​СОТ ЖҮЙЕСІНДЕ ТІЛ МӘДЕНИЕТІН, МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІҢ МӘРТЕБЕСІН АРТТЫРУ ЖОЛДАРЫ

Қазіргі таңда Қазақстан Республикасында мемлекеттік тілдің, яғни қазақ тілінің құқықтық салада қолданылу аясын кеңейту – мемлекеттік деңгейдегі аса маңызды әрі өзекті мәселе. Бұл бағытта тіл мәдениетін жетілдіруге, мемлекеттік тілдің беделін арттыруға және оның сот жүйесінде, құқық қорғау органдарында нақты қолданылуын қамтамасыз етуге бағытталған кешенді тіл саясаты жүргізілуі тиіс. Мемлекеттік тілдің сот ісін жүргізудегі рөлін арттыру азаматтардың құқықтық мәдениетін көтеруге, құқыққа қолжетімділікті қамтамасыз етуге және сот төрелігінің ашықтығы мен әділдігін нығайтуға ықпал етеді.

Қазақстан Республикасының Конституциясының 7-бабында мемлекеттік тіл – қазақ тілі екені айқын көрсетілген. 1997 жылғы 11 шілдеде қабылданған «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңның 4-бабында мемлекеттік тіл – бүкіл мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және іс қағаздарын жүргізу тілі ретінде бекітілген. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінің 30-бабы, Азаматтық-процестік кодексінің 14-бабы және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 26-бабы сот ісін жүргізу тіліне қойылатын талаптарды нақтылап, мемлекеттік тілдің сот төрелігін жүзеге асырудағы маңызын бекітеді.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2017 жылғы 22 желтоқсандағы №13 «Сот төрелігін іске асыру барысында мемлекеттік тілді қолдану туралы» нормативтік қаулысында да сот төрелігі барысында мемлекеттік тілді қолданудың маңыздылығы атап көрсетілген. Аталған қаулыда сот отырыстарында мемлекеттік тілді қолдану, қатысушылардың тілдік құқықтарын сақтау және сот актілерін мемлекеттік тілде сапалы дайындау қажеттілігі нақты жазылған. Бұл нормативтік акт соттар үшін бағыт-бағдар болып қана қоймай, мемлекеттік тілдің беделін арттыруға және оны сот тәжірибесінде нақты жүзеге асыруға негіз болатын маңызды құжат болып табылады.

Алайда қазіргі сот практикасы көрсетіп отырғандай, сот ісін жүргізуде орыс тілінің басымдығы әлі де сақталып отыр. Бұл азаматтардың ана тілінде құқықтарын қорғауға қолжетімділігін шектейді және құқықтық теңдік принципіне қайшы келеді. Сондықтан сот жүйесінде мемлекеттік тілдің толыққанды қолданылуын қамтамасыз ету – стратегиялық міндет. Бұл үшін, ең алдымен, сот жүйесінде еңбек ететін мамандардың тілдік құзыреттілігін арттыру қажет. Қазақ тілінде сот ісін жүргізуге қабілетті судьялар мен сот қызметкерлеріне көтермелеу жүйесін енгізіп, мемлекеттік тілді жеткілікті меңгермегендерге қатысты біліктілік талаптарын кезең-кезеңімен қатаңдату маңызды. Мемлекеттік тілді меңгеруге арналған кәсіби оқыту курстары тұрақты өткізіліп отыруы керек.

Сонымен қатар, сот қызметкерлеріне арнап әдістемелік құралдар мен құқықтық сөздіктер дайындау, қазақ тіліндегі құқықтық әдебиетті жетілдіру және оны оқыту жүйесіне енгізу – бұл бағыттағы нақты шаралар болмақ. Мемлекеттік тілдің беделін арттырудың тағы бір маңызды бағыты – сот құжат айналымын қазақ тілінде жүргізу. Шешімдер, үкімдер, қаулылар сияқты негізгі сот құжаттары мемлекеттік тілде сауатты әрі нақты заң тілімен рәсімделуі тиіс. Аудармалардың сапасын арттыру арқылы құқықтық қателіктер мен мағыналық бұрмалаушылықтарға жол бермеу керек. Құжат айналымының басым бөлігін қазақ тіліне көшіру – сот ісін мемлекеттік тілде жүргізу мәдениетін орнықтыруға сеп болмақ.

Сот процестерінде автоматтандырылған аударма жүйелерін енгізу, мемлекеттік тілдің нақты қолданылуына мониторинг жүргізетін сараптамалық комиссиялар құру да өзекті. Бұл құрылымдар сот тәжірибесінде қазақ тілінің қолданылу деңгейін талдап, тіл саясатының тиімді жүзеге асырылуына ықпал етеді.

Сот жүйесінде ғана емес, құқық қорғау органдарында да мемлекеттік тілдің орнықты қолданылуы үшін жүйелі жұмыс қажет. Полиция, прокуратура және басқа да құқық қорғау органдары қызметкерлерінің қазақ тілін еркін меңгеруі – азаматтардың мемлекеттік тілде құқықтарын еркін қорғауға кепіл болады. Тергеу құжаттары, түсініктемелер, хаттамалар және басқа да іс жүргізу материалдары қазақ тілінде сапалы толтырылуы тиіс. Бұл тек тілдік емес, құқықтық әділеттілік пен азаматтық теңдік мәселесі.

Құқық қорғау органдары қызметкерлерінің мемлекеттік тілді меңгеруін арттыру үшін де нақты шаралар қажет: тұрақты тілдік курстар, аттестация барысында тілдік талаптарды ескеру, құқық қорғау академияларында қазақ тілінде білім беруді кеңейту, қазақ тіліндегі әдістемелік құралдар мен оқулықтар санын көбейту қажет. Сонымен қатар, Құқық қорғау органдарының ресми сайттарында, азаматтармен байланыс бөлімдерінде мемлекеттік тілдегі қызмет сапасын арттыру маңызды. Бұл – халық сенімінің артуына және азаматтардың құқықтық мәдениетінің көтерілуіне жол ашады.

Мемлекеттік тілдегі құқықтық контенттің сапасы мен қолжетімділігі де ерекше мәнге ие. Сот органдарының ресми интернет-ресурстарында мемлекеттік тілде құқықтық ақпаратты кеңінен тарату, БАҚ арқылы құқықтық ағартушылық жұмыстарын қазақ тілінде жүргізу, электрондық сот жүйесінде қазақ тілінің толық қолданылуын қамтамасыз ету, құқықтық пәндерді қазақ тілінде оқытуды кеңейту – маңызды әрі нәтижелі бағыттар. Сонымен қатар, құқықтық терминологияны жүйелеу де мемлекеттік тілдің сот және құқық қорғау органдарында орнықты қолданылуына негіз болады. Ұлттық ғылым академиясы, тілтанушылар мен заңгерлер бірлесе отырып, құқықтық терминдерді біріздендіру, қазақ тіліндегі заң мәтіндерінің орыс тіліндегі нұсқаларымен мазмұндық сәйкестігін қамтамасыз ету – құқықтық түсінікті арттырады. Қазақ тіліндегі ғылыми еңбектер мен оқулықтардың санын көбейту де бұл салаға серпін береді.

Осыған орай, мемлекеттік тілдің сот жүйесіндегі мәртебесін көтеруге бағытталған нақты реформаларды жүзеге асыру – уақыт талабы. Бұл ретте заңнамалық базаны жетілдірумен қатар, сот саласында мемлекеттік тілді дамытуға арналған ұзақ мерзімді, институционалдық және кадрлық әлеуетті нығайтатын кешенді бағдарламаларды қабылдау қажет. Мемлекеттік тілдің беделін арттыру – ұлттық бірегейлікті сақтаудың және әділ сот төрелігін қамтамасыз етудің басты жолдарының бірі. Тіл тәуелсіз болмай, ел тәуелсіздігі баянды болмайды.

Қорытындылай келе, мемлекеттік тілдің беделін арттыру – ұлттық бірегейлікті нығайтудың, азаматтардың құқықтық теңдігін қамтамасыз етудің және әділ сот төрелігін орнатудың басты жолдарының бірі. Бұл үшін мемлекеттік тілді сот және құқық қорғау органдарында кеңінен қолдануға бағытталған ұзақ мерзімді, кешенді, институционалдық бағдарламалар қабылдау қажет. Заңнамалық базаны жетілдірумен қатар, кадр саясатын қайта қарау, кәсіби даярлық жүйесін қазақ тілінде дамыту – стратегиялық маңызы бар шаралар. Мемлекеттік тіл – елдік тұтастықтың, тәуелсіздіктің және әділетті құқықтық мемлекеттің кепілі. Тіл тәуелсіз болмай, ел тәуелсіздігі баянды болмайды.

Ұлытау облыстық соты судьясы А.Б.Зиада

13:04
137

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020