл жұмыс менің қолым емес екен» деген ой қалыптасады. Ал, ол ертең «адасқан» мамандардың көбеймеуіне сеп болады»-дейді ол.
Мұны неге айтып отырмын. Кейде біз балаларымызға «осы оқуды оқы, осының маманы бол»-деп оның жүрегі қаламайтын оқуға жібереміз. Үш-төрт жыл оның ақшасын төлеп тұрамыз. Ақырында, ол бала дипломды сандыққа салып қойып, өзі қалаған ісімен айналысып кетеді.
Біздің бүгінгі кейіпкеріміз Әділбек Жамбаевты да әкесі Шәмшікамал өзінің жолын қуып кенші болады деп ойлаған болса керек. Шәмшікамал Жамбаев 40 жыл кенші болып еңбек еткен кісі. Қазір зейнет демалысында. Ал, анасы белді бір қызметкер болады деп үміттенді. Бірақ, Әділбек құрылысшы болуды қалады. Сәтбаев қаласындағы Абай атындағы №4 мектеп-лицейді бітірісімен білек түріп құрылысқа кірісті. Содан бері осы салада ұзақ жыл жұмыс істеді.
– Еңбек жолымды сонау тоқсаныншы жылдарда бастадым. Сол кезде «Тұрғын үй – 91» деген бағдарлама басталды ғой. Бәлкім менің құрылысқа келуіме осы да әсер еткен шығар. Мен, Жезқазған қаласындағы қазір ел «91» атап кеткен батыс ауданның құрылысына қатыстым. Осы жерде коттедждер, қос қабатты үйлер салуда менің қолтаңбам жатыр, – дейді Әділбек мақтаныш сезіммен.
Иә, құрылысшыларды – «құрыш қолдылар» деп дәріптейді ғой. Қай елде болмасын аспанмен тілдескен зәулім үйлер осы құрыш қолды құрылысшылардың еңбегінің арқасында салынады. Әділбек Шәмшікамалұлының да салған үйлері әрісі Астана, берісі Жезқазған, Сәтбаев қалаларында мен мұндалап тұр.
– Кеше, өңірімізге Жезқазған-Бейнеу темір жол желісі келгенде осы аймақтағы елді мекендердің көбінің екінші тынысы ашылды емес пе? Соның бірі ел «11-ші экспедиция» атаған, қазіргі «Қабанбай батыр» ауылы. Осы жерде темір жол қызметшілері мен жұмыскерлері үшін деп 50 коттедж салу қолға алынды. Соның бес-алты үйін мен салдым. Мен дегенде, біздің бригада салды,-дейді Әдекең.
Еңбек жолын қатардағы құрылысшыдан бастаған Әділбек құрылыс бригадасының бригадиріне дейін көтерілді. Қарамағына сайдың тасындай дейтін іскер азаматтарды жинап, білікті бригада құрды. Ол азаматтар жұмыс барысында өздерінің іскерлігін, жұмысты адал әрі сапалы атқаратындарын көрсетті. Нәтижесінде бұларды Астана қаласындағы «Радуга» фирмасы арнайы шақырып, автобазаға қажетті гараждар мен бокстар салуға тапсырыс берді. Бұл жұмысты Әділбектің бригадасы абыроймен орындап шықты.
– Менің анау айтатындай арнайы білімім жоқ. Құрылысқа қажетті мамандықтардың бәрін өз бетіммен жүріп, ізденіп, үйрендім. Ғимараттың іргетасын қалаудан төбесін жапқанға дейінгі мамандықтардың бәрін өзім атқара беремін. Рас, қазіргі заманғы әрлеу жұмыстарын білмеймін. Бірақ, үйрететін, көрсететін адам болса оны да игеріп әкетеріме сенімдімін,-дейді кейіпкеріміз нық сеніммен.
Бүгінде Әділбек Жамбаев Жезқазған қаласындағы саябақтарды күтіп ұстау басқармасында еңбек етеді. Бұл жұмысты да ұршықша иіріп әкеткен. Негізгі жұмыстары қаладағы саябақтарға күтім жасау. Қураған ағаштарды кесу, жас желектер егу, оны суару. Санитарлық тазалықтары өз алдына. Осы жұмыстардың бел ортасында Әділбек Шәмшікамалұлы жүр.
Айтпақшы, ол таяуда әскерден келген ұлын да қасына алып, осы салаға баулып жатыр. Өзі көпбалалы отбасында өскен Әділбектің қазір бір ұл, екі қызы бар. Қызының үлкені студент. Кішісі мектеп қабырғасында. Әділбектің балаларына, інілеріне айтатыны – мамандықтың жаманы жоқ, өзің қалаған қай істі болсын абыроймен атқарып, оны сүйе білсең өз жемісін береді. Өзінің ұстанымы да осы.

11:11
268

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020