​ЖАУЫНГЕР ЖОЛЫ

Ұлы Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында Көлмұхаммед Мұхамедияұлы ақсақал Екінші дүниежүзілік соғыста от кешкен майдангер әкесі туралы құжаттары мен ол кісі туралы жазылған газет қиындыларын әкеліп алдымызға тартқан еді. «Ол күндердің өшпес даңқы» демекші, Жеңіс мерекесі қарсаңында жауынгер жолы жайлы еске алып, әке рухына тағзым ету ниеті ғой. Ұлы Отан соғысының ардагері Мұхамедия Іскендіров майдан даласында ерлік істерімен ерекшеленген жауынгерлердің бірі. Елге оралғаннан кейінгі еңбек жолдары да өнеге өрісіне толы. Майдангер қария мәуелі бәйтеректей ұрпақтарын өрбітіп, өркен жайғанын көріп осыдан бірнеше жыл бұрын тоқсанның төріне келгенде өмірден өткен болатын.

Қарсақбай өңірінде туып-өскен Мұхамедия ата-анасынан ерте айрылып, буыны қатпаған 15-16 жасынан еңбекке араласады. Мектеп-интернаттан бесіншіні бітірген 1931 жылдың күзінде Байқоңырдан 70 шақырымдай Қамықты деген жерде Рахымбек ағайының қарауында бұрғышының көмекшісі болып жұмыс істейді. Колхоз жұмысына да жегіліп, тары егуге қатысты. Осылайша жүріп 6-сыныпты аяқтады. Келесі 1937 жылдың күзінде Армия қатарындағы міндетті борышын өтеуге шақырылды. Өзбекстанның Каттакурган қаласында атты әскер құрамында болады. Одан 1938-1939 жылдары Алматыдағы интернационалдық әскери бөлімшеде дайындықтан өтіп, байланысшы мамандығын алады. Бұдан кейінгі әскери қызметі Томск облысының Зырянск ауданында Забайкал әскери округінде жалғасады. Межок селосында қызметін өтеп жүргенде тағдыр оған осында байланысшы болып істейтін орыс қызы Надежданы кезіктіреді. Көңіл жарастырған екі жас бас қосып отау көтерген соң 1940 жылы қысқа мерзімдік демалыс алған Мұхамедия өмірлік серігін туған-туыстарына әкеліп таныстырады. Қуанышты күндерді өткеріп, қайтадан әскери бөлімге оралған олар енді бір жылдан соң сұрапыл соғыс өрті бұрқ ете қаларын білген жоқ еді. Соғыс басталатын жылы тұңғыштары Көлмұхамбет өмірге келді. Қызыл Армия қатарындағы Мұхамедия бірден Солтүстік-Батыс майданына аттанып, 358-атқыштар полкі құрамында алғы шептегі ұрысқа кірді.

Мұхамедия Іскендіров соғыстың басынан аяғына дейін қатысқан кәнігі сарбаздардың бірі еді. Талай «жан беріп, жан алысқан» сұрапыл шайқастардың ортасында болды. Курск доғасындағы, Днепр өзенінен өту, Ладога көлі арқылы Ленинград қоршауынан шығу сияқты кескілескен ұрыстарда табандылық пен ерлік үлгісін көрсетті. Варшава, Киев, Мәскеу қалалары маңындағы шешуші шайқастардың ортасында болды. Немістердің Уманьск бағытындағы күшті қорғанысын бұзудағы, Кишинев пен Яссы қалаларын азат етудегі жауапты ұрыстарға да қатысты. Қарша бораған оқ ортасында жарақат та алды. Курск маңындағы Бело-Церково түбінде дұшпандардың үздіксіз бомбылауы кезінде кеудеден және оң аяғынан жарақат алып, Дондағы Ростов қаласының госпиталына түсті. Емделіп шыққан соң өз полкіне қосылып, қайтадан ұрысқа кірісті. Ерлік ізінің өтеуіндей, омырауына ІІ дәрежелі «Отан соғысы», ІІІ дәрежелі «Даңқ», «Қызыл жұлдыз» ордендері мен екі мәрте «Ерлігі үшін» медалін тағып майданнан оралды. «Праганы азат еткені үшін», «Венаны алғаны үшін», «Будапешті алғаны үшін», «Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» медальдары мен Бас қолбасшы И.Сталин атынан келген алты Алғыс хаты да жауынгер Мұхамедияның ерлік жолдарынан сыр шертері анық.

Әке туралы толғана әңгімелегенде Көлмұхаммед ақсақал әкесінің еңбекқорлығын, ағайын-туыспен сыйласудағы өнегелі істерін айрықша айтады. Ол кісі Жезді аудандық байланыс бөлімшесінің ауылдағы монтері болып көп жыл мінсіз қызмет атқарыпты. Селолық жерді телефон байланысымен қамтамасыз етуге айтарлықтай үлесін қосқан адам. Осы саладағы қомақты еңбегі жоғары бағаланып, «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталған. Есімі Кеңес одағының және Қазақстанның «Алтын кітабына» жазылған. Тағдыр Ресей жерінде табыстырған жары Надеждамен бірге алпыс жылдан аса бақытты ғұмыр кешіп, 7 баласын өсіріп жеткізді. Соғыс және еңбек ардагері Ұлытау ауданының Құрметті азаматы ретінде де өмірінің соңына дейін қоғамдық жұмыстардан шет қалмаған көрінеді. Көлмұхаммед ақсақал: «Әкей өзі талай жыл мекен еткен атақонысы «Пионер» ауылын Қыпшақбай деп атау жөнінде мәселе көтеріп, дегеніне жете алмай кетті. Кезінде Қыпшақбай Баймағанбетұлы деген кісі үш қарасудың басын қосып, оқымаса да инженерлік жобаға лайық бөгет тұрғызып, тоған салған екен. Колхоз сол жерде бітік егін өсірген. Халық соның игілігін талай жылдан бері әлі көріп отыр. Пионер тұрмақ, комсомол да келмеске кеткен қазіргі заманда осы ұсынысқа Ұлытау ауданының ономастикалық комиссиясы мен мәслихаты жете көңіл бөлсе, әкеміздің аманаты орындалғандай күй кешер едік», — дейді.

Иә, қариялар азайып бара жатыр дегендей, бүгінде бүкіл Қарағанды облысында 67 ғана соғыс ардагері қалыпты. Осы сапта абыройлы ғұмыр кешкен гвардия аға сержанты, майдангер Мұхамедия Іскендіров атқыштар полкі құрамында Румыния мен Венгрияны азат етіп, соғыстың соңғы оғын Австрияда атқан болатын. Ол жеңістің қуанышты хабарын Венада жүріп естіпті. Мамырдың 9-ындағы Жеңіс күнін ерекше сезіммен қарсы алатын ардагердің арамыздан кеткеніне де 9 жылдың жүзі болыпты. Алайда, қанша жылдар легі өтсе де жауынгер жорығының ерлік іздері ұрпақтар жадынан өшпейді.

Аман ӘЛМЕНОВ

17:06
498

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020