​Ұлытау облысында Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай 200-ден аса іс-шара өтуде

2025 жылы еліміз Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығын атап өтуде. Бұл — тарихымызға тағзым, ерлік пен елдікке құрмет білдіретін маңызды кезең. Аталған мерейтой аясында Ұлытау облысында облыс әкімі Дастан Адайұлы Рыспеков бекіткен кешенді жоспар әзірленіп, жүзеге асырылуда.

Мерейтойлық іс-шаралар «Ұлы Жеңіс: Ерлікке — тағзым, ұрпаққа -  үлгі» атауымен іске асуда. Жоспар 48 тармақтан тұрып, 200-ден астам ұйымдастырушылық, патриоттық, мәдени, әлеуметтік және ақпараттық бағыттағы іс-шараларды қамтиды.

Басты бағыттар: ұйымдастыру-дайындық жұмыстары, 7–9 мамыр аралығындағы мерекелік іс-шаралар, әскери-патриоттық акциялар, мәдени және спорттық бағдарламалар, ғылыми-танымдық жобалар мен ақпараттық-имидждік жұмыс.

Бүгінде облыс бойынша 394 тыл еңбеккері бар. Олардың арасында Жезқазғанда – 178, Сәтбаевта – 145, Қаражалда – 16, Жаңаарқада – 33, Ұлытауда – 22 адам тұрады. Ардагерлер мен тыл еңбеккерлерін қолдау – басты назарда. Біржолғы әлеуметтік көмек ретінде тыл еңбеккерлеріне – 100 000 теңге (394 адам), жасы кәмелетке толмаған бұрынғы тұтқындарға – 100 000 теңге (3 адам), соғыста қаза тапқан жауынгерлердің жесірлеріне – 50 000 теңге (22 адам) беріледі.

Жыл бойы ардагерлерге медициналық тексерулер, үй жағдайында емдеу, дәрі-дәрмекпен қамту жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, азық-түлік себеттері үлестіріліп, патронаттық жұмыстар қолға алынған.

Мерейтой аясында «Ардағым – ардагерім», «Менің атам – жауынгер» сынды челлендждер ұйымдастырылып, 1000-нан астам жас атсалысуда. Алғаш рет «Жас сарбаз» әскери-патриоттық жарысы өтуде. Оған облыстағы мектептер мен колледждер белсене қатысуда. Сонымен қатар, 800 жас сарбазды әскерге шығарып салу рәсімі де Жеңіс мерейтойына арналмақ.

Облыстың барлық мәдениет мекемелерінде ардагерлерге тағзым ету, жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беру мақсатында жүздеген іс-шара ұйымдастырылды. Атап айтқанда, «Мәңгілік ұлықталар Ұлы Жеңіс!» атты фотоқұжат көрмесі, «Ғибратты ғұмыр» еске алу кеші, «Ерлікке өрілген өмір» тағзым кештері, «Ер есімі – ел есінде» музейлік акциясы және оқушылар арасында драма фестивалі өтті.

Жезді музейінде «Ұлы Жеңіске – 80 жыл» тақырыбында көрмелер, «Менің атам – майдангер» атты онлайн бейнежобалар, «Біздің батыр жерлестер» көрмесі және облыстық әмбебап кітапханада тағзым кештері ұйымдастырылды.

«Жас сарбаз» жарысынан бөлек, «БиАрт» ұлттық би фестивалі, әжелер ансамблінің байқауы, патриоттық әндер байқауы, «Жаралы гүлдер» спектаклі, мүшәйралар мен театрландырылған қойылымдар көрермен назарына ұсынылды. Жастар арасында патриоттық бағыттағы флешмобтар мен челлендждер де әлеуметтік желілерде кеңінен таралуда.

6–9 мамыр аралығында облыста негізгі мерекелік шаралар өтеді. 9 мамырда облыс орталығында «Мәңгілік алау» жанында жылжымалы көрме, «Жеңіс жалауын желбіретіп…» театрландырылған қойылым, «Журавли» әніне хореографиялық композиция, гүл шоқтарын қою рәсімі, далалық асхана, мерекелік концерт және отшашу ұйымдастырылады. Барлық ардагерлерге «Ұлы Жеңістің 80 жылдығы» мерейтойлық медальдары табысталады. Сонымен қатар, 7 мамырда өтетін республикалық парадқа Ұлытау облысынан тыл еңбеккерлері, Ауған соғысы және Чернобыль апатына қатысушылардан құралған делегация аттанады.

Жеңіс ескерткіштері мен мемориалдарға жөндеу және абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. «Таңбалы тас» саябағындағы монумент, Жезді, Қарсақпай, Сарысу елді мекендері мен Жезқазған және Сәтбаев қалаларындағы ескерткіштер жаңартылуда.

Облыс аумағында 50-ден астам баннер орнатылып, 30-ға жуығы ілінді. Жергілікті арналарда 50-ден астам бейнеролик пен арнайы хабарлар көрсетілді. «Ұлытау ТВ» мен «Ақшам ТВ» арналары 20-дан астам арнайы бағдарлама әзірледі.

18:32
148

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020