2025 жыл – еліміз үшін ерекше мәнге ие жыл. Бұл жыл Қазақстанда Жұмысшы мамандықтар жылы деп жарияланды. Мұндай шешім кездейсоқ емес. Қазіргі таңда елімізге өндірісте, құрылыс пен ауыл шаруашылығында, қызмет көрсету саласында еңбек етіп жүрген білікті мамандар ауадай қажет. Экономиканың нақты секторы – жұмысшы мамандықтардың арқасында дамиды. Сондықтан бұл жыл еңбек адамын құрметтеудің, олардың қоғамдағы орнын арттырудың жарқын көрінісі.
Жұмысшы мамандықтар – бұл тек ауыр еңбек емес, бұл – шеберлік, тәжірибе және жауапкершілік. Дәнекерлеуші, электрик, құрылысшы, агроном, тігінші, аспаз, механик – осындай мамандардың еңбегі көзге көрінбеуі мүмкін, бірақ олардың әрқайсысы – күнделікті өміріміздің маңызды бөлігі. Жаңа технологиялар, цифрландыру дәуірінде де бұл мамандықтар өз маңызын жоғалтқан жоқ, керісінше, жаңа деңгейге көтерілуде.
2025 жыл – жастарға жұмысшы мамандығын таңдаудың, еңбек адамы болудың беделді әрі қажетті екенін ұғындыру жылы. Мемлекет тарапынан техникалық және кәсіптік білім беруге қолдау көрсетілуде, колледждер жаңартылып, дуальды оқыту жүйесі енгізілуде. Бұл жұмысшы мамандарды заманауи талаптарға сай даярлауға мүмкіндік береді.
Еңбек – елдің дамуына негіз. Қарапайым еңбек иелерінің қажырлы әрекеті арқасында зауыттар жұмыс істейді, үйлер салынады, азық-түлік өндіріледі. Сондықтан біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеп, оларға лайықты жағдай жасауымыз керек. Бұл тек экономика үшін ғана емес, жас ұрпақты тәрбиелеу үшін де маңызды.
2025 жылдың Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялануы – қоғамдағы еңбектің, қарапайым адамның қадірін арттыруға бағытталған маңызды қадам. Бұл жыл жұмысшы мамандықтарына деген көзқарасты түбегейлі өзгертіп, жастардың болашаққа сеніммен қадам басуына жол ашады.
Ерлан Қонысбек.