Бүгінде елу екінші көктемін қарсы алып отырған облыстық «Saryarqa» газеті екі ғасырдың куәгеріне айналды. Газет тігіндісін парақтап отырсаңыз, әр нөмірі ел өмірінен сыр шертеді. Тарихтың төріне кеткен небір тамаша оқиғаларды, аймағымыздың өсіп-өркендеу жолдарын, облыс тараған кездегі қиындықтарды, Қазақстан егемендік алғаннан кейінгі оң өзгерістерді, жаңа облыс болып құрылған қуанышты сәттерді қарымды қаламгерлер ой-толғанысымен, қаламының ұшымен тізбектеп, көзі қарақты оқырмандарына жеткізді, жеткізіп келеді. «Газет – халықтың тілі, көзі, hәм құлағы» деп қазақ зиялысы Ахмет Байтұрсынов айтқандай, ел мүддесін көздеп, ұлттық тәлім-тәрбиені негізге ала отырып, қаламынан тамсандырар туындылар тудырған журналистердің ұстаханасына айналған мерзімді басылымның өткенін еске алып көрелік.
«Сарыарқа» газеті 1973 жылдың 13 сәуірінде Жезқазған облыстық «Жезқазған туы» деген атпен шыққанын өсіп келе жатқан жас ұрпақ біле қоймас. Алғашқы редактор болып көш басын Сайлаубек Қожамсейітов бастапты. Одан кейін редактор Ұзақбай Төлеуов ағай болды. 1979 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін аяқтап, редакция есігін имене аттаған мені Ұзақбай аға жұмысқа қабылдады. Ағалық ақылын айтып, қамқорлық көрсеткен ағаның дана мінезі, жылы сөздері жігерлендірді, жаныма от берді, ұжыммен тез араласып кеттім. Кейін бас редактор қызметіне Сауытбаев Сабыр аға келді. Редактордың орынбасарлары Сапабек Мырзатов, Сайлаухан Нәкенов, Көбейсін Еңсебаев ағаларымыз бірде қатты айтып, бірде тәтті айтып, журналистік шеберлігімді шыңдауға көп ықпал еткенін айтып өтуді парызым санаймын.
Қызметке келген кезде бөлім меңгерушілері Аппаз Қаражігітов, Ескен Қасенов, Қасым Орынбетов, Балтабек Әбеуов, Мақұлбек Рысдәулетов, Итен Қарымсақов, Бағдат Мекеев, Шахмұрат Ибадатов, Сұлтан Әлиев, Мәлік Алтыруов, Рашад Иманов, Мұратхан Қаниев, фототілшілер Кәмелбек Бәкіров, Сейітжан Отызбаев, суретші Жұртшыбай Қожықов және Дәметкен Ахметова, Серікгүл Алтайбаева, Бақыт Балғарина есімді апаларымыз танымал журналистер еді. Олар мен сияқты жас мамандарға ерекше ықыласпен қамқорлық жасап отыратын. Журналист мамандығының қызығы мен қиындығы қатар жүреді ғой. Іс сапары да жетерлік. Елмен сөйлесесің, жеті қабат жер астына түсіп проходкашылармен, кеншілермен, мыс қорыту заводындағы металлургтермен, байыту фабрикасындағы флотаторлармен сөйлесіп репортаж, мақала жазасың. Осы орайда, ең алғашқы іс сапарым жайында айта кетейін. Жұмыс бабымен Ақадыр ауданына бару керек болды. Ұзақбай аға :«Сағынкүл жаңадан келген жас журналист. Көрмеген жердің ой-шұңқыры көп. Дәметкен, Ақадыр сенің ауылың ғой. Алғашқы іс сапарына сенімен шығады» деп кесіп айтып, Дәметкен Ахметоваға тапсырма берді. Сол кезде осындай адамгершілік, қамқорлық, жанашырлық сезімдерді жиі сезінетінбіз. Басшылар жас мамандарға үй алып беру, балаларын балабақшаға орналастыру, үйлеріне телефон желісін орнату сияқты мәселелерді де шешіп отыратын. Қазір ойлап отырсам, редакторларымыздың әрқайсысы бір-бір тәлім университеті, ал ұжым тәрбие мектебі екен ғой.
Батырбек Мырзабеков, Әнуар Омар, Базарбай Әлеухан, Ғалым Жайлыбай, Ғазиз Ештанаев, Аманғали Әбуов, Сара Смағұлова, Сәуле Нұрекенова, Разиға Әшеева, Төкен Әлжан, Амандық Рахұлы, Ибрагим Бекмаханов, Нұрперзент Домбай, Төлеш Асанов, Қуаныш Сихымбаев, Камаш Сейталина, Әлібек Әбдірашев, Абдолла Дастанов, Аманжол Үсенов есімді мықты журналистердің қаламынан туындаған очерктер, сын мақалалар, репортаждар оқырман көңілінен шығып жатты. Кейін Эльвира Алпанбаева, Гүлшат Хамитова, Дархан Мұқанов, Қанат Махамбет сияқты қаламы уытты, жас журналистер газет беделін көтере түсті. Газеттің бас штабы саналатын секретариат бөлімінде Мәулетхан Ақсанов, Бекежан Нұрғазин, Бибіаят Үсенова қызмет етті.
Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары журналистердің машинисткаларсыз күні жоқ еді. Машинистканың жанына отырып мақаласын бірден айтатындар да, асығыс жазылған шимай жазуларын қалдырып кететіндер де болды. Базар Жолдыбаева, Бақыт Еркебұланова, Кенжеш Тұңғышбаевалар, Гүлбаршын Ахтамберлина, Сарбиназ Сайдалина қолдары қолдарына жұқпай, қатесіз сартылдатып теретін. Журналистердің стиліне әбден үйренгендері соншалық, Сапабек Мырзатов ағайдың ұнатпайтын «тырмысып» деген сияқты сын садағына ұшырататын сөздерді кездестірсе басқа баламасын тауып теріп жіберетін. Мақала теріледі, редактор оқып қол қояды. Баспаханадан бетке басылып шыққан соң Зейнеп Бейсенова апай бастаған қырағы көз корректорлар қатені жөндейді. Жүрсінкүл Қожықова, Күлше Бұзауова, Зәуре Қорғанбекова, Қарлығаш Жетпісбаева, Қатира Бекенова, Айнагүл Нұрмағанбетова, Баян Қабылова, Әсем Оспанова, Баян Смағұлова, Сәлима Жұбанова, Бикен Есенбаева тағы басқа қыздар өз қызметтерін тиянақты орындайтын. ТААС пен ҚАЗТАГ-тан түсетін жаңа хабарларды Орал Қасенбекова мезгілінде қабылдайтын, Мәкен Үсенова келген хаттарды тіркесе, шаруашылық меңгерушісі Сәрсен Махамбетова редакция қызметкерлерін жұмысқа қажетті жабдықтармен қамтамасыз ететін.
1997 жылдың көктемінде Жезқазған облысы тарап, ел «енді күніміз не болар екен» деген пұшайман күй кешті. Мекемелер жабылды, жұмыс қысқарды. «Сарыарқада» қызмет еткен елуге жуық адам қысқарып, газет онға жетер- жетпес адаммен қалалық газет болып шыға бастады. Газет редакторлығына Әубәкір Ахметбеков бекітілді. Алайда, түсініксіз бұлыңғыр кезең Әбекеңді өмірден ерте оздырды.
Облыс тарағанша газет шығару үшін баспаханаға бес миллион теңге қарыз болған редакция қиындығы жаңа редактор Амандық Рахұлының «еншісіне» тиді. Осы газет ашылғанда облыс әкімдігінен ауысып, редактордың орынбасары қызметінде болатын. Сабырлы, байыпты, шыдамды мінезі, біліктілігі мол тәжірибиесімен ұштасып, редакция жұмысын оң жолға қойды. Кейін штатты да кеңейтті. Заман ағымына ілесіп, редакцияға қаражат табу мақсатымен коммерциялық мекемелерден жарнамалар тартты. Әужекең одан кейін «Орталық Қазақстанның» меншікті тілшісі, «Мысты өңірдің» редакторы болды.
Төлеш Асанов облыс тарағаннан кейін Қарағанды қаласындағы республикалық «Азия-Транзит» басылымында қызмет етіп, газет шығару процесінде көп тәжірибе жинақтайды. Сәтбаев қаласындағы «Шарайна» газетіне редактор қызметіне барғанда жаңа технологиямен газет шығру жұмысында жаңалықтар енгізді. 2002 жылдың мамыр айында аймақтық газетке айналған «Сарыарқаға» бас редактор болып келген Төлеш Асанов күндіз-түні жанын сала отырып, компьютер көрсе қолдары дірілдейтін қызметкерлерге «сиқырлы сандықтың» сырын меңгертіп, «Сарыарқа» тарихына ерекше жаңалық енгізді. Журналистердің, корректорлардың жұмыстары жеңілдеді. Газетке кезекші болғанда бет оқып, шығаруға рұқсат беріп, таң атқанда шаршап үйге қайтатын қиындықтар ұмытылды.
Одан кейінгі редакторлық эстафетаны Дархан Мұқанов, Нұрлан Исмаилов, Меруерт Наурызбаева жалғастырса, бүгінгі күні «Сарыарқаның» шекпенінен шыққан Жаннұр Тілемісова басқарады. Жарты ғасырдан астам тарихы бар Қарашаңырақтың туын көтеріп келе жатқан жастарға шығармашылық табыстар тілейміз!
Сағынкүл ЖАНТУРИНА,
Қазақстанның Құрметті журналисі.