Біз, қазақ, жағасы алтын, жеңі жез, ынтымағы жараса, ырысы тасыған, бір жеңнен бас, бір жағадан қол шығарған, бірлігі бекем, ұлы ұлтпыз. Дер кезінде еңсемізді тіктеп, ұлт болып ұйысуымызға атам заманнан аманат болып қалған адалдымыз бен адамдығымыз, әділдігіміз бен әдебіміз, батырлығымыз бен батылдығымыз себеп болған шығар, бәлкім! Қазақ атты қайсар халықтың басынан ер етігімен су кешіп, ат ауыздықпен су ішкен талай нәубетті замандар мен тар жол тайғақ кешулер өтті.
Алғаш Тәуелсіздік алып, көңіліміз бен алақанымыздан азаттықтың ақ көгершінін ұшырғанымызға биыл – 29 жыл. Тәңірі қолдап, тұғырымыз бекіген егемендіктің 30 жылдығын тойлайтын күнде алыс емес. Жаратқан ием барша халқымызды сол мерейлі күнді аман-есен көруге жеткізсін. 30 жылда керегеміз кеңіп, іргеміз бекіді. Алдыңғы қатарлы озық экономикалы алпауыт елдермен иық тірестіре алатындай дәрежеге жеттік. Ұландарымыз ұлтымыз бен елімізді биікке шығарды. Қай додада болсын еліміздің әнұраны айтылып, көк байрағы асқақтады. Міне, нағыз бақыт деген осы емес пе?!
Бүкіл әлемді әуре-сарсаңға салған ауыр дерт біздің елімізді де елемей өтпеді. Экономикадағы әлсіреуді дүниежүзі мемлекеттері сезініп жатыр. Осындай сынды шақтарда жұдырықтай жұмылған ел ғана жеңіп шығары ақиқат. Осынау жылуы мен шуағы жанды елітер жайдары мезгілде еліміз үшін айрықша айтулы күн бар. Ол – 1 мамыр, Қазақстан халқының бірлігі күні. Алтай мен атырауға дейінгі ұлан-ғайыр, тауы мен тасы, шөлейті мен шөлі, теңізі мен көлі көп, жер асты қазба байлыққа, үсті ырыс-ынтымаққа толған қасиетті де киелі алқабымызда 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілі татулықта күн кешіп жатыр. Биылғы жыл тіптен ерекше. Себебі, биыл – Қазақстан Халқы Ассамблеясының құрылғанына 25 жыл толды. Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясын құру идеясын алғаш рет 1992 жылы Тәуелсіздіктің бірінші жылдығына арналған Қазақстан халықтарының форумында айтқан болатын. 1995 жылғы 1 наурызда Қазақстан халқы Ассамблеясын Мемлекет басшысы жанындағы консультативті-кеңесші орган мәртебесімен құру туралы Президенттің Жарлығы шықты. 2007 жылы мамыр айында Қазақстан Республикасы Конституциясына бірқатар өзгерістер енгізілді. Қазақстан халқы Ассамблеясына конституциялық мәртебе берілді, ол ҚР Парламенті Мәжілісіне тоғыз депутат сайлау құқығына ие болды. Осы арқылы Ассамблеяның қоғамдық-саяси рөлі айтарлықтай артты. Ал, 2008 жылғы 20 қаңтарда Президент «Қазақстан халқы Ассамблеясы» туралы әлемде баламасы жоқ заңға қол қойды. ҚХА еліміздің саяси жүйесінің толыққанды субьектісіне айналып, талай тарихи маңызды істердің басы-қасынан табылды.
Қарт тарихтың кер жолына қайталай үңілсек, біздің эрамызға дейін де, одан бергі ғасырлар бедерінде де асыл бабаларымыз пенде атаулыны түр-түсіне, діни сеніміне, мәдениетіне қарай бөлмепті. Және солай етем деушілерге көнбепті. Жазира жеріміздің төсінен дәстүрлі өз дінімізбен қатар, будданың да православиенің де археологиялық артефактілерінің арагідік табылып жатуы соның бір көрінісі. Демек, адамзаттың бәрін бауырым деп кеудесіне қысқан кешегі әлемге өркениет жайған еңселі жұрт ұрпағының мынау зымыран дүниеде дәл осы ауанда да елдің алдына шығуы табиғи да желісті дүние.
Тұңғыш Президентіміз, Ұлт көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың тікелей бастамасымен 2013 жылдан бері өткізіліп келе жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съездері жалпы жарық дүниеге шапағатты сәулесін молынан түсіретін ғаламдық жиынға айналды. Мұндай бағаны беріп отырғандардың өзі сол әлемдік деңгейдегі саясаткерлер мен ірі дінбасылары. Адамзаттық рухани-адамгершілік құндылықтарды одан әрі нығайтуға, діндер мен мәдениеттер арасындағы өзара түсіністік пен келісімге деген қажеттіліктің бүгінгідей тіптен артып тұрған шағында Астанадағы Бейбітшілік пен Келісім сарайында Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезінің өтуі маңызы асқан шаруа. Өйткені, оның жұмысына төрткүл дүниенің 42 елінен 80-нен астам делегациямен бірге небір атынан ат үркетін шетелдік және халықаралық ұйым өкілдерінің, оның ішінде Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы мен өкілдерінің қатысуы да біздің қадірімізді арттыра түссе керек.
Ырыстың тек ынтымағы жарасқан жерге тұрақтайтыны белгілі. Ендеше, айбынымыз бен байлығымызға айналған қазақ атты қара шаңырақтың шаттығы шалқып, несібесі тасып-төгіле бергей. Мереке құтты болсын!
Бекзат АЛТЫНБЕКОВ,
Қазақстан Халқы Ассамблеясының мүшесі