Бүкіл қазақстандық бірліктің бірегей моделін қалыптастырған Қазақстан халқы Ассамблеясы – Тәуелсіздік жылдар ішінде қазақ жерін жайлаған татулық пен ынтымақтастықтың киесіне айналды. Қазақстан халқы Ассамблеясын құру идеясын алғаш рет еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 1992 жылдың желтоқсанында өткен Қазақстан халқының бірінші форумында айтқаны әлі есімде.
Тарих қойнауында алтын әріптермен таңбаланған аталмыш форум жұмысында Мемлекет басшысы баяндама жасап, Қазақстан дамыған елдер қатарына қосылу үшін, ел тұрғындары бай, әл-ауқаты жоғары өмір сүру деңгейіне жету үшін халықтың ынтымағы, бірлігі мен татулығы мығым болуы керектігін атап өтті. Сөйтіп, 1995 жылғы наурыз айында Қазақстан Республикасының Президенті жанынан консультативті-кеңестік орган ретінде Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. Бірақ, бұл орган өз жұмысын1995 жылы бастады деу бұрыстау. Өйткені, қазіргі Ассамблея Тәуелсіздік алған тұста Президенттің бастамасымен құрыла бастаған ұлттық-мәдени орталықтардың заңды жалғастырушысы болды. Қорыта айтқанда, Қазақстан халқы Ассамблеясы барлық ұлт пен ұлыстың басын бір арнаға тоғыстырып, этносаралық және конфессияаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асырушы және елімізді мекен еткен барша халықтың өзара тең құқықты қатынасын қамтамасыз етуші ұйымға айналды.
Жоғарыда айтып өткенімдей Елбасының тапсырмасымен жер-жерде ұлттық-мәднеи орталықтар құрыла бастағанда Жезқазған облысында «Вайнах» шешен-ингуш орталығының негізі қаланды. Оның төрағасы қызметін он жыл атқардым. Алғашқы шақырылымынан Қазақстан халқы Ассамблеясына мүшелік етудемін. Облыс тараған жылы өзім жетекшілік ететін шешен-ингуш орталығын жауып, қалалық орталық ретінде қайта рәсімдеу керек болды. Орталық мүшелерімен ақылдасып, ойлана келе қалалық орталық ашпайтын болдық. Мұны шаруасы көп болғандықтан деп түсініп қалмаңыздар. Сол кезеңде Кеңес одағы құрамында болған кейбір елдерде қарулы қақтығыстар болып жатса, біздің Отанымыз гүлденіп, ондағы халық ымыра-бірлікте бақытты күй кешіп жатты. «Сен – шешенсің», «сен – ингушсың» деп бізді бөліп жарған жоқ. Құқығымызды шектемеді. Сондықтан да, Қарағанды облысында жұмыс жасап тұрған бір орталық жеткілікті деген тоқтамға келдік. Күні бүгінге дейін «Қап, ұлттық-мәдени бірлестігімізді Жезқазған аймағында құрып алу керек еді» деп өкінбеппіз де.
Жыл сайын Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында тұтастықтың теміқазығына айналған Ассамблея дәстүрлі сессиясын өткізеді. Маған сол сессияларға қатысу бақыты бұйырғанын айтпай, қалайша мақтанбайын?! Тіпті, Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХ сессиясында мінберге көтеріліп, Нұрсұлтан Әбішұлының алдында сөз сөйлегенім бар. Сөзіме әкем Супьянның және барша шешен-ингуш диаспорасының қазақ жеріне, еліне деген алғысы мен ризашылығы арқау еттім. Әкем «жерін ғана емес бір үзім нанын да бөліп, тілі мен ділі бөлек халықты аман алып қалған қазақ халқын алғыс айтудан шаршамаңдар» дегенді санамызға құйып, тәрбиеледі. Мен әкемнің сол алғысын үлкен мінберден бар даусыммен барша қазақ халқына жеткізгенім үшін қуаныштымын.
Ширек ғасырдан бері Қазақстан халқы Ассамблеясының атқарған қызметі мен жүріп өткен сара жолының арқасында әлемдік қауымдастық алдында беделді ұйымға айналып, қазақстандық этносаралық және конфессияаралық келісімнің үлгісін көрсетті.
Қазіргі таңда әлем елдерін дүрліктірген қауіпті індет Қазақстанның да төбесіне қара бұлт үйрілтіп тұр. Дегенмен, біздің, яғни Қазақстан халқының бұл өткінші қиындықтан да аман-есен шығатынына кәміл сенемін. Өйткені, талай нәубет пен зұлматты бірге қасқайып тұрып еңсерген бізде сүрінуге, жарқын болашақтан қол үзуге құқығымыз жоқ. Елбасы айтпақшы,«Бірлік болса, алынбайтын қамал жоқ». Бұл сынақты біз бірліктің арқасында жеңіп шығып, сол бір жайма шуақ күндерге ертең-ақ оралармыз. Тек сенім мен бірлікке берік болайық!
Зинаида ЧУМАКОВА,
Қазақстан Халқы Ассамблеясының мүшесі