2025 жыл елімізде Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялануы – уақыт талабынан туындаған, өте орынды әрі маңызды шешім. Қазіргі қоғамда кәсіби жұмысшы мамандықтарының рөлі артып келеді. Экономиканың тұрақты дамуы мен әлеуметтік өркендеудің негізінде — білікті, тәжірибелі, ісіне адал жұмысшы кадрлар тұр.
Жыл сайын заманауи технологиялар дамып, жаңа салалар пайда болып жатқанда, оларды игеру үшін тек жоғары білім ғана емес, нақты кәсіби шеберлік қажет. Электрик, дәнекерлеуші, аспаз, құрылысшы, механик, технолог сынды мамандықтар — ел игілігіне тікелей үлес қосатын, күнделікті өміріміздің ажырамас бөлігі.
Алайда соңғы жылдары көпшілік арасында тек «ақ жағалылар» яғни, кеңсе мамандықтары жоғары бағаланып, жұмысшы мамандықтарына деген қызығушылық төмендеп кетті. Бұл — қоғамдағы теңгерімнің бұзылуына әкеп соқты. Сол себепті 2025 жылды Жұмысшы мамандықтар жылы деп атау — осы бағыттағы беделді қалпына келтіруге, жастардың техникалық және кәсіби білімге деген қызығушылығын арттыруға бағытталған маңызды қадам.
Бұл жыл аясында кәсіптік білім беру ұйымдарына қолдау көрсетіліп, оқу базалары жаңғыртылып, дуальді оқыту жүйесі кеңейтілуде. Сонымен қатар, жұмысшы мамандық иелерінің қоғамдағы беделін арттыру, олардың еңбегін насихаттау арқылы біз нағыз еңбек адамының мәртебесін көтереміз.
Жұмысшы мамандықтары — ел дамуының тірегі. 2025 жылдың осы атаумен өтуі – болашаққа салынған берік көпір. Біз бұл арқылы жастарға адал еңбекпен келетін шынайы табыстың, қоғамдағы орныңды табудың үлгісін көрсетеміз. Еңбек – елдің елеулі күші, ал еңбек адамы — нағыз батыр!
Ерлан Қонысбек.