​Өндірісте өрілген өмір

      Жансұлу Бақытжанқызы қаржы саласының маманы. Алайда жастайынан отыз жылдан бері Ғазиз Омаров атындағы шахта проходкалау тресінде тер төгіп келе жатқан анасы Найла Оразқызы секілді геолог болуды армандаған ол меңгерген мамандығы бойынша еңбекке араласпайды. Сөйтіп, 2009 жылы «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС жұмысқа орналасып, содан бері бірнеше құрылымдарында жемісті қызмет етіп келеді.

      Жансұлу Жакенова 1985 жылы Сәтбаев қаласында дүниеге келген. Мектепті ойдағыдай бітіргеннен кейін Жезқазғанда Орталық Азия университеті жанындағы колледжге оқуға қабылданып, орта арнаулы білім алады. Колледжді бітіргеннен кейін екі қолға бір күрек іздеп, қарманады. Бірақ, еншілеген мамандығына байланысты қолайына келген жұмысты істеуден бас тартып, өндіріске келеді. Қыз бала үшін бұл салада еңбек ету, әрине оңай емес. Бірақ, жүрегіндегі «анасы секілді геолог болам» деген аялаған арманы оны барлық тәуекелге әкелді. Қажырлы қыз ауыр еңбектен қашпады, керісінше, білмегенін үйренуге ұмтылып, өндірістің қыр-сырымен танысуға ынта-шынтасымен кірісті. Осылайша, оның «Қазақмыс» корпорациясындағы еңбек жолы басталып кетті. Өндірістегі алғашқы қадамы Анненск кенішінен басталды. 2009-2012 жылдары аталмыш кеніште еңбеккерлердің жұмысын есепке алу жөніндегі инспектор болды, одан кейін 2012-2024 жылға дейін «Жезқазғантүстімет» өндірістік бірлестігінде тиімді ұйымдастыру және хронометраждық бақылау бөлімінде жұмыс істеді. Алып компанияның қай құрылымының жұмысы болмасын табандылықты, қажыр-қайратты талап етеді. Әсіресе, нәзік жандар үшін кеніштің астына түсіп, ауасы тар, сыз тартқан жерде тірлік ету екі есе қиындық тудыратыны белгілі. Жансұлудың да жұмысы уақыт талғамайды. Әр шахтаны аралап жүріп, жерасты жұмыскерлерін есепке алу, жұмыс барысында қолданылатын үлкенді-кішілі қондырғыларға есеп жүргізу, мезет талғамайтын аяқасты іс-сапарлар барлығы ерекше төзімді қажет етеді. Бірақ, діттеген мақсатына жетпей қоймайтын, өзіне жоғары талап қоя білетін ол бұл тірліктерді де шашау шығармай түгендей білді. Уақытпен санаспай еңбектеніп, ұжымда абырой-беделге кенелді. Үйренуге деген ынтасы болса, қай жұмыста болмасын тәжірибе деген жылдар жылнамасында келетіні белгілі. Таудай талабың мен талпынысыңның арқасында айналаңнан меңгеріп, адамның істегенін адам істейтініне көз жеткізесің. Жансұлу бұрын жол салып көрмеген өндіріс өлкесіне келді, «күрек-кетпенін» сайлап, аға буынның ақылына құлақ асты, тәртіпке бағынып, межелі міндетін абыроймен атқарып, жүктелген жауапкершілік үдесінен шыға білді. Бұл да оның ақыл-қайратына сеніп, жүрек қалауына құлақ түргендігінің арқасында жеткен жетістігі.

      Кейін ұзақ жылдар бойы еселі еңбек ете жүріп, өз ортасында тіс қаққан маманға айналған ол жұмысын жан рахатына баласа да, оны ауыстыруға шешім қабылдайды. Оның өзіндік себебі де жоқ емес. Уақытының дені жұмыста өтетіндіктен, өзінің отбасына тиісті көңіл бөле алмайтыны оны қынжылтатын. Айта кетейік, ол 2005 жылы Мақсұт Бекзатханұлымен шаңырақ көтеріп, бүгінде Бекарыс, Зиянұр есімді қос батырды және Жасминдей жауқазынды өсіріп, тәрбиелеп отыр. Қанша ауыр еңбекке араласса да, Жансұлу ең бірінші кезекте Әйел-Ана екенін ешқашан ұмытқан емес. Жарының қабағын бағып, балаларымен сырласып, мейлінше қолы қалт еткен уақытты шағын мемлекетіне арнайтын. Қанша бөлек тұрса да, үлкен үйге барып, ата-енесінің жағдайын жасап, тірлігіне септесуді де ұмытпайды. Бұл да оның ар-ибасының айқын көрінісі. Шаңырағының шаттығын еселеп, ұйыған отбасының одан сайын шырайын келтіру мақсатында ол сүйікті жұмысынан қол үзіп, Оңтүстік Жезқазған кенішіне ауысты. 16 жылдан бері «Қазақмыстың» құрылымдарында еселі еңбек етіп келе жатқан ол бүгінде ауысыммен жұмыс істеп те үлгеріп, отбасына да тиісті көңіл бөлуде.

       Мақсұт пен Жансұлудың балаларының алды ер жетіп, жиырмаға жақындаған. «Оларға дұрыс бағыт-бағдар беріп, өмір көшіне ілестіру – біздің басты міндетіміз» — дейді біздің кейіпкеріміз. Жасмин болса, мектеп оқушысы. Жарының да жағдайын жасап, балаларының да қамын жеп жүрген Жансұлудың бармағынан бал тамады. Жас болса да отағасы екеуінің белдеуінен ат, дастарханынан қонақ үзілген емес. Тәуліктің қай сағатында келсе де, меймандарын ашық қабақпен қарсы алып, адал асын ұсынып, бәйек боп жүргені. Ағайынмен де арасы тату, досқа да бай. Бұл шаңыраққа еңсеңіз, шуақ шашып, жылулық лебі желдей есіп тұрады. Мұндағы татулық пен тыныштық береке-бірліктің бастауындай. Осының бәрінде жастай келген келінінің жақсылығын асырып, жамандығын жасырып, өз мектебінде шыңдаған енесі Қалампырдың да үлесі ауыз толтырып айтарлық. Ерте жұп құрған бақытты отбасы Алла қаласа бірер жылда ұлдарын отау қылып, келін көрмек. Өмір сүрген сайын адамда арман таусылған ба?! Жансұлу да жары Мақсұтпен бірге ұрпақтарының қызығына кенеліп, немере жетектеуді қалайды. Ендеше, Жаратқан сол күнге жеткізсін дейік.

Меруерт Наурызбай. 

10:47
245

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020