Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялануы – еліміздің еңбек адамына деген құрметінің айғағы

   2025 жыл – Қазақстан Президенті бұл жылды Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялады. Бұл шешім – қоғамдағы еңбектің, әсіресе қол еңбегінің маңыздылығын мойындау және оны жаңа деңгейге көтерудің жарқын белгісі.

    Қазіргі таңда біз ақпараттық технологиялар мен жоғары технологиялар дәуірінде өмір сүріп жатқанымызға қарамастан, жұмысшы мамандықтарының маңызы кеміген жоқ. Қайта, керісінше, құрылысшы, дәнекерлеуші, электрик, механик, наубайшы сияқты нақты істің иелері – еліміздің экономикасының берік тірегі болып отыр.

      Президенттің бұл бастамасы – қарапайым еңбек адамдарын қолдау ғана емес, жастар арасында жұмысшы мамандықтарына деген қызығушылықты арттыруға бағытталған маңызды қадам. Көп жағдайда қоғам жоғары білім мен кеңсе жұмысын артық көріп, кәсіби-техникалық мамандықтарды төмен санап келді. Бірақ нағыз өндірісте, ауылда, зауытта еңбек етіп жүрген жұмысшыларсыз ел дамуы мүмкін емес.

    Жұмысшы мамандықтар жылы аясында кәсіптік-техникалық білім беру мекемелеріне қолдау көрсетіліп, заманауи құралдармен жабдықтау, шеберлік байқауларын ұйымдастыру, еңбекті дәріптеу мақсатында түрлі жобалар іске асырылуы тиіс. Бұл тек жұмысшылардың мәртебесін көтеріп қана қоймай, жастарға да болашаққа сенімді жол сілтейді.

    Қазақ халқы ежелден «Еңбек – бәрін жеңбек» деп айтқан. Еңбектің қадірін білген халық ешқашан жамандық көрмеген. Сондықтан Президенттің бұл бастамасы – тек бір жылдың емес, болашақ ұрпақтың санасына еңбекқорлықты сіңіруге арналған үлкен бағдарлама деп қарауымыз керек.

     2025 жылдың Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялануы – еліміздің еңбек адамына деген құрметінің айғағы. Бұл бастама елімізді алға жетелейтін нақты қадамдардың бірі болары сөзсіз. Еңбекті қадірлейік, жұмысшыны сыйлайық – сонда ғана жарқын болашаққа нық қадам жасаймыз!

Ерлан Қонысбек.

11:27
162

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020