ЖЕТПІС БЕС ЖЫЛ БҰРЫН МОЙЫНДАЛҒАН ЕРЛІК

Әрине, сөз Рахымжан Қошқарбаев атамыздың ерлігі туралы. «Жоқ, ол кісінің ерлігіне қиянат жасалды, тіпті, бертінге шейін ресми түрде мойындалмады» деген қарсы пікірдің айтылмай қалмайтынын да сезбей отырғаным жоқ. Ерлігіне сәйкес тиісті атағы берілмесе, мұны сол кездегі қолында билігі барлардың ар-ұятына қалдырайық. Олардың да бүгінде арамызда ешқайсысы қалмаған шығар, өздерінің әділетсіздіктеріне бұ дүниеден жауапсыз өтсе де, о дүниеде сұраусыз қалмаған болар. Өз күнәларына өздері жауапты.

Мен неге ерлік нақ сол кезде мойындалды деймін? Өйткені, Рахаңдардың ерлігін көзімен көрген, соған сүйсіне білген алғы шептегі командирлер ерлікті ең жоғары атаққа лайық деп тапты, тиісті ұсыныс қағазын толтырып жоғары жаққа жолдады. Ерлікті мойындау деген — осы!

Рейхстагқа Жеңіс Туын желбіреткен жауынгерлер аз болмаған, кейбір тарихшылардың айтуынша, 30-ға тарта ту тігілсе керек. Солардың арасында ең бірінші кімдер жетті Рейхстагқа? Міне, Рахымжан Қошқарбаев пен Григорий Булатовтың «Тұзы – сор, еңбектері – еш» болатын тұсы осында. Олардың Жеңіс Туын ең бірінші болып қадағандары мойындалмады. Ерлігі емес, ең бірінші Батыр екендігі. Бірақ, бәрібір 2005 жылы ақиқат жеңді.

Ресейлік «ОБД» сайтында Марпапаттама қағаздарына көз салсаңыз, Рахымжан Қошқарбаевтың да, Григорий Булатовтың да Кеңес Одағының Батыры атағына жолданған ұсыныста олардың ерлігі нақтылы жазылған. Тек Жеңіс Туын қадағандары ғана емес, басқа да ерліктері көрсетілген. Ал, ресми түрде Жеңіс Туын тіккендер саналып келген Егоров пен Кантарияға жазылған ұсынысты оқысаңыз, оның көңілсіздеу, орысшалап айтқанда, «формально» жазыла салғанын аңғару қиын емес. Өйткені, екеуінің де мәтіні бірдей, тек фамилияларын ғана өзгертіп қоя салған. «Әйтеуір, сондай қағаз керек болғандықтан жазылған» деп ойлайтынымыз сондықтан. Сонымен бірге, Егоров пен Кантарияны Батыр атағына ұсыну хат 1945 жылғы 31 мамырда жазылған. Ал, Рахымжан Қошқарбаев пен Григорий Булатовтың ұсыныс хаттары 6 мамырда жолданған. Енді сол ұсыныстың 27 мамырдан кейін қозғаусыз қалып, ал, 1945 жылғы 31 мамырда Егоров пен Кантарияны Батыр атағына ұсыну қолға алынғанын және сол бір күннің ішінде полк командирінің ұсынысы армияның Әскери Кеңесіне шейін жеткенін ескерсек, жоғары жақтағылардың оларға Батыр атағын бекруге соншалықты мүдделі болғанын аңғарудың қандай қиындығы бар? Дегенмен, Жарлық тек 1946 жылғы 8 мамырда шығарылған. Оларға неге бірден Батыр атағы берілмеді? 1945 жылғы 24 маусымда өткен Жеңіс Парадына Жеңіс Туын тіккендер ретінде кеуделерінде Алтын Жұлдыздары жарқырап шықса, жарасымды болмас па еді? Меніңше, Егоров пен Кантарияның Батыр атағына нағыз лайықтылар емес екендігін Басқолбасшы Сталиннің іші сезген. Бәрін әріден ойлайтын И.В.Сталин «Тоқтай тұрыңдар, Жеңістің қызуы сәл де болса, басылсын. Әйтпесе, Рейхстагқа Ту тіккендердің бәрін марапаттауға тура келеді» деген тәрізді тоқтам салуы мүмкін. Батыр атағының Егоров пен Кантарияға сол жылы берілмей қалуын басқаша болжау мүмкін емес.

31 мамырда Егоров пен Кантария Батыр атағына ұсынылып жатса, «Фронтовик» газетінің 1945 жылғы 17 мамырдағы шығарылымының бірінші бетінде Рахымжан Қошқарбаевтың суреті басылып, оның Рейхстагты бағындырған батыр екені жарияланған. Бұл ерлікті бағалау, оны мақтанышпен мойындау емес пе?

Егоров пен Кантарияға Батыр атағының берілуі бәрібір айқай-шу шығармай қоймаған секілді. Бұлай ойлауымызға себеп қандай? Бұған Алексей Прокофьевич Берестің 1946 жылғы 3 тамызда Батыр атағына ұсынылғаны дәлел. Ол кім еді? А.П.Берес те Рейхстагты шабуылдаушылардың бірі болатын. Ұсыныс хатта « Под его руководством сержант Егоров и мл. сержант Кантария водрузили над Рейхстагом Знамя Победы» деп көрсетілген. Яғни, бұл Ұсыныстың астарында «Қарауындағылар Батыр атанып жатқанда олардың командирлері неғып Батыр атанбайды?» деген үлкен сұрақ тұр. А.П.Берестке «Осыған да риза бол!» дегендей 1946 жылғы 22 тамызда «Қызыл Ту» ордені берілген. Сөйтіп, ол да Батыр атағына ұсынылып, бірақ, 1945 жылғы 8 маусымда «Қызыл Ту» орденімен марапатталған Рахаңдардың қатарына қосылған.

Бір ғажабы, Жеңіс Туын тіккендердің арасында тек Рахаңның ғана Марапаттама қағазында «Ворвался в Рейхстаг и водрузил знамя Победы» деп анық жазылған екен. Және Г.Булатовты ұсынған құжатта «В 14 час. 25 мин.водрузил над Рейхстагом Красное знамя» деп, тудың қай уақытта қадалғаны нақтылы жазылған. Бұл 1945 жылғы 30 сәуір болатын. Ал, Егоров пен Кантарияның құжаттарында олардың Ту тіккен уақыты 1945 жылғы 30 сәуірде 22.00 сағатта деп көрсетілген. Ресми құжаттар олардың бірінші емес екендігін осылайша әйгілеп тұр.

Жә, өткен өтті, кеткен кетті. Ең бастысы, Ерлік ұмытылмасын! Рахымжан Қошқарбаевтың осыдан 75 жыл бұрын мойындалған ерлігі бүгінгі һәм ертеңгі қазақ жастарының намысын қайрап, жігерін жанып, үлгі, өнеге ретінде аталар рухына адалдыққа тәрбиелей берсін!

Абдолла ДАСТАНОВ

15:10
555

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020