ҚАРСАҚБАЙЛЫҚ ҚАҺАРМАН ҚАЗАҚ ЖҰМАШ РАХМЕТОВ ТУРАЛЫ ТАҒЫ ДА БІРЕР СӨЗ

Сөз неге бұлайша басталып отыр? Өйткені, Ж. Рахметов туралы бұл менің алғаш қалам тартуым емес. 2011 жылғы 7 мамырда «Егемен Қазақстан» газетінде «Тағы бір батыр қазақ табылды» деген шағын мақала жарияланды. Осы мақаланың ізін ала сол жылғы 13 мамырда Жезқазған аймақтық «Мысты өңір» газетіне «Қарсақбайлық батыр қазақ Жұмаш Рахметовті білетіндер бар ма екен?» деген шағын мақала басып, батырдың туған-тусқандары табылып қалар деген үмітімізді жариялаған едік. Бірақ, редакцияға да, мақала авторына да хабарласа қойған ешкім болмады. Содан соң, 2015 жылғы 20 наурызда тағы да сол «Мысты өңірде» «Қарсақбайлық қаһарман қазақ Жұмаш Рахметовтің есімі қашан жан-жақты дәріптелетін болады?» деген мақала жариялан едік. Міне, содан бері де біршама уақыт өтті. Бірақ, «Жұмаш Рахметовті білетін едік» деген әлі ешкім шыға қойған жоқ. Әрине, өкінішті. Бірақ, ең басты өкініш бұл да емес. Қазақ «Ер – елдікі» дейді. Оның кіндік қаны Қарсақбайда тамғанмен, атағы алаш баласына ортақ. Әрине, негізгі іздеу туған топырақтан болғаны дұрыс. Өкінішке қарай, не туған жерден, не елден батырын індете іздеу қолға алынбай жатыр. Әрине, бұрынғы сөзімізді оқығаны бар, оқымағаны бар, оқырманның көңілінде «Жұмаш Рахметов кім? Қандай ерлік жасаған?», т.т. сұрақтардың тұрғаны сөзсіз.

Ресейлік жауынгер-жазушы Фабиан Гарин өткен ғасырдың 60-жылдары Бірінші және 29-танк Армиясына қатысты деректер жинайды. Сөйтіп, 1963 жылы «Цветы на танках» деген кітап шығарады. Осы кі тапта « Павел Андреевич долго рассказывал про своих друзей.
— А какой золотой человек был цыган Рахметов
, - говорил он уже через силу. — Форменный ужас наводил на фашистов. В одном бою ему оторвало ногу. Башнер увез его в госпиталь. «Откуда ты родом?» — спросил он у него. — «Из детдома». — «А кто твои родные?» — «Партия», — еле ответил Рахметов и закрыл глаза навсегда » деген жолдар бар.

Мұндағы Павел Андреевич кім? Ол – танк ротасының командирі болған П.А. Засколько. Әрине, «Советская Россия» баспасынан жарық көрген Ф.Гариннің бұл кітабындағы «Цыган Рахметов» кім екенін анықтауға ешкім кезінде ұмтыла қоймаған тәрізді. Егер қызығушылық танытқанда халқымыз өзінің хас батыр перзентімен ертерек табысар ма еді? Өйткені, П.А.Заскольконың айтқан «Цыган Рахметов» деген батыры қазақ перзенті Жұмаш Рахметов екені бүгінде еш күмән тудырмайды. Олай дейтініміз, П.А.Засколько өзінің естеліктерінің бірінде Жұмаш Рахметов туралы «Ночь с 23 на 24 декабря далекого 1942 года мы встретили в лесу вблизи деревни Жерносеково. Сидели в землянке без наката, а вернее просто в яме, посредине которой отчаянно дымила бочка из-под газойля. Трескучий мороз, звездное небо да покрытые снегом ветви развесистой сосны. Лейтенант Рахметов, черноглазый, круглолицый парень, долго смотрел в ночное небо и, наконец, задумчиво произнес: «Вот такие же звезды, яркие и крупные, и у нас над Казахстаном, только Медведица здесь несколько на запад передвинулась». В этот момент раздался голос посыльного: «Командиры машин – к комбату!». Командиром батальона была поставлена задача обходным маневром, зайдя немцам в тыл, внезапно атаковать Кореневку и разорвать кольцо окружения. Для выполнения боевой задачи были определены четыре танковых экипажа. Возглавить группу приказали гвардии лейтенанту Рахметову » деп жазғанына қарағанда ардагердің майдандас жолдасын аса бір сағынышпен еске алып отырғаны байқалады.

«Всегда Рахметов был смелым, веселым, волевым, спокойным. В бою был бесстрашен, никогда не терялся и метко стрелял. Я на него полагался как на себя, а таких людей не забыть ». Тағы бір ардагер танкист Николай Тепов өз естелігінде Жұмаш Рахметовті осылайша бағалапты.

1963 жылы жарық көріп, 1973 жылы қайта басылған Ф.Гариннің кітабында П. Засколько Ж.Рахметовті неге «цыган» деп атаған? Өйткені, оны майдандас жолдастары өзара «цыган» деп атап кеткен екен. Өкінішке орай, жауынгер-жазушы да бұған мән бере қоймаған. Қалай естісе солай жаза салған және сәл көркемдеп те жіберген секілді. Өйткені, оның жазуынша, Ж.Рахметов бір аяғынан айрылып госпитальға жіберіледі де, сонда қаза болады. Ал, П.Заскольконың естелігінде жерлесіміз оқ тиген соң, сол жерде көз жұмады. Меніңше, бізге оның нақ қандай жағдайда дүниеден өткені емес, қан майдандағы қаһармандығы, ерлігі маңызды.

Сонау 60-70 жылдары шыққан, аты-жөні толық көрсетіле қоймаған кітап түгілі Василий Александрович Давыдов, Василий Владимирович Ярошенко деген кісілер шығарған «КНИГА ПАМЯТИ первогвардейцев-танкистов 1941-1945 гг.» деген кітапта аты-жөні тайға таңба басқандай етіп жазылғанда да арамыздан Ж.Рахметовтің іздеушісі шыға қоймағанға ұқсайды. Егер бұл кітаптың 2007 жылы екінші рет қайта басылып шыққанын ескерсек, одан бұрынырақта да жарық көрген болып тұр ғой. Кітапта Ж.Рахметов туралы барлық дерлік мағлұмат бар. Бұл ретте аруағы риза болғыр, өзі де майданда танкист болған В.В. Ярошенко мұрағаттардан, т.б. тиісті мекемелерден керекті деректерді ыждаһаттылықпен жинастырғаны байқалады. Сол кісінің тапсыруымен берілген «Справкаға» бір көз жүгіртіп өтсеңіз, Жұмаш Рахметовтің кім болғанын да білесіз, ол туралы алдағы уақытта іздестіру жұмыстары жүргізу қолға алынатын болса, қайда хабарласуға болатыны жөнінде бағыт-бағдар да аласыз. Сондықтан «Справканы» толықтай бере кеткенді жөн санап отырмын. « РАХМЕТОВ Жумаш Раметович – гвардии старший лейтенант, командир взвода 2-й роты 1-го танкового батальона, 1919 года рождения, Карагандинская область, Карсахпаевский район, казах, окончил Сызранское танковое училище в 1941 году. Член ВКП(б) с 1942 года (партбилет № 4914116). В Отечественной войне с 25.10.1941 г. Командир танка КВ с 05.08.1942 г. – приказ по л/с 1-ой Гвардейской танковой бригады № 01, командир взвода – приказ № 145 по л/с бригады от 10.10.1942 г. Воинское звание – старший лейтенант присвоено 19.12.1942 г. приказ по 22-й Армии № 080-б. Смертельно ранен в бою 23.12.1942 г. за д. Вереиста Оленинского района Калининской области, похоронен – Вереиста, Оленинский район, перезахоронен в братской могиле д. Гусево Оленинского района. Из родственников: дядя – Исаилов Михатан, Карагандинская область, Есильский район, п/о Ишим, колхоз «Путь Коммунизма».
(из материалов Центрального архива МО ф.3060, оп.2, Д.13, д.85, 9, л.8).
Приказом 1-ой Гвардейской танковой бригады № 073 от 07.05.1943 г. РАХМЕТОВ Ж.Р. зачислен посмертно в списки личного состава 1-го танкового батальона (ЦА МО, ф.3060, оп.2, д.29, л.111) .

Дополнительные сведения: На боевом счету старшего лейтенанта РАХМЕТОВА Ж.Р. лично уничтожено 11 танков противника, много другой техники и живой силы. Награды: Орден «Отечественной войны» I степени и орден Красной Звезды (посмертно был представлен к присвоению звания Героя Советского Союза). Примечание: 1. В штатно-должностной книге офицерского состава бригады (архива) есть пометка: «извещение о гибели родственникам не послано». 2. На месте гибели имя Героя-танкиста не увековечено. Выяснить это следует также и на его родине. Материалы в Центральном архиве МО СССР исследовал и собрал Ярошенко В.В. 20.08.1983 г.Уточнено состоянием на 01.10.1985 г. подпись ».

Міне, Ж.Рахметов туралы анықтама осындай. Енді бұл анықтаманың жазылған уақытына қараңыз. Жаңа ғасырға әлі он бес жыл бар уақыт. Бірақ, өз елі сондай батырынан бар екендігінен бейхабар болған. Кеңес құлап, Тәуелсіз елге айналған соң да 2011 жылға шейін ештеңе естіп, білмегеніміз жөнінде сөздің басында айтып өттік қой. «Егемен Қазақстан» газетінің 2011 жылғы 7 мамырдағы «Тағы бір батыр қазақ табылды» деген шағын хабары жарқ ете қалмағанда, мүмкін осы күнге шейін де батырымыз туралы ештеңе білмеген қалпымызда жүре берер ме едік? Ал, «Егеменнен» бұрын Жұмаш батырды іздестіруді ресейлік азамат Дмитрий Жук бастаған. Ол кім еді? Тверь облысындағы «Орел» іздестірушілер отрядына жетекшілік еткен ол сол облыстың Оленинск аудандық «Книга памяти», яғни «Боздақтар» кітабының алғысөзіндегі«Геройской смертью в бою за деревню Вереиста погиб посланец казахстанского комсомола лейтенант Рахметов» дегенді оқыған соң, оның кім болғанын білмекке ұмтылады. Сөйтіп, іздестіру жұмыстарын бастайды. Ресейдің Орталық архивіне хат жолдайды. Тапқан деректерін қазақстандық іздестірушілермен бөліседі. Басқаша айтқанда, Жұмаш Рахметов туралы елімізге алғаш хабар жеткізген азамат Дмитрий Жук десек, еш артығы жоқ. Негізі орыстардың ілкімділігі кейде тәнті етеді. Біздің «Егеменде» 2011 жылғы мамырдың 7-сінде Ж.Рахметов туралы хабар берілген болса, сол күннің ертесіне Тверь облысы, Оленинск ауданының басшысы Олег Дуб өзінің әкімшілік сайтында «Старший лейтенант Рахметов» деген арнайы жазба жариялап, « Недавно поисковый отряд «Орел» установил обстоятельства гибели старшего лейтенанта-танкиста Жумаша Рахметова, который посмертно был удостоен звания Героя Советского Союза » деп хабарлайды. Сүйсінесіз бе, жоқ па?

Бізге батырымызды табыстырған Д.Жук тек Ж.Рахметов қана емес, соғыста қаза тапқан, хабарсыз кеткен көптеген қазақстандықтарды, солардың ішінде қазақ азаматтарының да деректерін тапқан, олардың туған елімен, ұрпақтарымен қайта табысуына дәнекер бола білген азамат екен. Осындай өлшеусіз еңбегі үшін ол Елбасы Н.Назарбаевтың 2010 жылғы 30 сәуірдегі Жарлығы бойынша II дәрежелі «Достық» орденімен марапатталыпты. Амал не, Д.Жук 2013 жылғы 28 желтоқсанда кенеттен қайтыс болған. Ол өзінің соңғы жазбаларының бірінде Ж.Рахметовтің есімі Оленинск ауданындағы Бауырластар зиратында жазылмағанына назар аударады. Сөйтсе, сол жердегі оқиғалардың көзі тірі ардагерлерінің айтуынша Ж.Рахметовтің сүйегі алғашқы жерленген жерінде қалған, яғни, қайта жерленбеген. Ардагерлер батырдың жатқан жерін шамамен тауып бере алатындықтарын да айтыпты. Демек, жоғарыдағы «Справкадағы» « перезахоронен в братской могиле д. Гусево Оленинского района » деген күмән тудырады. Шынында, Бауырластар зиратына қайта жерленген болса, оның есімі неғып жазылмай қалған? «Перезахоронен» деген жергілікті шенеуніктің жаппай қайта жерлеу жүргізілгендігіне сүйеніп, жоғарыға жөнелте салған анықтамасы болу керек.

Қалыптасқан тәртіп бойынша шайқас кезінде 5 танк жойған танкист «ас танкист» атанады екен. Ж.Рахметов 11 танкіні жойған. Оның есімі осындай «ас танкистердің» тізімінде «82» реттік санымен жазулы тұр.

1943 жылғы 13 қаңтарда Ж.Рахметов Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылады. Алғашқы ұсыныс хатқа қол қойған — подполковник Горелов. Бұл ұсынысқа 1943 жылғы 23 қаңтарда 3-механикаландырылған корпустың командирі, гвардия генерал-лейтенанты Катуков та қолдау білдіреді. Бұдан соң ұсынысты қолдап, Армия командирінің танк әскерлері бойынша орынбасары, полковник Массарыгин де 1943 жылғы 9 ақпанда өзінің келісімін беріп, қолын қойғаны құжатта анық көрініп тұр. Бірақ, өкінішке орай, 22-Армияның қолбасшысы, генерал-лейтенант Юшкевич пен Әскери Кеңестің мүшесі Катковтың тараптарынан бұл ұсыныс қолдау таба қоймаған сыңайлы. Өйткені, 1944 жылғы 8 ақпандағы 22-Армияның қолбасшысы, генерал-лейтенант Юшкевич пен Әскери Кеңестің мүшесі Катковтың және армия штабының бастығы, генерал-майор Дроновтың қолдары қойылған № 35 Бұйрық бойынша Ж.Рахметовке I дәрежелі «Отан соғысы» ордені берілген. Бұл орден оған Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылған ұсыныс-хаттың негізінде берілген секілді. Өйткені, Ж.Рахметовті аталмыш орденге ұсыну туралы жеке ұсыныс-хат жоқ. Ал, Ж. Рахметов 1942 жылғы 24 желтоқсанда ерлікпен қаза тапқан болатын.

Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылған хатта басқасын айтпағанда, оның 300 фашистің көзін жойғаны айрықша атап көрсетілген. Ол бұған дейін «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталған болатын.

Осы ретте, батырға «Батыр атағы неге берілмеді?» деген сұрақ туады. Әрине, оның нақты себебін ешкім де білмейді. Бұл тарихтың тылсым жұмбағына айналып мәңгілікке құпия күйінде қалды. Бірақ, біз «Жұмаш Рахметов қазақ болғасын берілмеген ғой» деген ойдан аулақ болуымыз керек. Неге? Өйткені, әлгі ас-танкистердің тізімінің ең ұшар басында бірінші болып Дмитрий Федорович Лавриненконың есімі жазулы тұр. Ол 52 танкіні жойып жіберген. Д.Ф.Лавриненко 1941 жылғы 5 желтоқсанда Батыр атағына ұсынылған. Ұсыныста оның жаудың әртүрлі деңгейдегі 37 танкісін жойып жібергені жазылған. Ұсынысқа Бірінші Гвардиялық танк бригадасының командирі, генерал-майор Катуков қол қойған. Бірақ, Д.Ф. Лавриненкоға Батыр атағы берілмеген. Өйткені, Марапаттама қағазына қарасаңыз, 16-Армияның қолбасшысы, генерал-лейтенант Рокоссовскийдің бұл ұсыныспен келіспей, «Достоин правительственной награды орден Ленина» деп қол қойғанын көресіз. Сөйтіп, 1941 жылғы 22 желтоқсанда оны Ленин орденімен марапаттау туралы Бұйрық шығады. Амал не, Дмитрий Федорович өзінің бұл марапатын кеудесіне тақпақ түгілі естіп те үлгермеген еді, өйткені, ол 18 желтоқсанда кезекті ұрыс кезінде қаза табады. Д.Ф. Лавриненкоға Кеңес Одағының Батыры атағы тек 1990 жылғы 5 мамырда, Ұлы Жеңістің 45 жылдығы қарсаңында ғана берілген. Жалпы Бірінші Гвардиялық танк бригадасынан Батыр атағына ұсынылғандардың бәріне дерлік бұл атақ берілмегені байқалады. Айталық, осы бригаданың танкистері Иван Петрович Кульдин, Пётр Семёнович Молчанов, Георгий Иванович Бессарабов, Константин Михайлович Самохин де Батыр атағына ұсынылғанмен, оларға да берілмеген. Кеңес Одағының Батыры атанған Алексей Михайлович Духов пен Александр Фёдорович Бурда да мәртебелі атақ алғаш ұсынылғанда берілмеген. Олардың екеуіне де екінші рет ұсынылғанда ғана берілген. Тіпті, Ленин орденіне ұсынылған Василий Яковлевич Стороженкоға көсемнің орденінің орнына «Қызыл Ту» ордені берілген. Соған қарағанда, әскери шенеуніктердің арасында да бір- бірін аяқтан шалу жағдаяттары орын алғанға ұқсайды. Мұны басқаша пайымдау мүмкін емес.

Хош, сонымен, ас -танкист, қаһарман қазақ Жұмаш Рахметовтің есімі де, ерлігі де белгілі болғалы он жылға жуықтады. Осы жылдар аралығында оның есімін дәріптейтін, ерлігін елге паш ететін қандай қарекет істедік. Ештеңе де. Тек қана тарихшы Берік Әбдіғалиұлының «Ұмытылған қаһармандар» кітабына есімі енгізіліп, ол туралы дерек берілді. Бар болғаны – осы. Осындайда, ара-тұра естіп қалатын «оңтүстіктегілер, батыстағылар есігінің алдындағы итіне шейін төбесіне көтереді» дейтін сөз еске түседі. Мұны өз басым әлдебір қызғанышпен емес, қызығумен айтылған сөз деп түсінемін. Дұрыс қой, қазақта «Өзіңді өзің зор тұтпасаң...» дейтін де сөз бар. Жоғымыз болса іздейік, түгендейік, барымыз болса әспеттейік, аспандатайық. Кім қой деп жатыр?

2015 жылғы 20 наурыздағы мақаламызда Ж.Рахметов сынды батырдың іздеусіз жатқандығына қынжылғандықтан, « Бізді әсіресе, ресми орындардың, қоғамдық ұйымдардың тарапынан да ешқандай қозғалыстың болмауы таңдандырады» деп жазған екенбіз, сол сөзді тағы да қайталауға мәжбүрміз. Шынында, «осындай батыр жерлесіміз бар екен, оның жатқан жерін орыс ағайындар анықтау үшін іздестіру жұмыстарын жүргізіп жатқан көрінеді, солармен хабарласайық, «Боздақтар» кітабына есімін енгізген Тверь облысындағы Оленинск ауданында оның есімін мәңгі есте қалдыру бағытында қандай шаралар атқарса болады? Сызрань танк училищесінде оқыған көрінеді, оның архивінде қандай құжаттар болуы мүмкін? « және т.т. осындай түйіндерді тарқатуды қолға алса болады ғой. Елдікті танытатын ерлікті дәріптеуге неге ықылас жоқ?

2015 жылғы 20 наурыздағы мақаламызды «Нұр Отан» партиясы Төрағасының сол кездегі бірінші орынбасары Б.Байбек мырзаға жолдап, «Қымбатты Бауыржан ҚЫДЫРҒАЛИҰЛЫ! Сізден жерлесіміз Жұмаш Рахметовтің туған-туысқандарын іздестіруге, Ж.Рахметовті еліміздің жоғары марапаттамаларына, айталық, Қазақстанның Халық Қаһарманы атағына ұсынуға «НҰР ОТАН» партиясы атынан ықпал жасауыңызды өтінемін. Меніңше, еліміз өзінің ерін тануға тиісті » деген өтініш-тілегімізді жеткізген екенбіз. Мұны еске алып отырғанымыз, жуырда ҚР Парламенті Мәжілісінің 29 депутаты ел Премьер -Министрінің орынбасары Е.Л.Тоғжановқа соғыс кезінде Батыр атағына ұсынылып, бірақ, сол атақты алмаған батырлардың ерлігін дәріптеп, есімдерін құрметтеу керектігін айтып, хат жолдады. Осы хатта Ж. Рахметовтің есімі де аталады. Сол хаттан сәл үзінді келтіре кетейін. «Отличились и танкисты. Особенно проявил себя Рахметов Жумаш- гвардии старший лейтенант, на боевом счету которого 4 уничтоженных немецких танка 15 орудий разных калибров, 36 дзот, 19 пулеметов и около 300 немецких солдат и офицеров », — дейді депутаттар. Хат соңында депутаттар « — разработать комплексный план мероприятий по увековечению памяти названных героев; издать книги, снять документальные фильмы о них; установить мемориальные памятники, плиты в селах, на родных местах героев; возобновить поисковые экспедиции » деген ұсыныстар айтады. Меніңше, депутаттар өте дұрыс мәселе қозғап отыр. Бұған енді жергілікті жерлерден де қолдау керек және нақты іс-шаралар жоспарлау қажет. Сөз арасында Жезқазған-Ұлытау аймағынан Батыр атағына ұсынылып, кезінде берілмей қалған тек Жұмаш Рахметов қана емес, басқа дабірнеше адам бар екендігін де айта кеткеніміз жөн.

Сонымен, Тәуелсіздіктің арқасында Жұмаш Рахметовтің есімі де, ерлігі де елге жетті. Ендігі мәселе, оны сол ерлігіне сай ел болып дәріптеу және оның тұлғасын бүгінгі һәм ертеңге ұрпаққа үлгі ету. Ерлігі – аян, батырлығы – белгілі қаһарман қазақтың бұдан былай ешқандай құрметсіз қала бергені, айналып келгенде елдігімізге сын емес пе? Көп болып қолға алатын шаруа бұл негізі.

Абдолла ДАСТАНОВ

16:32
710

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020