Жан жадыратар жағымды жаңалық

Бүгін Ұлытау облысының орталығы – Жезқазған қаласында «Жігер» дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің ашылу салтанаты өтті.

Салтанатты рәсімге Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков, облыстық мәслихаттың төрағасы Бауыржан Шыңғысов, «Қазақмыс» корпорациясы ЖШС басқарма төрағасы Нұрахмет Нұриев, «RBK BANK» АҚ төрағасы Наталья Акентьева және арнайы шақыртумен келген қонақтар – Сидней Олимпиадасының чемпионы, даңқты боксшы Ермахан Ибраимов пен Рио-де-Жанейро Олимпиадасының чемпионы, жүзуші Дмитрий Баландин қатысты.

Спорт нысанының жалпы ауданы — 7816 м², үш қабатты. Бұнда балалар, ересектер, әуесқой және кәсіби спортшылардың барлығы жаттыға алады. Осы жобаны жүзеге асыру үшін «Қазақмыс» корпорациясы 8,5 млрд теңге қарастырған. Республикалық және халықаралық жарыстарды өткізуге жарамды етіп салынған. Жаңа кешендегі бассейннің ұзындығы – 25 м.

Командалық спорт түрлері үшін ауданы 1200 м² әмбебап спорт залы қарастырылған. Ол электронды табломен, баскетбол құрылғыларымен, спорттық жабдықтармен жабдықталған және жарыстарды 320 көрермен еркін тамашалай алады.

Сонымен қатар, айналармен, спорттық төсеніштермен, арқандармен және гимнастикалық снарядтармен жабдықталған ауданы 350 м² көркем және спорттық гимнастика залы жұмыс істейді.

Кешеннің екінші қабаты үстел теннисіне арналған. Сондай-ақ, заманауи жабдықтармен жарақтанған бокс залы бар.

Айта кетейік, бұл кешен «Қазақмыс» корпорациясы мен Ұлытау облысы әкімдігі арасындағы меморандум аясында салынды.

Облысымызда және елімізде жан жадыратар жағымды жаңалықтар көп болсын!

18:12
287

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020