Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «Қазақстан Республикасының ардагерлер туралы» Заңына қол қойды деген хабарды естіп, ел ардагерлері, Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектері, еңбек ардагерлері, әр жылдары басқа елдер аумағындағы қарулы қақтығыстарға қатысқан, Чернобыль апатының салдарын жойған азаматтар ерекше қуанып жатқаны жасырын емес. Өзім жетекшілік ететін Жезқазған қаласы ардагерлер кеңесінің мүшелері бұл заңды қуана құптап отыр. Оған бірнеше себеп бар.
Біріншіден, бұл заң еліміз үшін маңызды дата Жеңіс күні қарсаңында қабылданып отыр.
Екіншіден, заң ардагер мәртебесін иеленетіндердің қатарын айтарлықтай кеңейтіп отыр. Сонымен қатар, заңда бұл мәртебе иеленетіндер нақты сипатталып, әр категорияға жеке-жеке анықтама берілген.
Мәселен осы заңда Чернбыль апатын жоюға қатысқандар, басқа да қауіпті апаттардың салдарын жойғандар мен сол жерде мүгедек болғандар Ұлы Отан соғысы қатысушылары мен мүгедектеріне теңестірілді. Сондай-ақ, Ауған соғысында, Одақты қорғау кезінде контузия, жарақат алып, мүгедек болғандар да Ұлы Отан соғысы мүгедектерімен теңестірілді.
Тағы бір ерекше айта кететін тұсы, Тәуелсіз Қазақстанның бітімгерлері, әр жылдары қақтығыс аймақтарында бітімгерлік миссия атқарғандардың, олардың ішінде, ТМД-ның сыртқы шекараларын қорғау бойынша тәжік-ауған шекарасында борышын өткергендер де бар, мәртебесі Заңның 5-бабында айқындалған. Бұл категорияға жататын азаматтардың қатары елімізде айтарлықтай екенін ескерсек, бұл заң дер кезінде қабылданған әділ шешім деп айтуға толық негіз бар.
Үшіншіден, жаңа заң ардагерлерге мемлекет тарапынан көрсетілетін әлеуметтік кепілдемелерді де айқындап берді. Олардың қатарында түрлі әлеуметтік жәрдемақылардан бөлек, салық салу, медициналық қызмет көрсету, жоғары білім алу, тұрғын үйге қатысты көптеген жеңілдіктер қарастырылған. Ол жеңілідктер ардагерлердің отбасы мүшелеріне де таралады. Бұл Қазақстан Республикасы өзін әлеуметтік мемлекет ертінде қалыптастырып жатқанының айқын айғағы деп білемін.
Айып БАЙҚАСЫНОВ,
Жезқазған қаласы ардагерлер кеңесінің төрағасы.