2025 жыл еліміз үшін ерекше маңызға ие болды. Президент бұл жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялады. Бұл бастама еңбек адамдарының қоғамдағы орнын көтеруге, олардың қадір-қасиетін арттыруға бағытталған маңызды қадам болып отыр.
Қазіргі таңда ел экономикасының дамуына үлес қосып отырған құрылысшы, дәнекерлеуші, механик, электрик, тракторшы сияқты жұмысшы мамандықтар – қоғамның негізі. Дәл осы мамандық иелері күн сайын тынымсыз еңбек етіп, өндіріс пен ауыл шаруашылығын, құрылыс пен энергетика салаларын алға сүйреп келеді. Алайда, ұзақ жылдар бойы бұл мамандықтардың беделі төмендеп, жастар арасында сұранысы азайып келгені жасырын емес. Президенттің бұл шешімі – жұмысшы еңбегінің қадірін арттыру, жастарды техникалық және кәсіби білім алуға ынталандыру мақсатында жасалып отыр. Бұл – тек атаулы жыл емес, елдің болашағына салынған инвестиция. Себебі, кәсіби шеберлік пен біліктілік – табысты мемлекеттің негізі. Жұмысшы мамандықтарды дәріптеу арқылы біз еңбекке деген құрметті қайта жандандырып, өндірістік күштерді нығайта аламыз. Әсіресе ауыл-аймақтарда техникалық мамандықтарға сұраныс артып келеді. Бұл – жергілікті халықты жұмыспен қамтып, өңірлік дамуға жол ашады. Сондықтан 2025 жыл тек жұмысшы мамандықтардың ғана емес, еңбек адамының жеңісімен есте қалмақ. Бұл – еңбекқорлық пен табандылықтың, нағыз кәсіптің жылы.
Асель Абдырайымова.