2025 жылы Ұлы Отан соғысының аяқталғанына 80 жыл толды. Бұл – тарих қойнауына енген, бірақ ел жадынан ешқашан өшпейтін, халқымыздың қайсарлығы мен ерлігін паш еткен ұлы Жеңістің мерейтойы. 1941-1945 жылдар аралығында болған бұл қанды майданда Кеңес Одағының барлық халықтары, соның ішінде қазақ халқы да Отанын қорғауға аттанды. Соғыс майданында да, тылда да жанқиярлықпен еңбек етіп, жеңіске жетуге зор үлес қосты.
Қазақ халқы бұл соғыста өз батырлығын дәлелдеді. Кеңес Одағының Батыры атағын алған Бауыржан Момышұлы, Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова сынды ержүрек жауынгерлердің есімдері ұлт мақтанышына айналды. Олар – бүгінгі бейбіт өмірдің негізін қалаған ерлік пен адалдықтың символы.
Соғыс — адамзат тарихындағы ең ауыр қасірет. Ол миллиондаған адамның өмірін жалмап, қаншама елдің тағдырын өзгертті. Бірақ осыдан 80 жыл бұрын жеңістің туы желбіреген сәт – тек бір елдің емес, күллі адамзаттың үміті мен сенімінің қайта оралған күні болды. Бұл — бейбітшіліктің қадірін түсіндірген, татулық пен бірліктің маңызын ұғындырған күн.
Қазіргі ұрпақ – сол майдангерлер мен тыл еңбеккерлерінің аманаты. Бізге бейбіт аспан, тәуелсіз ел қалды. Бұл – оңайлықпен келмеген, қан мен тердің нәтижесі. Сондықтан да біз олардың ерлігін ешқашан ұмытпауымыз керек. Ескерткіштерге гүл қою, естеліктерді тыңдау, тарихты оқып үйрену – бұл тек құрмет қана емес, өткенге тағзым, болашаққа сабақ.
Ұлы Жеңіске 80 жыл – бұл тек өткенге шолу емес, бұл – болашаққа жауапкершілік. Себебі тарихты ұмытқан халықтың болашағы бұлыңғыр. Ал біз – жас ұрпақ, сол жеңістің жалғасы ретінде бейбіт өмірді бағалап, ел бірлігін сақтауға тиіспіз.
Қорытындылай келе, Ұлы Отан соғысы аяқталғанына 80 жыл толуы – тарихтың бір белесі ғана емес, ұлттық рухтың, елдік ерліктің мәңгі ескерткіші. Бұл күн – естен кетпес ерлік пен мәңгілік жадымызда сақталар Жеңіс күні.
Сәуле Рашидова.