Қала әкімдігінде Жезқазған қаласының әкімі Қайрат Шайжанов ардагерлер алқасымен кездесіп, қаланы дамыту бағытындағы 2025 жылдың жұмыс жоспарымен бөлісіп, ардагерлердің ұсыныс-пікірлерін тыңдады.
Кездесуге Ұлытау облысы ардагерлер кеңесінің төрағасы Сағындық Үсенов, Жезқазған қаласы ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Қазамбаев, Ұлытау облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Алмас Жандарбеков, облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Тимур Бижанов, қала ардагерлері, аналар кеңесінің мүшелері, қала әкімінің орынбасары, бөлім басшылары қатысты.
Жиын барысында Жезқазған қаласының экономика және қаржы бөлімінің басшысы Бибігүл Өмірзақова қала көлемінде атқарылып жатқан жұмыстар туралы, оның ішінде коммуналдық салада, ауыз су, газ, жол, көгалдандыру салалары бойынша жүзеге асырылатын жұмыстар туралы баяндады.
Бюджеттің негізгі салмағы коммуналдық салада екендігі айтылды. Жезқазғанға газ желілерін тарту жұмыстары биыл да жалғасын таппақ. «Кеңгір ауылына газ тарату желілерін салу» жобасына республикалық бюджеттен және ҚР Ұлттық қор қаражаты есебінен 1млрд. 250 млн. теңге бөлінген. Жобаның жалпы құны 1 696,5 млн. теңгені құрайды, іске асыру мерзімі 2025-2026 жж..
Жүйелі жұмыстардың барлығы Жезқазған қаласын кешенді дамытудың бас жоспарына сәйкес атқарылуда. Сонымен қатар осы жылы шаһардың орталық көшелеріне абаттандыру шаралары жүргізілмек.
Ағымдағы жылы орташа жөндеу жұмыстарымен 4 млрд. 055,8 млн. теңгеге қаланың 14 көшелерін қамту жоспарлануда. 2025 жылғы қалалық бюджеттен 10 көшенің жұмыстарына (9,011 км) 1 млрд. 9 млн. теңге, облыстық бюджеттен 2,0 млрд.теңге бөлінді. Осы уақытта мемлекеттік сатып алу рәсімделуде. Қалған 4 көшені (8,989 км) орташа жөндеу үшін 1 млрд. 46,8 млн.теңгеге қажеттілік бар.
Былтыр жөндеу жұмыстарымен айналысқан 6 мердігермен келісім бұзылып, іс сотқа жіберілген.
2024 жылдың қорытындысы бойынша барлық негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер бойынша 2023 жылмен салыстырғанда оң нәтижеге қол жеткізілді, атап айтқанда: өнеркәсіп өнімдерін өндіру көлемі 1,4 %, негізгі капиталға инвестиция салу 31,5 %, құрылыс жұмыстарының көлемі 92,4 %, тұрғын үй құрылысы 12,4 %, яғни көлемі 59 672 шаршы метр үй пайдалануға берілді, ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 10,8 %, бөлшек сауда көлемі 7,0 %-ға өсті.
Жылумен жабдықтау сапасын жақсарту бағытында Жезқазған қаласының жылу желілерін қайта құру және жаңғырту» жобасының 2 және 3 кезеңдері жүргізіліп жатқаны белгілі. Қазіргі уақытта жобаның 3 кезеңі толық аяқталып, пайдалануға берілді. Жобаның 2 кезеңі бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталды, қаржыландырудың болмауына байланысты жобаны пайдалануға беру 2025 жылға ауысады.
Қала аумағында парктер, скверлер және басқа да жасыл желек учаскелерін күтіп ұстау, суару және абаттандыру жұмыстары «Мәдениет және демалыс саябақтары басқармасы» КМҚК-мен жүзеге асырылады. 2025 жылы қалалық бюджеттен негізгі кәсіпорынның қызметіне — 320,3 млн. теңге, 6 арнайы техникамен жабдықтауға 123,7 млн. теңге бекітілді.
Бибігүл Тоқтасынқызының баяндамасынан кейін ақсақалдар өздерінің ұсыныстары мен мәселелерін ортаға салды.
Қала басшысы атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтып, әсіресе коммуналдық қызметтер, ауыз су, жол жөндеу және газ мәселелеріне назар аударды. Сонымен қатар бұл кездесудің маңыздылығына тоқталып, алдағы уақытта осы бағыттағы жұмыстар жалғастырылатынын айтты.
Жиын соңында көтерілген сұрақтар бойынша ардагерлер кеңесі қалалық әкімдікпен бірлесе жұмыс істеуге дайын екендіктерін жеткізді.