Бұл жыл Қазақстанда Жұмысшы мамандықтар жылы деп жарияланды. Мұндай шешім қазіргі заманның әлеуметтік-экономикалық қажеттіліктеріне сай қабылданып отыр. Себебі елімізге техникалық, өндірістік, құрылыс және ауыл шаруашылығы салаларында білікті мамандар ауадай қажет. Бұл тек экономиканың емес, сонымен қатар қоғамның тұрақты дамуының да кепілі.
Қазіргі таңда көптеген жастар жоғары білім алуға ұмтылады, бірақ еңбек нарығында нақты іскерлік дағдысы бар жұмысшы кадрлар жетіспейді. Электрик, дәнекерлеуші, слесарь, құрылысшы, тракторшы секілді кәсіп иелері – ел экономикасының іргетасы. Жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы біз тек экономиканы дамытып қана қоймай, еңбек адамының мәртебесін де арттырамыз.
2025 жылы елімізде кәсіптік-техникалық білім беруді жетілдіруге, заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуге, оқу бағдарламаларын еңбек нарығына бейімдеуге ерекше көңіл бөлінуде. Бұл жастарға жаңа мүмкіндіктер ашып, өз кәсібін меңгеруге және өмірден өз орнын табуға жол ашады.
Сонымен қатар, жұмысшы мамандықтарының беделін көтеру – тек білім беру жүйесінің емес, жалпы қоғамның міндеті. БАҚ арқылы еңбек адамдары жайлы оң имидж қалыптастыру, табысты жұмысшыларды үлгі ету – жастарға мотивация береді.
2025 жылдың Жұмысшы мамандықтар жылы болып жариялануы – уақыт талабына сай қабылданған маңызды шешім. Бұл бастама арқылы біз еңбек адамына деген құрметті қайта жаңғыртып, еліміздің жарқын болашағын бірге қалыптастыра аламыз.
Асель Абдырайымова.