Кез келген мемлекеттің экономикасы мен болашағы еңбек адамдарының қолында

2025 жыл – Қазақстанда жұмысшы мамандықтар жылы деп жарияланды. Бұл шешім – ел дамуының жаңа кезеңіне қадам басқанымыздың айғағы. Себебі кез келген мемлекеттің экономикасы мен болашағы еңбек адамдарының қолында. Олар – елдің іргесін көтеріп отырған нағыз батырлар.
Жұмысшы мамандықтары – бұл тек зауыттағы токарь немесе құрылысшы ғана емес. Бұл – дәнекерлеуші, механик, агроном, электрик, наубайшы, жүргізуші секілді сан алуан саладағы шеберлер. Оларсыз біздің күнделікті өмірімізді елестету мүмкін емес. Киім тігетін тігінші, жол салып жатқан құрылысшы, жарық тартатын электрик – бәрі де ел игілігі үшін еңбек етуде.
Өкінішке қарай, соңғы жылдары жұмысшы мамандықтарына деген қызығушылық төмендеп кетті. Көп жастар кеңсе жұмысын армандап, кәсіптік-техникалық білімді елеусіз қалдырып жүр. Ал шын мәнінде, бұл мамандықтар аса қажет әрі тұрақты табыс көзі болып табылады. Сондықтан 2025 жылдың жұмысшы мамандықтарына арналуы – бұл тек мерекелік емес, тәрбиелік мәні бар үлкен шара.
Мемлекет осы жылы жұмысшы мамандықтарын насихаттап, кәсіптік білім беруді дамытуды көздеп отыр. Арнайы оқу орындары жаңартылып, студенттерге жағдай жасалуда. Жас мамандарға қолдау көрсетіліп, оларға жұмысқа орналасуға мүмкіндік берілуде. Мұның барлығы жастардың нақты кәсіп игеруіне жол ашады.
Менің ойымша, әрбір адам өз ісінің шебері болуға ұмтылуы керек. Жұмысшы мамандықтарының қадірін арттыру – қоғамның өркениеттілігінің белгісі. Сондықтан біз де осы қозғалысқа үлес қосып, еңбек адамдарын құрметтеуді үйренуіміз керек.

2025 – жұмысшы мамандықтар жылы еліміздің дамуына серпін беретін маңызды кезең. Бұл жыл еңбек адамының беделін көтеріп, жастарға дұрыс бағыт сілтейтін болсын. Себебі елдің болашағы – еңбекпен келеді.

Асель Абдырайымова.

10:56
166

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020