Ұлытау облысының дін істері басқармасы өңірдегі діни қызмет саласында басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік орган болып табылады. Жалпы дін саласындағы саясат – өте нәзік саясат болып табылады. Осы бағытта әңгіме өрбіту үшін Ұлытау облысы дін істері басқармасының басшысы Дулат Тулегеновпен жолықтық.
— Дулат Рашидұлы, Ұлытау облысының дін істері басқармасы дербес мемлекеттік орган ретінде бір жылдан аса уақыттан бері тірлігін түгендеп келеді. Негізгі бағыттарыңыз қандай?
— Алғашқы күндерден бастап, ұйымдастыру мәселелерін шешумен қатар, бізге жүктелген барлық бағыттар бойынша жүйелі жұмыс бастадық. Облыс басшылығының қолдауының арқасында қысқа мерзімде штат, бюджет және техникамен қамтамасыз ету мәселелері шешілді. Қазіргі уақытта біз Ұлытау облысы әкімдігі құрамындағы шағын мекемеміз және қойылған міндеттерді орындауға жеткілікті оңтайлы есептелген бюджетіміз бар. Біздің қызметіміздің негізгі бағыттары: діни бірлестіктермен ашық диалогты дамыту, деструктивті діни ағымдардың алдын алу шараларын жүргізу және интернет кеңістігінде қарсы насихат жұмыстарын ұйымдастыру.
— Діни бірлестіктермен диалог жүргізіледі дедіңіз? Біздің өңірде олардың саны қанша?
– Бізге, мысалы, жиі мынадай сұрақ қояды: «Мемлекет діни бірлестіктерді өз серіктесі ретінде қарастыра ма, әлде оларды қауіп көзі деп санай ма?» Бұл сұраққа біз сенімді түрде жауап бере аламыз: біз оларды қоғамның рухани мәселелерін шешуде сенімді серіктес ретінде қарастырамыз. Алайда, мұның белгілі бір шарттары бар. Біріншісі — дін – әр адамның жеке ісі, ол саясиланбауы және заңдарды алмастырмауы керек.
Екінші — дін рухани құндылықтарға назар аударуы қажет және басқа наным-сенімдегі адамдарды айыптауға немесе кінәлауға жол бермеуі тиіс. Адамдар зайырлы демократиялық мемлекеттің жетістіктерінің орнына ортағасырлық тәртіп пен хаосқа қайта ораламыз ба деп алаңдайды. Мұндай үдерістер кезінде біздің кейбір азаматтарымыз барған елдерде орын алған жағдайлар да белгілі. Ұлытау облысында 8 конфессияны ұсынатын 47 діни бірлестік жұмыс істейді. Конституция мен заңдарға сәйкес, барлық дін тең құқылы. Бірде-бір дін басқалардан артықшылыққа ие емес. Қазіргі уақытта біз діни бірлестіктермен бірлесе отырып еңсеруіміз керек бірнеше сын-қатермен бетпе-бет келіп отырмыз. 2024 жылы облыста Діни бірлестіктер клубы құрылды. Оның жұмысы аясында түрлі форматтағы жобалар жүзеге асырылды. Мысалы, біз діни бірлестіктер арасында шығармашылық фестиваль өткіздік, сондай-ақ өзара ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған тимбилдинг ұйымдастырдық.
— Сіздерде кадр мәселесі қалай?
— Біздің өңірде дін саласындағы мамандардың тапшылығы шынымен сезіледі. Осыған байланысты 2024 жылы өңірге 3 наиб-имам мен 2 әйел ұстаз тартылды. Сонымен қатар, облыс әкімінің қолдауымен «Нұр-Мүбәрак» университетіне «исламтану» мамандығы бойынша 5 грант бөлінді. Қазіргі уақытта сол жерде 5 студент білім алып жатыр. Ал біздің басқармаға келсек, қазіргі уақытта оның құрамында 6 қызметкер бар. Сонымен бірге, басқармаға қарасты «Діндерді зерттеу орталығы» КММ жұмыс істейді, онда негізінен теологтар мен дінтанушылар еңбек етеді.
– Деструктивті діни ағымдардың ықпалына қарсы қандай іс-шаралар өткізесіздер? Қазіргі уақытта олар толығымен интернетке «көшті» деп айтуға бола ма?
– Онлайн ортада діни үгіт-насихаттың жаңа серпіні пандемиядан кейін байқалды. Бүгінде адамдар рухани жетекшілік пен жұбаныш іздеу үшін интернет пен әлеуметтік желілерге көбірек жүгінуде. Онлайн платформалар діни көшбасшыларға кең аудиторияға қол жеткізуге және оларға діни қызметтер мен материалдарды, мысалы, онлайн құлшылық немесе рухани кеңестер ұсынуға мүмкіндік береді.
Алайда, интернеттен алынған ақпаратты сын тұрғысынан бағалап, оны сақтықпен қабылдау қажет, себебі манипуляцияға немесе діни экстремизмге тап болу қаупі бар. Сонымен қатар, діни насихат әр адамның құқықтары мен бостандықтарын құрметтеуі, сондай-ақ әртүрлі діни топтар арасындағы өзара түсіністік пен толеранттылықты нығайтуы керек.
Мысалы, біз «Кибернадзор» жүйесін қолданамыз. Ол интернет желісінде құқыққа қайшы материалдарды анықтау, есепке алу, бағалау және бұғаттау бойынша мемлекеттік органдар жүргізетін жұмысты жүйелеуге және оңтайландыруға арналған. Биылдың өзінде «Кибернадзор» жүйесіне деструктивті идеологияны насихаттайтын және жалған жиһадқа шақыратын материалдар бар мыңнан астам сілтеме бұғаттау үшін салынды. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексінің 453-бабы («БАҚ өнімдерін, сондай-ақ басқа да өнімдерді дайындау, сақтау, әкелу, тасымалдау, тарату») бойынша 4 азамат жауапкершілікке тартылды.
Халықты радикализациялау және оларды экстремистік немесе террористік ұйымдардың әрекеттеріне тарту қаупін азайту үшін «Талдамалы интернет картасы» жүйесі белсенді қолданылады. Оның мақсаты – облыс тұрғындарын интернеттегі деструктивті діни насихат топтарынан қорғау. Мысалы, көптеген тұрғындар «әдемі» атаулары бар, бірақ шын мәнінде радикалды діни материалдарды қамтитын топтарға білмей жазылып қалуы мүмкін. Осы жүйе арқылы біз аккаунттың Instagram немесе ВКонтакте сияқты әлеуметтік желілерде деструктивті топтарға жазылғанын анықтай аламыз.
Біздің тәжірибе көрсеткендей, насихатшылар үшін кез келген платформада парақша немесе топ құру жеткілікті, олар сол жерде радикалдық мазмұндағы материалдарды жариялап, жазылушылармен хат алмасып, әдебиеттер ұсынуға, аудиторияның белсенділігін бақылауға және жарияланым тақырыптарын таңдауға мүмкіндік алады. Қазақстанда экстремистік насихат көбіне YouTube пен Instagram платформаларында таралуда. Сонымен қатар, TikTok пен Telegram платформаларының танымалдылығы артып келеді, онда деструктивті уағызшылардың лекцияларынан үзінділер жариялануда.
Сонымен қатар, дін туралы ақпаратты тек ресми көздерден алу, діни, құқықтық және дінтанулық сауаттылық деңгейін арттыру, сын тұрғысынан ойлау қабілетін дамыту өте маңызды екенін атап өткім келеді. Бұл қазақстандықтардың өзін деструктивті діни ағымдардың манипуляцияларынан және ықпалынан қорғауға көмектеседі.
– Интернетте қарсы насихаттық жұмыс жүргізіле ме? Бізде деструктивті ақпараттың ағынына қарсы тұра алатын материалдар бар ма?
– Әрине. Қарсы насихаттық материалдар бейне, фото (инфографика, қанатты сөздер), сұхбат түрінде әзірленеді және «KONTR» ақпараттық жүйесі арқылы тексеріледі. Облыс аумағында әлеуметтік желілерде, облыстық телеарналарда және танымал пабликтерде ақпарат тарату жұмысы жүргізілуде.
Жыл басынан бері облыстың профилактикалық субъектілері 365 қарсы насихаттық материал әзірледі, олардың 350-і (133 бейнеролик, 209 инфографика, 8 мәтін) «KONTR» ақпараттық жүйесі арқылы тексеріліп, әлеуметтік желілерде таралды. Негізгі назар Instagram және TikTok платформаларына, әсіресе жастар көп қолданатын платформаларға аударылды. Көптеген тұрғындар биыл біз әлеуметтік желілердегі танымал пабликтерді де жұмысқа тартқанымызды байқады.
Сонымен қатар, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының жүйесі жаңартылуда. Соңғы жылдары жастар арасында дінге деген қызығушылық артқаны байқалады. Осыған байланысты басқарма үйлестіруімен мақсатты жұмыс жүргізілуде. Мемлекеттік және конфессионалдық қатынастардың негіздерін түсіндіру, діни экстремизмнің алдын алу, құқықтық және діни сауаттылықты арттыру мақсатында облыста діни мәселелер бойынша ақпараттық-түсіндіру топтарының кешенді жұмысы жүргізілуде (1 облыстық, 3 қалалық және 2 аудандық топ), олар 54 адамнан тұрады: 8 теолог, 3 дінтанушы, 4 психолог, 3 БАҚ өкілі, 5 ардагерлер мен ақсақалдар кеңесінің мүшесі, 7 қоғамдық белсенді, 1 мәслихат депутаты, 5 мектеп, колледж және университет оқытушысы, 14 мемлекеттік және бюджет ұйымдарының қызметкері, 4 Діндерді зерттеу орталығы мен дін істері басқармасының қызметкері.
Ақпараттық-түсіндіру топтарының жұмысының нәтижесінде 2024 жылы 1639 шара өткізіліп, оған 78 557 адам қатысты.
Сонымен қатар, басқарманың бастамасымен ақпараттық-түсіндіру топтарының мүшелерінің кәсіби біліктілігін арттыруға бағытталған 6 оқу семинары өткізілді. Семинарларға дін саласындағы елімізге танымал сарапшылар спикер ретінде шақырылды.
Дегенмен, бұл шаралардың бәрі жоғары тиімділікке ие емес екендігін мойындаймыз. Лекторлық жұмыстың сапасы мен мақсатты аудиторияны тарту мәселелері де бар. Біз, уәкілетті орган ретінде, осы кемшіліктерді көреміз және оларды жою үшін жұмыс істеп жатырмыз. Лекторларымыздың кез келген аудиториямен жұмыс істеп, түрлі, оның ішінде деструктивті ағымдардың өкілдерімен пікірталас жүргізе алуына баса мән беріледі. Қазір біз бұл жұмысты біртіндеп жақсартып келеміз.
– Жаңа жұмыс әдістері қолданылып жатыр ма?
– Әрине. Мысалы, Ұлытау облысы дін істері басқармасының қолдауымен Жезқазған қаласының Серке Кожамқұлов атындағы қазақ музыкалық-драмалық театрында жастар арасында діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу мақсатында «Кінәлі емеспін» атты ақпараттық-танымдық спектакль қойылды. Біз дұрыс хабарламаларды өнер арқылы жеткізгіміз келеді. Сонымен қатар, Жезқазған мен Сәтбаев қалаларында әйелдер арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу мақсатында «Ан-Ниса» орталығы жұмыс істейді.
Қауіпті топтармен жұмыс істеу үшін жобалық тәсіл енгізілді. Осы процесте үкіметтік емес ұйымдармен, мысалы, «Ақниет», «Фуркан», «Ан-Ниса», «Жылы Жүрек», «Тұрақты даму» сынды ұйымдармен ынтымақтастықтың ерекше рөлі бар. Бұл бізге деструктивті ағымдардың ықпалынан зардап шеккендерге көмек көрсету мүмкіндігін береді. Бұл бағытта экстремистік діни ағымдардың өкілдерімен облыста тұрақты жұмыс жүргізілуде.
Сонымен қатар, Жезқазған қаласының №62 түзету мекемесінде де айтарлықтай жұмыс жүргізілуде. Кітап оқу байқаулары, викториналар, Қазақстан тарихы бойынша дәрістер ұйымдастырылады. Түзету мекемесінің кітапхана қоры үнемі жаңартылып отырады.
Сондай-ақ, біз дәстүрлі құндылықтардың діни фанатизмге қарсы қорғаныс формаларының бірі екеніне сенеміз. Осыған орай, ұлттық киімдер мен зергерлік бұйымдардың «Ұлттық киім – ұлт бейнесі» атты көрмесін ұйымдастырдық. Әйелдер арасында үлкен қызығушылық тудырған «Кимешек party» шарасын өткіздік.
– Сіздің айтқандарыңызды қорытындылай келе, Ұлытау облысындағы қазіргі діни жағдай тұрақтанып келе жатыр ма?
– Иә, тұрақтанып келе жатыр. Барлық тараптармен атқарылған бірлескен жұмыстардың нәтижесінде деструктивті діни ағымдардың ықпалы біртіндеп азайып келеді. Жалпы алғанда, облыстағы діни жағдай бүгінгі күні тұрақты. Бұны 2024 жылғы «Ұлытау облысындағы діни жағдай» тақырыбында жүргізілген социологиялық зерттеудің нәтижелерінен көруге болады. Зерттеуге Ұлытау облысының әртүрлі аймақтарынан 18 жастан 61 жасқа дейінгі 2000 тұрғын қатысты.
Социологиялық зерттеудің бірінші және екінші кезеңдерінің нәтижелері бойынша облыстағы діни жағдай тұрғындардың пікірінше, әдетте жақсы деп бағалануда (84,7%). Бұл уақытта өте қиын жағдайды бағалаған респонденттердің саны 1,9%-ға азайды.
Респонденттердің басым бөлігі (92%) өздерін діни және сенуші адамдар деп санайды, бұл дін саласының маңыздылығын тағы да растайды. Сонымен қатар, респонденттер басқа діндер мен конфессияларға деген жоғары деңгейде төзімділігін көрсетті (94,3%). Қатысушылардың басым бөлігі (63,7%) деструктивті діни ағымдардың жақтаушыларын ажырата алатындарын айтты.
Респонденттердің көпшілігі (79%) облыстағы (тұратын жерлеріндегі) конфессияаралық жағдайды оң деп бағалауда. Төзімділік деңгейі діни жағдайды оң бағалауымен сәйкес келеді (84,7%). Сонымен қатар, зайырлылық пен секуляризм деңгейі 71,3%-ды құрайды.
Иә, осындай зерттеулер мемлекеттік дін саясаттың индикаторы болып табылады. Бірақ біз қоғамның дінге деген көзқарасының әртүрлі болатынын түсінеміз, сондықтан әрдайым түрлі пікірлер мен шешілмеген мәселелер болады. Біз қоғамның барлық топтарының сұраныстарын ескере отырып, мемлекеттік мүдделерге сүйене отырып жұмыс істеуге тырысамыз.
Сонымен қатар, бір айта кететін жайт – ол дін саласында кеңінен қолданылатын Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 490-бабы бойынша. Яғни, 2025 жылғы 10 қаңтарда Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаев «ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. Аталған Заңның аясында діни қызмет саласындағы жауаптылықты көздейтін 490-баптың бірінші, үшінші және жетінші бөліктерінде «ескерту» институты енгізілді. Сонымен қатар, 490-баптың бірінші, екінші, үшінші және жетінші бөліктерін бұзу бойынша әкімшілік айыппұлдардың мөлшері 50%-ға азайтылғанын хабарлағым келеді.
– Соңында, өңір тұрғындарына, өзіңіз тәуекел дәрежесі жоғары деп атаған жастар санатына қандай ұсыныс, тілек айтар едіңіз?
– Жастар ішінде, жалпы тұрғындар арасында практикалық түрде дінге деген ықыласы артқан, ұстану пайызы жыл сайын артып келеді. Бірақ діншілдік деңгейінің өсуі, радикалды идеологияға ықпал етуге көп мүмкіндік береді. Қандай ағым мен конфессияда болмасын, ол тіпті дәстүрлі ханафи мазхабы немесе сопылық жолын ұстанушылардың да, кейбір христиандық ағымдар мен иудаизм тараптарынан да болса да діни фанатизм қауіп-қатер төндіруі мүмкін. Сондықтан шектен шығып, шалыс баспау үшін діни ақпаратты тек ресми дін өкілдерінен алған жөн екенін ескертемін.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Ақтілек Ақтаңгер.