Қазақ халқы бұл соғыста ерен ерлік көрсетті

     Ұлы Отан соғысының аяқталғанына 80 жыл толды. Бұл күн — тарих парағындағы ерекше белес. 1941–1945 жылдар аралығында болған соғыс адамзат тарихындағы ең қасіретті, ең ауыр кезеңдердің бірі болды. Миллиондаған адам қаза тауып, сансыз тағдырлар үзілді. Алайда, сол бір сұрапыл жылдары халқымыздың бойындағы ерлік, төзімділік пен бірлік ерекше көрінді.

    Қазақ халқы бұл соғыста ерен ерлік көрсетті. Майдан даласында мыңдаған қазақстандық жауынгерлер Отан үшін жанын қиды. Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметова сияқты батыр қыздарымыздың есімі бүгінде ел жадында мәңгілікке сақталған. Бауыржан Момышұлы сияқты қолбасшылардың ерлігі аңызға айналды. Тылда қалған халық та жеңіс жолында аянбай еңбек етті — әйелдер, балалар, қарттар күндіз-түні жұмыс істеп, майданды азық-түлікпен, киіммен, қару-жарақпен қамтамасыз етті.

    Соғыс тек ұрыс даласында ғана емес, әрбір отбасының жүрегінде өтті. Қаншама аналар өз ұлдарын күтіп, хаттарын күңірене оқыды. Жеңіс оңайлықпен келген жоқ. Ол — қан мен тердің, шыдам мен сенімнің нәтижесі.

    Бүгінгі бейбіт күн — сол аталарымыз бен әжелеріміздің арқасы. Біз солардың ұлы ерлігіне тағзым етуіміз керек. Олардың ұмытылмас ерлігі — біз үшін мәңгілік үлгі. Жылдар өтсе де, Ұлы Жеңістің маңызы кемімейді. Қайта уақыт өткен сайын оның құндылығы арта түседі.

    Ұлы Отан соғысының аяқталғанына 80 жыл толса да, бейбіт өмірдің бағасын білу, тарихтан сабақ алу — әр ұрпақтың парызы. Бізге берілген осы тыныш күндердің қадірін біліп, ел бірлігін сақтап, өткенге құрметпен қарап, болашаққа сеніммен қарауымыз керек.

Ерлан Қонысбек.

11:54
241

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020