​Жаңа орталық ашылады

Ерекше қажеттілігі бар балалардың толыққанды білім алуына жағдай жасау қажет. Бұл мәселе Бурабайда өткен Ұлттық құрылтай отырысында да көтерілді. Әсіресе, аутизм дертіне шалдыққан балалардың әлем бойынша артып келе жатқанын айтқан президент арнайы орталықтар құруды тапсырды. Осыған байланысты жақында өңірде аутизмге шалдыққан балаларды қолдау орталығы ашылады. 120 балаға лайықталған мекеме Жезқазғандағы психологиялық – медициналық – педогогикалық кеңес жанынан құрылады. Ол үшін ескі ғимарат толық қайта жаңғыртылады. Қазір онда жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Орталық маусым айында пайдалануға беріледі деп күтілуде.

Өңірде аутизм дертіне шалдыққан балаларға арналған орталық бұрын-соңды болмаған. Көмекке мұқтаж ата-аналар баласын оңалту үшін түзеу кабинеттерін жағалап, табан тоздыратын. Енді, міне, аз уақытта мұндай орталық өз өңірімізде ашылып, талай жанның жүгін жеңілдетпек. Мамандардың айтуынша, жаңадан ашылатын орталық қажеттілікті толық өтейді. Баланың анықтамасына, диагнозына байланысты бір немесе екі-үш сағат білім ала алады. Оны психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациясы анықтап, жолдама береді. Мұндай орталықтар баланың өмірге әрі қарай бейімделуіне, жан жағын тануына, адамдармен қарым-қатынас орнатуына мүмкіндік береді. Ол жерде логопед, дефектолог, сурдопедагог мамандары жұмыс істейтін болады.

Соңғы жылдары аутизм дертіне шалдыққан балалар саны күн санап артуда. Біздің облыс бойынша алдағы жылдармен салыстырғанда 66 пайызға өскен. Бүгінде облыста ерекше білім беруді қажет ететін 2200-ден астам бала болса, соның ішінде 101 бала аутизм дертіне шалдыққан.

Ақтілек Ақтаңгер

15:40
163

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020