2025 жыл Қазақстанда Жұмысшы жылы деп жариялануы – еңбек адамына деген құрмет пен қамқорлықтың жарқын көрінісі. Бұл бастама ел экономикасын дамытуда маңызды рөл атқаратын жұмысшылардың еңбегін бағалауға бағытталған. Жұмысшы – қоғамның тірегі. Күн сайын зауытта, құрылыста, егістікте, көлікте немесе қызмет көрсету саласында еңбек етіп жүрген азаматтар – еліміздің өркендеуіне үлес қосып жүрген нағыз батырлар. Сондықтан да 2025 жылдың Жұмысшы жылы деп аталуы – олардың қажырлы еңбегін мойындау мен алғыс білдірудің бір жолы. Бұл жылы үкімет пен қоғам жұмысшы мамандығының беделін арттыруға, жастарды техникалық және кәсіптік білім алуға ынталандыруға күш салмақ. Сонымен қатар, жұмысшылардың еңбек жағдайын жақсарту, қауіпсіздік талаптарын сақтау, жалақы мен әлеуметтік жағдайын көтеру – басты мақсаттардың бірі болмақ. Жұмысшы жылының арқасында еңбек адамының қоғамдағы рөлі артып, олардың мәртебесі жоғарылай түседі. Еңбекке деген құрмет ұрпақ тәрбиесінде де ерекше орын алады. Себебі адал еңбек – табысты болашақтың кепілі. Қорыта айтқанда, 2025 жылды Жұмысшы жылы деп жариялау – еңбек адамын қолдау мен қадірлеудің үлкен қадамы. Бұл жыл еліміздің дамуы мен бірлігіне серпін беретін маңызды кезең болмақ.
Асель Абдырайымова.