Жұмысшы мамандықтарын дәріптеу — ел болашағына салынған инвестиция

     Әрбір мемлекеттің тұрақты дамуы мен өркендеуі оның еңбек адамына деген құрметімен тікелей байланысты. Қазақстан Президентінің 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялауы — ел дамуының тірегі саналатын жұмысшы еңбегіне берілген лайықты баға. Бұл шешім — қоғамда еңбек адамының мәртебесін көтеріп, жастарды кәсіби-техникалық мамандықтарға баулуға бағытталған маңызды қадам.

    Бүгінгі таңда елімізге білімді ғана емес, сонымен қатар іс жүзінде шеберлігі бар мамандар аса қажет. Қарапайым ғана дәнекерлеуші, электрик, құрылысшы, механизатор сынды мамандардың еңбегі күнделікті өміріміздің ажырамас бөлігіне айналған. Олар – қолымен жасап, ел игілігі үшін тер төгетін нағыз еңбек ерлері.

     2025 жылдың «Жұмысшы мамандықтар жылы» болып жариялануы — қоғамда көп жылдан бері қалыптасқан «жұмысшы — төменгі сатыдағы маман» деген қате түсінікті өзгертуге сеп болады. Еңбектің қай түрі болмасын — құрметке лайық. Жастарды тек жоғары оқу орнына түсуге емес, кәсіптік білім алуға да ынталандыру — еңбек нарығындағы сұранысты теңестіруге көмектеседі.

   Мамандық таңдау — адамның болашағын айқындайтын маңызды шешім. Ал нағыз маман — өз ісінің шебері, ұлттың тірегі. Осы тұрғыдан алғанда, жұмысшы мамандықтарын дәріптеу — ел болашағына салынған инвестиция. Қоғамда «еңбек ет те, еліңе қызмет ет» деген ұстаным орнығуы тиіс.

    2025 жылдың «Жұмысшы мамандықтар жылы» болып аталуында үлкен мән жатыр. Бұл — еңбек адамына деген құрмет, жұмысшы мамандығының абыройын асқақтату және жастарды кәсіптік білімге ынталандыруға бағытталған игі бастама. Ендеше, әрбір еңбек адамына алғыс айтып, олардың еңбегін бағалауды үйренейік.

    Ерлан Қонысбек.

15:43
205

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020