Бүгінгі Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі Мемлекеттік комиссияның қорытынды отырысында Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың сөйлеген сөзінен соны ұқтым.
Соңғы екі ай ел үшін оңайға соқпады. Коронавирус инфекциясының таралуы, оның алдында басталған әлемдік нарықтағы баға құлдырауы экономикамызға салқынын тигізді. Бұл қиындық әлі де жалғасуы мүмкін. Президент бүгінгі отырыста осы экономикалық дағдарысқа ерекше мән берді. Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі Мемлекеттік комиссия алдағы уақытта Экономикалық өсімді қалпына келтіру жөніндегі мемлекеттік комиссия ретінде жұмысын жалғастыратын болды. Соған сай, Қасым-Жомарт Кемелұлы экономиканы тұрақтандыру, елдің әлеуметтік ахуалын жақсартуға бағытталған нақты тапсырмалар берді. Оның барлығы дағдарыс жағдайындағы өмір салтымыз бен басқару моделін қайта қарау арқылы қиындықтарды жеңіп, экономикалық өсімді қалпына келтіруді мақсат етеді.
Мемлекет басшысы индустриялизациялау саясатын қайта қарап, алдағы уақытта «жасыл экономикаға», азық-түлік қауіпсіздігіне көңіл бөлу, мемлекеттік сатып алуларда отандық тауарларға басымдық беруге ерекше ден қойылмақшы. Бұл ретте Президенттің жеке қосалқы шаруашылықты қолдау тетіктерін қарастырып, үй жағдайында ауыл шаруашылығы өнімдерін шығарушылардың нарыққа енуіне жағдай туғызу туралы тапсырмасы көптен бері айтылып келе жатқан түйткілді мәселенің оң шешімі болды десек артық айтқандық емес.
Жұмыссыздық мәселесін «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында шешу көзделуде. Бұл бағдарламаны жүзеге асыруға 1 трлн теңгеден астам қаражат бөлініп отыр.
«Бұл – қомақты қаражат. Оны шағын бизнесті несиелеуге де пайдалануға болады. Соның бәрі құзырлы орындардың бақылауында болып, толығымен мақсатқа сай жұмсалуға тиіс. Осы күрделі кезеңде қаржыландырылып жатқан жобалар арқылы ең алдымен жаңа жұмыс орындарын ашу қажет. Бұған жұмысшыларды барынша көптеп тарту керек» деді Мемлекет басшысы.
Сонымен бірге, Президент бағдарламаны жүзеге асыру кезінде біркелкі нысандардың әр аймақтағы құны өте алшақ болуына жол бермеу керектігін де баса айтты.
Мемлекет басшысы, баспанамен қамтуды жаңа деңгейге көтеру көзделіп отыр. «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ негізінде «Отбасы банкі» қолдау институтын құру идеясы – құптарлық.
Сонымен бірге, жеке табыс салығы мөлшерлемесін прогрессимвті тәртіппен белгілеу де – әлемдік тәжірибе. Бұл бірінші кезекте табысы аз азаматтарға қомақты қолдау болады, әрі экономикадағы ашықтықты қамтамасыз етеді.
Өз сөзінде Мемлекет басшысы бизнесті қолдау, инвестиция тартудың тың жолдарын қарастыруға қатысты да көп дүние айтқан екен. Маған ең ұнағаны осы Төтенше жағдай кезінде туындаған қиындықтарды «форс-мажор» деп санап, кәсіпкерлердің төтенше жағдай кезінде орындай алмаған міндеттемелері үшін жауапкершілікке тартпау туралы ұсынысы болды. Бұл көптеген ірілі-ұсақты бизнес құрылымдарын ауыртпалықтан құтқарып, соған сай қаншама жұмыс орындарын сақтап қалатын қадам.
Президентіміздің осы тапсырмалары ойдағыдай жүзеге асса – экономикамыздың қалыпты даму жолына түсіп, ел еңсесі тіктелетін күн де алыс емес.