Қаныш – халық мақтанышы

Бүгін  12 сәуір – Қ.И.Сәтбаевтың туған күні

Тамылжыған көктемнің шуақты күндерінде халқымыздың асыл перзенті Қаныш Имантайұлы Сәтбаев дүние есігін ашты. Ол өте білімді орыс, араб, шағатай тілдерін білетін көшпенді Имантайдың отбасында дүниеге келді. Ғалымның шын есімі Ғабдулғани. Арабшадан аударғанда шексіз байлық иесі, ешкімге мұқтажсыз. Алланың құлы дегенді білдіреді екен.

Анасы еркелетіп «Ғанышым», «Ғаниым» дей келе ауылдастары Ғабдулғаниды Қаныш атап кетеді. Атына заты сай, нақ осы есім Қаныштың бір өзіне арналғандай еді. Ол қазақтың маңдайына біткен жарық жұлдызы, халқының мақтанышы, қазақтан шыққан тұңғыш геолог, тұңғыш ғылым докторы болды. ҚазақКСР Ғылым академиясын ұйымдастырушы және оның ең алғашқы президенті болды. Қанекеңнің ғылымға сіңірген еңбегі өлшеусіз, оның ғылыми қызметінің ауқымы мен елдің дамуына қосқан үлесі ұшан-теңіз.

Бір Жезқазған үшін қаншама тер төкті, оның мыс қорының молдығын дәлелдеу үшін 40 шақты ғылыми еңбек жазды. Ақын Ә.Тәжібаев «Ардақты аға өз өнерінің ұлы ақыны еді. Оның жазған ең зор эпопеясы «Алып Жезқазған», деген екен. Қ.Сәтбаев ашқан кен қойнауындағы байлықтарда осы күнгі өндірісті көркейтуге негіз болған химия элементтерінің барлығы бар деуге болады.

Қанекеңнің республикадағы тағы бір ауқымды ісі Ертіс – Қарағанды арнасы жобасы еді. Орталық Қазақстандағы су тапшылығы экономикалық дамуды баяулатты. Бұл мәселені шешу үшін Ертіс суының бір бөлігін осы аймаққа жеткізетін арна салу ұсынылды. Бұл жоба Одақтық деңгейде қолдау тауып жүзеге асты. Бүгінде Ертіс- Қарағанды арнасы ғалымның есімімен аталады.

Қазақстанның жер асты қазба байлығының картасы жасалған кезде Қ.Сәтбаев төрт-бес ірі кенішті картаға кіргізбейді. «Бұл қалай?», – деген орыс ғалымдарына: «Ондағы қазба өте тереңде, көп қаражат пен техниканы қажет етеді. Картаға кіргізуге әлі ерте», – дейді. Ал, сырлас достары М.Әуезов пен Ә.Марғұланға әдейі жасырып қалғанын, кейінгі ұрпаққа да байлық керек болар дегені екенін айтады. «Қазақстандағы ғылым дұрыс жолмен дамуы үшін оның штабында Ғылым академиясында, халқының өз Отанының мүдделеріне жан-тәнімен берілген адал адам қызмет етуі керек», деген екен Қ.Сәтбаев.

Қанекеңді ірі ғалым, мемлекет қайраткері деп қана тануымыз аздық етеді. Ол тума талант, сегіз қырлы, бір сырлы ғажап адам болған. Ол қазақ мектептеріне арнап алғашқы алгебра оқулығын жазған адам. Қаныштың даналығы сондай, ол физикпен де, медикпен де, тарихшымен де, филологпен де солардың тілінде сөйлесе білді. Солармен үндесе білді, не деген қарым-қабілет десеңізші!

Қаныш Имантайұлы домбыра мен гитарада тамаша ойнаған, әуелетіп ән де шырқаған. Белгілі музыкатанушы А.Затаевич Қаныштың орындауындағы 25 қазақ әнін жазып алған. Ә.Марғұланның айтуынша, Қаныш полька, мазурка, вальс билеріне қатты қызыққан.

Қ.Сәтбаев адамгершілігі мол, мейлінше кішіпейіл адам болған. 1947 жылы Англияға барған сапарында премьер-министр Черчилл зор денелі Қанышқа тесіле қарап: «Қазақтардың бәрі сіздей алып па?», деп сұрағанда: «О не дегеніңіз, олай емес, менің халқым менен де биік», – дейді. Черчиллден кейін премьер болған Антони Иден: «Кеңес Одағында Қ.Сәтбаев сынды әлемдік тұлғаның туғандығы ғажап құбылыс» — деген екен.

Осындай үлкен жүректі асыл адамның өмір жолында қиын-қыстау кездер аз болған жоқ. Қазақстанның кен байлығын игеру жолындағы ауыртпалықтар мен қиыншылықтары өз алдына, үзеңгілес достары мен әріптестері 1937 жылдың зобалаңына ілігіп тұтқындалып, атылып жатты. Ол аздай немере ағасы Әбікей мен туған ағасы Ғазиз Сәтбаевтар да жазықсыз жазаның құрбандары болды.

Соғыстан кейінгі жылдарда елде жаңа репрессия толқыны жүрді. Қанекеңнің басына тағы қара бұлт үйірілді. 1951 жылы «ұлтшыл» деген жаламен Қ.Сәтбаев Қазақ КСР Ғылым академиясы президенті қызметінен босатылды. Тағылған айып: «әлеуметтік тегін жасырды, Алашорда партиясының үгітшісі болды және «Ер Едіге» жырын редакциялады», деген жала еді. Алайда КСРО Ғылым Академиясының көмегімен 1955 жылы қызметіне қайта тағайындалды. Бұл соққылар Қанекеңнің денсаулығына әсерін тигізбей қалған жоқ.

Көзі тірісінде қаншама қудалау көрген Қанекеңе дүниеден өткен соң да тыныштық бермеді. Мұны Ә.Марғұланның тікелей тапсыруымен елу жылдан аса уақытын сарп етіп, Қ.Сәтбаевтың ғұмыры мен еңбектерін кітап етіп шығарған жазушы Медеу Сәрсекенің басынан кешкеноқиғаларынан білеміз. «Сәтбаев» атты кітабы Алматыдағы Орталық комитеттің хатшылары тарапынан қысымға түсіп, басылуға, таралуға тыйым салынады. Кітап жарыққа шықпай он төрт жыл бойы баспада жатады. Мұндай соққыны күтпеген жазушы басында есеңгіреп қалса да қиянатқа қарсы тұрып, соңына дейін күресуге бел байлайды. Халқымыздың данышпан перзенті, мақтаныш етер сүйікті ұлын төбеге көтерудің орнына атын да, затын да біржола өшіріп тастауға бағытталған қиянатшыл саясатқа өршелене қарсы тұрды. М.Сәрсеке өзінің бұл күресін әруақ алдындағы борышым деп санады. Алматыда кірмеген есігі, аттамаған табалдырығы қалмайды, ешкім көмек жасамайды.

Ақыры ұзақ ізденіс, сұраныстың арқасында тілеуқор жандар табылып кітабы орыс тіліне аударылып 1980жылы Мәскеуде басылып шығады. Міне, осындай арпалыс, азаппен жарияланғаннан кейін де кітаптың қазақша нұсқасы сегіз жыл бойы сартап болып баспада жатып, тек 1988 жылдың аяғында «Жалын» баспасынан жарық көреді. Асылымызды ардақтаған Медеу Сәрсеке ақсақалдың күрес жолы осындай болды.

Белгілі өлкетанушы, зерттеуші Е.Төлеутай Медеу ақсақал дүниеден өткенде «Алаш» арыстарының соңғы тұяғы дүниеден өтті деп аза тұтты. Алаш идеясына адал болған ол Ә.Марғұлан, Қ.Сәтбаев, М.Әуезов сынды алыптардың көзін көріп, кейбірімен жүзбе-жүз сұхбаттасты. Бір ғана Қаныштың ғұмырын зерттеймін деп неше түрлі тұлғалармен таныс болды.

«Жезқазған елінің Қаныш Имантайұлының есіміне ден қоя қарап, ерекше қадір-құрмет тұтатынына мен әр сапарда тәнті боп қайтатынмын. Бір жолы көргенім бұрынғы көріп — білгенімнен асып түсетін», деп еске алатын Медеу ақсақал. Айтары жоқ, жазушының Қ.Сәтбаев үшін атқарған еңбегі орасан зор. Болат пышақ қап түбінде жатушы ма еді, ақыры жарып шықты.

Сөз соңында Медеу ақсақалға рухың Қанышыңмен мәңгі бірге болсын демекпін.

Жәми Тұрсынбаев ,

«Қазақмыс» корпорациясы

Ардагерлер кеңесінің мүшесі .

16:21
162

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020