Сұрапыл соғыс жылдарында ірі мыс кенді аймағы болып табылатын Жезқазған мен Балқаш кеңес одағындағы мыстың жартысынан көбін өндірді. Сол жылдардың кейбір деректеріне сүйенсек, майданға жөнелтілген әрбір он оқтың төртіншісі Жезқазған мысынан құйылыпты. «Отанға мыс керек!» деген жалынды шақыру сол кезеңде өңірдегі өндіріс орындарында аса айтарлықтай жауынгерлік сипатқа ие болған еді.
Ерлік қашан да елдік қасиеттен туындайды. Ел басына күн туған сұрапыл кезеңде тылдағы ерлік те майдан даласынан бірде-бір кем болған жоқ. Жезқазғандықтардың алдына қысқа мерзімде мыс кенін бұрынғыдан екі есе көп өндіру міндеті қойылды. «Барлығы майдан үшін», «Жеңіс үшін!» деген ұранмен тылдағы еңбеккерлер жан аямай еңбек етті. Соғыстың алдындағы жылдарда Жезқазғанда Покро, Петро, 31 және 32-шахталар қызу қарқынмен салына бастаған-тын. Олар жедел жағдайда 1941 жылы пайдалануға берілді. Сөйтіп, соғыс алдындағы кезеңмен салыстырғанда 1942 жылы кен өндіру 4 есе, 1944 жылы 5 есе өсті. 1943 жылдың 16 сәуірінде құрамында 17 шахта, 3 ашық кен өндіру учаскесі, Қарсақбай мыс зауыты, Байқоңыр көмір қазбалары, Қарсақбай орталық электр стансасы, кірпіш зауыты, механикалық цех және жалпы ұзындығы 150 шақырымдық теміржол желісі кірген Жезқазған кен-металлургия комбинаты құрылды. Сол жылдың он айында кен өндіру және мыс балқыту жөніндегі бір жылдық жоспар мерзімінен бұрын орындалды.
Зауыттар мен фабрикаларда ерлердің орнын әйелдер алмастырды. Мәселен, соғыс басталғаннан кейінгі бір жылдың ішінде Қарсақбай зауытында барлық жұмысшылардың үштен бірін әйелдер құраған еді. Архив деректеріне көз салар болсақ, флотаторлар С. Макеева, М. Репина, В. Неплохова, электромонтер П. Незаметдинова, турбина машинисінің көмекшісі А. Хмелева сияқты көптеген әйелдердің өндірістік көрсеткіштерін асыра орындағанын көруге болады. Сол бір сұрапыл жылдарда әйелдер күрделі техникаларды да игеріп, ерлердің ғана қолынан келетін талай ауыр жұмыстарды қажырлылықпен атқара білді. Байқоңыр көмір шахтасындағы Н. Жанқабылова басқаратын кешенді забойшылар бригадасы ұдайы алғы шептен көрінді. Жезқазған кенішіндегі дәрі атушы К. Иманбаева, вагонетка аударушы Ұ. Мәуешова сынды екпінді өндірісшілердің есімдері тыл майданының шежіресіне өшпестей болып жазылып қалған. Ауылда қалған жасөспірімдермен бірге әйелдер күрделі техникаларды да игеріп, өндіріс қарқынын арттыруды қамтамасыз ете білді.
Сол кездің шежіресіне көз салар болсақ, тыл еңбеккерлерінің жеңісті жақындатуға деген құлшынысын кез келген қадамдарынан көріп, сүйсінуге болады. Ленинградты қаһармандықпен қорғаушыларға: «Біз сендерге барлық мүмкіндігінше көмектесуге әзірміз. Соғыс күндерінде біз үнемі мыс өндіру жоспарын асыра орындаудамыз. Апта сайын жексенбіліктер өткізудеміз. Еңбек өнімділігін бұдан да жоғары көтеріп, жоспардан тыс жүздеген тонна кен беретіндігімізге ант етеміз»-деп жазыпты Жезқазған кеншілері мен металлургтері. Бүгінгі қоғамда басқа көзқарас, басқаша өлшем. Алайда, ел шетіне жау тиген сұрапыл соғыс жағдайында жан беріп, жан аларлықтай алапат еңбек тынысын, жеңіс жолында адамдардың басын бәйгеге тіккен мәрт мінезі мен өжет ерлігін жазбай танып, білуге болады бұл жазбалардан. Жезқазғандықтар мәскеуліктерге де дем беріп, осы рухта хат жолдапты. Сонымен қатар, Қарсақбай зауыты мен кеніш ұжымдары Қазақстанның барлық түсті металлургия еңбеккерлеріне арнап үндеу қабылдап, өздерінің қаржыларына «Қазақстан металлургі» танк колоннасын жасауға шақырған. Республика түсті металлургиясының қызметкерлері осы үндеуге орай 8 млн. сом қаржы жинады. Олар «Жезқазған кеншісі», «Жезқазған чекисі» әскери ұшақтарын, «Жезқазған комбинаты комсомолы»» және «Қазақстан пионері» танк колонналарын жасауға көп мөлшерде ақша жинап, үлестерін қосты. Жезқазған ауданының кеншілері «Жезқазған кеншісі» ұшағын жасауға 1,5 млн. сом ақшалай, 2,7 млн. мемлекеттік займ облигациясымен қаржы жинап, жасалған ол әскери ұшақ Бірінші Украина майданына жіберілген. Жоғарғы бас қолбасшы И. Сталиннен танк колонналарын және ұшақ жасауға қаржы жинағандары үшін Қызыл Армияның атынан Жезқазған еңбекшілеріне алғыс білдірген жеделхат келуі де сол заманның елеулі оқиғасы ретінде жетіп отыр бізге.
«Правда» газеті: «Қазақстанда өндірілген сирек металдарды қазір танк қалқандарынан, артиллерия қаруларының, пулеметтердің, винтовкалардың ұңғыларынан, әскери корабльдер мен самолеттердің сыртқы қабынан көруге болады» деп жазыпты сол уақытта. Жау шебінде қалған Кольчугинодан қоныс аударған прокат цехы жабдықтарымен 1941 жылғы 28 қарашада Бертіс стансасына жеткізіліп, молибденннің 60 % Балқаш берсе, 1942 жылы майдан қажеттілігі үшін бір айға жетпейтін уақыт ішінде Жездіде марганец кен өндірісі іске қосылды. Бұл кен орны 1941 жылы Қаныш Сәтбаевтың басшылығымен жедел барланып, қоры анықталған болатын. Өте қысқа мерзімде іске қосылған Жезді өндіріс орны танкінің болат қалқанына қажетті марганецпен елімізді қамтамасыз етіп отырды. Кенді өңір өндірісінің сұрапыл жылдардағы ерлік істер шежіресін осылайша әлі де жалғастыра беруге болады. Соғыстың соңғы зеңбірегінің атылып, жеңіс дабылының қағылғанынан бері 75 жыл уақыт өтсе де ол күндердің ызғарлы ізі мен өшпес даңқы естен кетпейді.
Соғыс жылдарының қиындықтарына қарамастан Жезқазған комбинаты елеулі мөлшерде нығайып, еліміздің ірі кен-металлургия өндірісіне айналғаны белгілі. Саф алтынға парапар ең сапалы мысымен әйгіленген кәсіпорын қазірде «Қазақмыс» компаниясы ретінде әлемге танылғанын білеміз. Отан қорғауға қосқан лайықты үлесі үшін сол бір сұрапыл жылдарда Жезқазған кен-металлургия комбинаты КСРО Мемлекеттік Қорғаныс комитеті мен Түсті металлургия халық комиссариатының ауыспалы Қызыл туын 16 рет жеңіп алыпты. Кейін мәңгілік сақтауға қалдырылған Қызыл ту бүгінде Қ. Сәтбаев атындағы тарихи-өндірістік музейдің құнды мұраларының бірі ретінде көзге түседі. «Ол күндердің өшпес даңқы» деген осы болар.
Амандық РАХҰЛЫ