​ИСЛАМ ДІНІ - ЭКСТРЕМИЗМГЕ ҚАРСЫ

     Жалпы Ислам дінінің көздеген мақсаты – әлмисақтан адам баласын ізгілікке, тазалық пен мейірімділікке, ішкі жан дүниесінің рухани бай болуына шақыру. Сонымен қатар Ислам діні елдің рухани өмірін мейлінше жақсартып, имандылыққа, жақсылыққа құштарлығын арттырып, игілікті іске иландырып, қоғамды дұрыс жолда тәрбиелеуде рөлі айрықша.

      Бір өкініштісі осы хақ дініміздің атын жамылған жат ағымдар, өздерінің арам ниеттерін жүзеге асырып кететіні жасырын емес. Ислам діні экстремизм мен терроризмге үгіттейтін дін емес. Ислам дінін құбыжық ғып көрсету үшін қарсы жасалаған жат ағымдардың ісі бұл. Бұны сырттан басқарады. Ал оған кіріп кетудің себебі діни білімнің аздығынан, еліктеушіліктен, ата-бабамыздан келе жатқан тарихты, тарихи құндылықтарды білмеуден. Ислам діні кіршіксіз әлемдегі ең таза дін екенін әсте ұмытпауымыз керек. Дін Исламда жазықсыз қан төгу кешірілмейтін ең үлкен күнә. Тіптен адам түгіл, жан-жануардың өзін жақсыз, себепсіз өлтіруді құптамайды. Жан беруші де Алла, жан алушы да бір Алла!

       Бүгінгі кезде рұқсат етілмеген заңсыз шығарылған діни кітаптарды оқып, интернет пен әлеуметтік желі арқылы уағыз тыңдап, саналары уланып, жат ағымының жетегіне кетіп, соның құрбаны болып аһ ұрып жатқан қазақтың небір жастарын көріп, естігенде жүрегің сыздайтыны анық. Ұйып отырған отбасының қадірін қашырып, бейбіт өмірдің тынышын, қоғамның шырқын бұзып, елдің берекесін алып, бірлігіне қауіп төндіретін теріс пиғылды жат ағымның жолына қоғам болып тосқауыл болайық. Ойымды түйіндей келе, дінтанушылар айтады — «Жалпы отаншылдық, патриотизм асыл дініміздің ұстанымымен ұштасып жатқан ұғымдар. Исламда «хуббул-уатан минәл-иман» деген риуаят бар. Мағынасы «Отанды сүю иманнан» дегенді білдіреді. «Торғай екеш торғай да, өз ұясын қорғайды» дегендей, расымен де туған жерге, Отанға деген ыстық сезім, ықылас жалпыадамзаттық адамгершілік қасиеттерге жатады. Пайғамбар ﷺ өзінің туған шаһары Мекке қаласына айрықша ықыласпен қараған. Мәдинаға қоныс аударып, сонда орнықса да алғашқы туған жерін әсте ұмытпаған. Сахабаларымен бірге Меккені сағынышпен еске алып отырған».

Жат ағымдардың сөздері әдемі болғаны мен істері сай келмейді. Осыны жасымыз бар жасамысымыз бар терең ұғынғанымыз жөн. Отанымыздың тыныштығы мен тұрақтылығын жүрегінде иманы бар, отансүйгіш, білімді, жоғары мәдениетті адамдар мәңгі жасайды. «Отан қадіріне жетпеген, өз қадіріне жетпейді» деген де халық нақылы бар. Кіндік қаны тамған жері мен елін құрметтеу, оның мәртебесін көтеріп, даңқын асқақтату әрбір қазақтандықтың қастерлі борышы екенін ұмытпаған абзал.

Ізтөлеу БЕКЕНҰЛЫ,

ҚР Журналистер Одағының мүшесі.

12:48
140

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020