Көлік министрлігінің тапсырмасы бойынша «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» РМК Ұлытау облыстық филиалы мамандары құрылыс маусымы алдында барлық асфальт-бетон зауыттарын тексерді.
Жалпы Ұлытау облысы бойынша 12 АБЗ бар. Оның 6-ы Жезқазған қаласында, 1-і Сәтбаев қаласында, 3-і Жаңаарқа ауданында және Қаражал каласында 2 АБЗ орналасқан.
Тексеріс барысында зауыттардағы технологиялық жабдықтың жарамдылығы (битум қоймалары, таразылар, термометрлер, шаң жинағыштар); зертханалардың болуы және жарақтандырылуы; өндіріс кезінде талаптардың сақталуы (өлшеу, температуралық режим, журналдар жүргізу); Материалдар мен жабдыққа сертификаттар мен паспорттардың болуы; жол-құрылыс материалдарын сақтау шарттары қаралды.
Нәтижесінде 12 асфальт-бетон зауытының тек үшеуі ғана барлық талапқа сай келетіні анықталды. Екеуі жарамдылық мерзімі өткеніне байланысты жұмысқа қосылмайтыны белгілі болды. Қалған 7-і талаптарға сай келмейді. Филиал мамандары ол зауыттардың басшыларымен түсіндірме және бағыттау жұмыстарын жүргізді. Филиал инженері Оразалы Оразбаевтың айтуынша кемшілік анықталған зауыттарда жол-құрылыс материалдарын сақтау шарттары бұзылған, таразыларға калибрлеу сертификаттары мен жеке немесе жалдамалы сынақ зертханалары жоқ. Анықталған кемшіліктер жол құрылысына тапсырыс беруші мемлекеттік органға жолданды.