Жұмысшы мамандықтары – ел экономикасының негізі

   2025 жылды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялады. Бұл шешім қоғамда үлкен маңызға ие, себебі жұмысшы мамандықтары – ел экономикасының негізі, өндірістің қозғаушы күші. Жыл сайын заманауи технологиялар дамып жатса да, дәнекерлеуші, электрик, құрылысшы, механик, токарь сияқты мамандықтарсыз кез келген елдің дамуы мүмкін емес.

    Президенттің бұл бастамасы – еңбек адамын құрметтеудің, қарапайым жұмысшылардың мәртебесін көтерудің жарқын көрінісі. Қоғамда жиі байқалатын қате түсінік – тек жоғары білім алып, кеңседе жұмыс істеу ғана табысты болудың жолы деген көзқарас. Ал іс жүзінде, нағыз еңбек адамы – ел байлығын жасаушы. Құрылыс салушы болмаса, үй де болмайды; теміржолшы болмаса, жүк пен жолаушы діттеген жеріне жетпейді.

    Бұл жыл аясында елімізде кәсіптік білім беру саласына ерекше көңіл бөлінуде. Колледждерге жаңа құрал-жабдықтар беріліп, дуальды оқыту жүйесі енгізілуде. Сонымен қатар, жастар арасында жұмысшы мамандықтарын насихаттау мақсатында түрлі байқаулар, шеберлік сабақтары мен форумдар ұйымдастырылуда.

    Жұмысшы мамандықтарын дамыту – еліміздің тұрақты болашағына салынған инвестиция. Бұл – жұмыссыздықты азайту, ішкі еңбек нарығын мамандармен қамтамасыз ету, әлеуметтік теңдікті арттыру.

    Қорытындылай келе, Президенттің 2025 жылды Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялауы – уақыт талабынан туындаған орынды шешім. Бұл бастама еңбек адамының беделін арттырып, жастарды нақты кәсіпке бағыттауға үлкен серпін береді. Еңбектің қадірін түсінетін, қолымен елге пайда әкелетін азаматтар көбейсе – Қазақстанның болашағы жарқын болары сөзсіз.

Гүлнұр Берікова.

10:47
227

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020