Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына байланысты Қарағанды облысында Жұмыспен қамтудың жол картасы аясында барлығы 625 жоба іске асырылады. Бұл жобалардың жалпы құны 63,7 млрд. теңгені құрайды.
Осының арқасында облыста 16 106 жаңа жұмыс орыны ашылады. Оның тең жарымына, яғни, 8053 орынға жолдама жұмыспен қамту орталықтарынан беріледі. Жобаларды жүзеге асыру барысында жаңа нысандар салынып, ескілері жөндеуден өтеді, сондай-ақ, ауылдар абаттандырылып, коммуналдық сала қызметін жетілдіру көзделуде.
Жұмыспен қамтудың жол картасы аясында облыста 33 жаңа нысан бой көтереді. Олардың қатарында мектептер, балабақшалар, спорт нысандары және тарихи-мәдени кешендер бар. Атап айтқанда, Жаңаарқа ауданында және Жезқазған қаласында жаңа мектептер ашылады, ал, Сәтбаев қаласында жаңа балабақша мен Оқушылар сарайы салынады деп жоспарлануда. Денсаулық сақтау саласы да назардан тыс қалмайды. Жоспар бойынша, биыл аймағымызда 1 опперациялық блок және 2 жедел жәрдем станциясы салынуы тиіс.
Бұдан бөлек, Жезқазған қаласында тарихи-мәдени кешеннің құрылысы басталады. Сондай-ақ, Жезқазған, Саран, Шахтинск және Ұлытау аудандарында денешынықтыру-сауықтыру кешендерін, Қарағанды қаласы мен Нұра, Жаңаарқа аудандарында бассейн салу жоспарға енгізілген. Ал, коммуналдық қызмет сапасын арттыру мәселесі бойынша аймақта 15 нысан бой көтереді. Су желісі бойынша Бұқар жырау, Жаңаарқа, Қарқаралы, Нұра, Осакаров аудандарында және Саран қаласында 8 жоба жүзеге асады. Ал, Сәтбаев пен Ұлытау аудандарында кәріз желісін ауыстыру жұмыстары қолға алынбақ. Сонымен қатар, Қарағанды, Балқаш, Саран және Шахтинск қалаларында жылу желілері жаңадан тартылып, Шахтинск қаласында электр желісі салынады. Бұдан бөлек, Қарағандыда жол жөндеу жұмыстары қолға алынады.
Жол картасының тағы бір игілігі – ұзақ жылдар бойы жөндеу көрмей, тозып тұрған 458 мәдени-әлеуметтік нысанға, инженерлік-транспорттық инфрақұрылымға және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық нысандарына жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Сондай-ақ, елді мекендерді абаттандыру бойынша 134 жоба іске аспақ. Оның аясында 47 көшеге жарық шамдары орнатылып, 2 көшеге жасыл желектер отырғызылады, сондай-ақ, 27 саябақ пен сквер жаңғыртылып, иесіз тұрған 4 нысан құлатылады және 9 балалар мен спорт алаңдары ашылады.
Жалпы алғанда Жұмыспен қамтудың жол картасы 140 елді мекен аумағында жүзеге асады. Жұмысқа орналасқан азаматтың жалақысы 2 ең төменгі айлық, яғни, 85 000 теңге шамасында болады. Сондай-ақ, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, Жұмыспен қамтудың жол картасы аясында басқа жерге барып жұмыс істеуге ниет білдірген азаматтарға 85 000 теңге көлемінде көтерме ақы төленеді.
Қазіргі таңда Жол картасына қатысушыларды анықтау, жөндеу жұмыстарының кестесін жасау және отандық өндірушілерді тарту мақсатында жұмысқа қажетті құрылыс материалдарының көлемін нақтылау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Бағдарлама әкімшілеріне және қалалар мен аудандардың басшыларына Жұмыспен қамтуың жол картасы аясында сатып алынатын жұмыс пен қызмет түрлеріне қойылатын талаптар жіберілді. Сонымен бірге, аудандар мен қалалардағы жұмыспен қамту орталықтарының базасында 18 қозғалмалы рекурт бекеттері ашылып, автокөлікпен қамтамасыз етілді.
Жүзеге асатын инфрақұрылымдық жобаларға ресми тіркеуде тұрған жұмыссыздар жіберіледі. Оның ішінде, жұмыссыз жастарға ерекше көңіл бөлінеді. Бүгінгі таңда еңбек ресурсында 9715 адам бар. Олар – бетоншы, тас қалаушы, электрик, дәнекерлеуші және басқа да мамандық иелері.
WhatsApp желісінде онлайн-кеңес беру тобы ашылған, сондай-ақ, бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде Жұмыспен қамтудың жол картасы туралы және инфрақұрылымдық жобаларға жұмысқа қабылдау жайлы ақпараттар жарияланған.