Құшағы кең, көңілі дархан қазақ елі күштеп көшірілген, тың игеруге келген жүздеген ұлттың мыңдаған өкілін бауырына басып, құтты мекеніне айнала білді. Тағдыр тәлкегіне түсіп, қазақ жерінен пана тапқан жүз түрлі ұлт жүз уықтай Тәуелсіздігін алған жас мемлекеттің шаңырағын шайқалтпай, қабырғасын қатайтуға үлес қосып, ұйтқы болғаны да сондықтан. 1995 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні болып бекіді . Ширек ғасырдың ішінде ұлттық сипатқа ие болған мереке қарсаңында «Дуслык» татар-башқұрт бастамашыл тобының мүшесі Нүрия Нигматулинаның әңгімеге тарттық.
– Халық саны 92 мыңға жуықтаған Жезқазғанда мыңға таман татар мекен етеді екен. Солардың басын біріктірген «Дуслык» бастамашыл тобының өткені мен бүгіні жайында әңгімелеп берсеңіз.
– Негізінен ел дамуы жолындағы барлық ауқымды жобалар мен тың идеялар біздің Тұңғыш Президентімізге тиесілі. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Нұрсұлтан Әбішұлының ұсынысыменеспубликаның түпкір-түпкірінде этно-мәдени бірлестіктер құрыла бастады. Сол тұста Гүлсина Гараева жезқазғандық татар-башқұрттарды арнаға тоғыстыру мақсатында «Дуслык» бірлестігін құрды. Бүгінде бастамашыл топ ретінде қызмет етіп тұрған «Дуслык»-қа Римма Исымова жетекшілік етеді.
Орталық жұмысының алға басуына барлық жағдай жасалған. Қалалық әкімдіктің қолдауымен Халықтар достығы мен мәдениеті үйінен үлкен әрі жарық кабинет берілді. Мұнда мүмкіндігінше апта сайын жиналуды дәстүрге айналдырдық. Қазіргі таңда көбінесе біздің топқа егде жастағылар мүшелік етеді. Өйткені, жастар жағының күйбең тірлікпен бос уақыттары жоқ. Онысы дұрыс та. Олар күн сайын емес минут сайын өзгерген мына заманның ағысынан қалып қоймауы тиіс.
Қатарымыз сиреп жатса-дағы біздер қаланың қоғамдық-мәдени өміріне араласып, белсенділік танытуды өзімізге парыз санаймыз. Сондықтан, еліміздің атаулы күндері мен мерекелерін асыға күтеміз. Шуласып, қандай өнер көрсететінімізді ақылдасамыз. Қалың көпшіліктің назарына ұсынатын қолөнер көрмесіне де тыңғылықты дайындаламыз. Сонымен бірге, «Возрождение» неміс ұлттық мәдени орталығы мен «Диндаллэ» ансамблі, «Қазақстандағы орыс қауымдастығы», «Ватан» түркмен ұлттық қоғамдық бірлестіктерімен бірге ортақ үйіміздегі татулық пен келісімді одан әрі нығайту бағытындағы байланысымыз үзілген емес.
Сөз арасында жасы сексеннен асып, тоқсанға жуықтаған топ мүшесі Гүлсім апа жайында айтпай кетсем маған сын. Ол әрбір мерекеде өнер көрсетуге дайын. Маған хабарласып: «Сен ән айтсаң, мен би билеймін»,- деп құлшынады да тұрады. Осылайша, ел арасында екеуімізді «анасы мен қызы» деп те атап кетті (күледі).
–Нүрия Шайхулаевна, Сіздің аталарыңыз қазақ жеріне қашан және қалай келгені жөнінде білетін боларсыз. Газет оқырманы мен өзіңіздің сүйікті тыңдарманыңызға бұл қызық.
–Менің анам Магинас – Қазанның тумасы. Ашаршылық нәубеті біздің де халықты айналып өтпеді. Әкесі мен шешесінен ерте қалған анам үлкен ағасы Хакимолланың қызына бас-көз болды. Нағашым Хакимолла әйелі өлген соң, 50 жылдары Қарағандыға тың игеруге келеді. Жұмыс жасап жағдайы оңалған соң анама қызын әкелуді өтінеді. Қазақ жеріне келген анамның да бағы ашылып, өмірлік жары Шайхуланы кезіктірді. Әкем құрылысшы мамандығын алғаннан кейін Челябинскіден Қарағандыға жолдамамен келіп, жұмысқа араласқан ед. Көп ұзамай әкемнің де отбасы Петропавлға қоныс аударды. Қазақстан олардың қай-қайсының болсын екінші Отанына айналды. «Қай жерде жан рахатын тапсаң, сол жер сенің үйің» демей ме?! Тамырын тереңге жайған біздің әулет қазақ жерінде көктеді, көбейді. Сондықтан, біз үшін Қазақстан – жердегі жұмақ.
–Сіздің Шәмшінің әндерін тамылжыта орындайтыныңызды білеміз. Қазақшаны қайдан үйрендіңіз?
–Мен Қарағанды қаласында туып-өстім. Көп қабатты тұрғын үйде тұрдық. Онда қазақ та, орыс пен кәріс те көршіміз болды. Өте тату тұрдық. Магинас деген есімді айтуға қиынсынған көрші-қолаң анамды Мәрия дейтін. Олардың бәріне тәтті бәліштерді пісірудің қыры мен сырына баулыған анам қазақтың да кәде-жоралғыларын, ұлттық тағамдарын үйреніп алды. Осылайша, біз де қазақ халқының тұрмысына үңіліп, тілін түсіне бастадық. Қазақ тілі біздің тілге ұқсас келгенмен, біразға дейін өз ойымда жеткізе алмай, сөйлеуге қысылатын едім. Алайда, хореограф мамандығы бойынша училише бітіріп, мәдениет бөлімінің жолдмасымен филармонияға жұмысқа тұрғанда қазақ тілінде сөйлегенім былай тұрсын, ән де шырқап кеттім. Қазақ тілінде таза сөйлеуіме әріптестерімнің көп көмегі тиді. Сонымен қатар, қазақтың иісі аңқыған ауылдың да маған бергені мол. Жақсыкелді Сейілов бастаған Береке Көшенов, Ғалым Мұхамедин әнші ағаларыммен айлап үй көрмей ауыл аймақты аралап, гастролдеткенде тілім әбден жаттықты. Олар мақалдап елді аузына қарата сөйлегенде орамды ойларын ойға тоқуға тырыстым. Жақсыкелді ағаның татар тілінде жақсы сөйсөйлейтіні есіме түсіп отырғаны. Береке ағам татар өлеңдерді нақышына келтіріп орындағанда, шіркін, құлақтың құрышын қандырады. Міне, кіл жақсылар мен жайаңдардың жанында жүріп қазақ тілді татар болдым. Қазақ тілі – менің ауызекі тілім. Жұмыста да, дүкенде де, тіпті Татарстанда да қазақша сөйлеймін. Ондағы бауырларым қазақша сөйлеші, Роза мен Бибігүлдің әндерін салшы деп қолқа салады.
–Тарихи Отаныңызға оралу ойы болды ма?
–Менің кіндік қаным тамған жер – Қазақстан. Сондықтан, Отанымнан алшақ кету менің ойымда мүлдем болмапты. Ара-тұра Қазан мен Уфадағы туыстарыма қонаққа бара қалсам, үйге қайтқым келеді де тұрады. Сарыарқаның сары даласын аңсаймын. Бір қызықты айтайын, бізді, яғии Қазақстандағы татар диаспорасын тарихи Отанымызда «қазақтың татары» деп атайды. Мен қазақтай текті халыққа қандайда байланысым бар екеніне қуанамын, мақтанамын. Менің ұлтым татар болғанымен, жүрегім «қазақ» деп соғады.
–Д остық деген ұлы сөздің құдіретін қалай түсінесіз?
– Сөзімді әріден, тарих қойнауынан сабақтайын. Нақты деректерге көз жүгіртсек, татар халқының алғашқы өкілдері Қазақстанға XVІІІ ғасырда қоныс аудара бастаған. Осы кезден бастап қазақтармен достық қарым-қатынасы жарасып, бас идірген бауырластықтың арқасында құда-құдандалы болысқан, іргесі ажырамайтын туыс атанған. Демек, тілінің ұқсастығы, дінінің ортақтығы өз алдына, бір-біріне деген ағайындықтың тамыр жаюы тереңнен басталады. Қазақ пен татар халықтарының рухани, мәдени құндылықтары мен салт-дәстүрлерінің өзара сабақтасып, қойындасып жатқанын да анық аңғаруға болады.
Қазақта «Екі құзғын таласса, бір қарғаға жем болар» деген сөз бар. Мұның астарына үңілсек, алауыздықтың түбі жақсылыққа апармайтынын меңзеп тұр. Сондықтан, біз, Қазақстан халқы, талай қиындықты бірге еңсерген, бір нанды бөлісе жеген аталарамыздың аманаттаған ауызбіршілігін бүгінгідей қой үстіне бозторғай ұялаған мына заманда жоғалтып алмай, көзіміздің қарашығындай сақтауымыз керек. Ынтымақтан ажырамағанда ғана ортақ үйіміз Қазақстан Республикасының дәулеті мен сәулеті артып, әлем елдері алдындағы абыройы мен беделі асқақтай бермек.
–Бірлік пен ынтымаққа, берекеге бастайтын Қазақстан халқының бірлігі күнінде жерлестеріңізге қандай тілек-лебіздеріңіз бар?
–1 мамыр – Қазақстанда тұрып жатқан барша ұлттар мен ұлыстардың татулығы мен жасампаздығын төрткүл дүниеге паш ететін ұлық мереке. Тілі мен ділі, түрі басқа болса да тілегі бір түрлі этностарды қазақ жеріне деген сүйіспеншілік біріктіріп отыр. Осы ретте, менде біздегі саяси тұрақтылық пен ұлтаралық, конфессияаралық келісімге сызат түспесін деген жалғыз дұға-тілек бар. Әрқашан елімізде бейбітшілік, достық пен халықтар арасындағы түсіністік салтанат құра берсін. Мереке құтты болсын, ағайын!
–Уақыт тауып, сұхбат бергеніңізге рахмет!
Диана ОРАЗАЛИНА