Бүгін 12 сәуір – Халықаралық ғарышкерлер күні
Келер жылы адамзаттың ғарышқа ұшқанына 65 жыл толады. 1961 жылы 12 сәуірде бұрынғы Кеңес Одағының азаматы Юрий Гагарин әлемде алғаш болып «Восток» ғарыш кемесімен Жер орбитасына ұшты. 108 минуттық ұшу адамзаттың ғарышты игеру тарихындағы жаңа дәуірді бастады.
Ақпарат үшін анықтама:
Адамның ғарышқа алғаш ұшқан күні 12 сәуір бұрынғы Кеңес Одағында 1962 жылдан бастап «Ғарышкерлер» күні ретінде аталып өтетін. БҰҰ Бас ассамблеясының 2011 жылғы 7 сәуірдегі қаулысына сәйкес 12 сәуір адамның ғарышқа ұшу күні Дүниежүзілік авиация және космонавтика күні ретінде ресми түрде бекітілді.
Бәрі осылай басталды
Аға лейтенант Юрий Гагарин Жерді 302 шақырым биіктікте «Восток-1» ғарыш кемесімен сағатына шамамен 28 мың шақырым жылдамдықпен айналып өтті. Ол алғаш рет Жерді көргенде: «Мен Жер үстіндегі кішкентай бұйра бұлттарды көріп тұрмын. Өте әдемі. Жердің көкжиегін де көріп тұрмын. Өте әдемі ореол. Жер және түпсіз тұңғиық… Бұл ғажап!» деп айтқан екен.
Алғашқы ғарышқа ұшу бүкіл әлемде үлкен қызығушылық тудырды, ал Юрий Гагариннің өзі әлемге әйгілі болды. Шетелдік үкіметтер мен қоғамдық ұйымдардың шақыруымен ол 30-ға жуық елге сапарлады. Сондай-ақ алғашқы ғарышкер Кеңес Одағының ішінде көптеген сапарларға шықты. Одан кейінгі жылдары Гагарин көптеген қоғамдық және саяси жұмыстар атқарды, профессор Н.Е.Жуковский атындағы Әскери-әуе күштері инженерлік академиясын бітірді, ғарышкерлерді даярлау орталығында жұмыс істеді және Айға ұшуға дайындалды.
Өкінішке қарай, 1968 жылы 27 наурызда Юрий Гагарин Владимир облысы, Киржачский ауданы, Новоселово ауылының маңында, тәжірибелі нұсқаушы В.С.Серегиннің басшылығымен Mиг-15УТИ ұшағында оқу-жаттығу рейсін орындай отырып, әуе апатында қайтыс болды. Әуе апатының себептері мен жағдайлары осы күнге дейін түсініксіз күйінде қалып отыр.
Адамға табын Жер енді
Адамның ғарышты игеруі адамзат тарихындағы айтулы оқиға болды. Барлық бұқаралық ақпарат құралдары жарыса хабарлады. Сол кезде аса танымал емес, небәрі 25 жастағы жас ақын Олжас Сүлейменов «Земля поклонись человеку» поэмасын жазды. 12 сәуір күні оның өлеңін Алматы аспанынан ұшақпен шашып таратты. Кейіннен осы поэмасы арқылы Олжас Сүлейменовтің Кеңес Одағындағы даңқты ақындық жолы басталды. Ақын ретінде Олжас Сүлейменов Юрий Гагаринмен бірнеше рет кездесті.
Адамзат ғарышқа алғаш рет Қазақ жерінен ұшты
«Байқоңыр» ғарыш айлағының іргесі 1955 жылы Қызылорда облысы Қармақшы ауданында қаланды. 1957 жылы 4 қазанда Байқоңыр ғарыш алаңынан тұңғыш ғарыш зымыраны сәтті ұшырылды. Қазақ жерінен дүние жүзіндегі ең бірінші Жердің жасанды серігі (ЖЖС) орбитаға шықты. Содан кейін арадан 6 жыл өтіп Гагарин «Восток» ғарыш кемесімен ғарышқа аттанды.
Қазақтан шыққан ғарышкерлер
Тоқтар Оңғарбайұлы Әубәкіров 1946 жыл 27 шілдеде Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданында дүниеге келген. Қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер, ұшқыш. Кеңес Одағының Батыры (1988), Қазақстан Республикасының Халық қаһарманы (1995).
1991 жылы 2 қазанда тұңғыш қазақ ғарышкері Т. Әубәкіров «Союз Т-13» ғарыш кемесімен Байқоңырдан ғарышқа көтерілді. Ол ХҒС-да 7 күн 22 сағат 13 минут болды.
Талғат Амангелдіұлы Мұсабаев – қазақтың 2-ші, ал әлемнің 309-шы ғарышкері, техника ғылымдарының докторы (2008), авиация генерал-лейтенанты (2007).
Ғарышқа үш мәрте ұшып, сол жақта 341 күн 9 сағат 48 минут 41 секунд болып қайтты. Талғат Мұсабаев Гиннесс рекордтар кітабына енген. 1994 жылы ғарышқа бірінші рет ұшқанда (Союз ТМ-19) 126 күнін ғарышта өткізген. Ал, 1998 жылы ғарышқа екінші рет ұшқанда (Союз ТМ-27) 208 күнін ғарышта өткізген. 2001 жылы ғарышқа үшінші рет ұшып (Союз ТМ-32) 8 күнін ғарышта өткізген.
Айдын Ақанұлы Айымбетов 1972 жылы Алматы облысы, Талдықорған қаласы, Өтенай ауылында дүниеге келген. Қазақтың үшінші, тәуелсіз Қазақстан Республикасының бірінші ғарышкері, Халық қаһарманы.
Ол 2015 жылы 2 қыркүйек күні «Байқоңыр» ғарыш айлағынан таңғы сағат 10-нан 37 минут кеткенде «Союз ТМА-18 М» кемесімен екінші борт инженері ретінде көкке самғады. Айдынмен бірге ресейлік Сергей Волков және тұңғыш даниялық астронавт Андреас Могенсен боды.
Айдын Айымбетов ХҒС-да 9 күн 20 сағат, 13 минут 51 секунд болып, Жерге «Союз ТМА-16М» кемесінде оралды.
Алғашқы ғарыш туристі Байқоңырдан ұшқан
Әлемдегі алғашқы ғарыш туристі қазақ жерінен ұшты. Ол американдық кәсіпкер Деннис Энтони Тито болатын. Бұл атаққа ие болу үшін мультимиллионердің аз қаржысы жұмсалған жоқ. Ол өзінің сапарына жиырма миллион доллар жұмсаған көрінеді. Тито Жер планетасын орбита бойымен 128 рет айналып өткен. Әрбір айналымның бағасы 150 мың долларды құраған. Кәсіпкер жұмсалған ақша үшін бір сәт те өкінбегендігін айтады.
Тито өмір бойы ғарыш саласына қызығушылық танытып келген. Ғарышқа ұшу оның арманы болған. 2001 жылы сәуір айында алпыс жасқа шыққан шағында Қазақстан жеріндегі аты аңызға айналған Байқоңыр ғарыш айлағынан көкке ұшып, өз арманын ақиқатқа айналдыра білді.
Тақырыпты тұздықтау
Ғарышқа сапарды жануарлар бастады
Ғарышты игеру үшін зеңгір көкке әуелі жануарлар ұшырылғаны тарихтан мәлім. Бұл зертеу жұмыстары ең алғаш 1949 жылдан қолға алынған.
Ең алғаш ғарыштық зерттеулер 1949 жылы иттерге жүргізілген. Иттердің ғарышқа ұшуы үшін бойы 32 сантиметр, салмағы 6 келі болу керек болған. Бір қызығы, бұл зерттеулерге қолда өскен иттер емес, қаңғыбас иттер таңдалып алынған. Мамандардың пайымдауынша, олар ыстыққа да, суыққа да төзімді. Оларды ғарышқа ұшырмас бұрын алдын ала дайындық жұмыстары жүргізілген. Иттердің алғашқы ғарышты сапары сәтті болған.
Ең алғаш 1957 жылдың 3 қарашасында жер аумағындағы орбиталық ұшуға Лайка есімді ит ұшқан. Ол кезде ғарыштық құрылғылардың жерге қайтып келуі екіталай болғандықтан ит ғарышта тек 1 апта тіршілік етеді деген болжам жасалған. Алайда, ғарыш кемесінде салмақсыздық байқалып ит ыстықтан өлген.
1959 жылы ғарышқа Авель және Бейкер маймылдары ұшқан. Олар ғарыштағы саяхатты жақсы өткерген, алайда зерттеуге арналған тетіктерді шешу кезінде бірі өлген.
Маймылдардан басқа ғарышқа тасбақа, мысық және ит ұшырылған.
1960 жылы ғарышқа Белка, Стрелка иттері мен тышқан, егеуқұйрық, шыбын ұшырылған. Ғарыш кемесі жерге сәтті оралған. Осы ұшырылымнан кейін ғарышқа адам барады деген тұжырым жасалған.
Топтаманы әзірлеген Ізбасар Ойбас.