2025 жылы адамзат тарихындағы ең қасіретті соғыстардың бірі – Ұлы Отан соғысының аяқталғанына тура 80 жыл толып отыр. Бұл – жеңіс пен ерлікке толы, сонымен қатар қайғы мен қасіретке толы жылдардың естелігі. Бұл күн – бейбітшіліктің қадірін ұғындыратын, тарихтан тағылым алатын ерекше күн.
1941 жылы басталған Ұлы Отан соғысы бүкіл кеңес халқы үшін үлкен сын болды. Қазақстандықтар да бұл соғысқа белсене қатысып, мыңдаған азаматтар майданға аттанды. Қан майданда ерлік көрсеткен батырларымыздың есімдері ел есінде мәңгі сақталады. Бауыржан Момышұлы, Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова сынды батырларымыздың ерлігі – келешек ұрпаққа үлгі. Қазақстан тек адам күшімен ғана емес, материалдық жағынан да майданды қолдады. Арттағы тылда еңбек еткен аналар мен балалардың төккен тері мен жанкештілігі де Жеңіске үлкен үлес қосты. Бұл – бүкіл ұлттың ынтымақ пен бірлігінің айқын көрінісі. 80 жыл өтсе де, соғыс салған жаралар мен тарих сабақтары әлі күнге дейін ұмытылған жоқ. Бұл – ұрпақтарға бейбітшіліктің құнын түсіндіретін, Отанға деген сүйіспеншілікті арттыратын маңызды естелік. Ұлы Жеңістің 80 жылдығы – батыр бабаларымыздың рухына тағзым ететін, сол соғыс құрбандарын еске алатын маңызды жыл. Біз соғыс ардагерлерін құрметтеп, олардың ерлігіне бас иіп, бейбіт өмірді бағалауымыз керек. «Ешкім де, ешнәрсе де ұмытылмайды» деген ұран – бүгінгі және болашақ ұрпақтың парызы.
Гүлнұр Берікова.