ҚР Білім және ғылам министрі Асхат Аймағамбетов 1 қыркүйектен оқу жылы қандай форматта басталуы мүмкін екенін айтты.
-Қашықтан оқыту уақыт талабы екенін түсінеміз. Бұл тақырып үйде білім алатын балаларға, сондай-ақ қыста ауылдық елді мекендерде жол ашылмағанда оқудан қалған балаларға қатысты. Осы орайда түрлі жағдай болып жатады. Сәйкесінше, бұл жағдайларда заманауи технологияларды көмегі тиіп, білім беру процесіне қолдау жасалады. Алайда бұл 1 қыркүйектен қашықтан оқуға көшіруді білдірмейді, — деді А. Аймағамбетов онлайн баспасөз мәслихатында.
Оның сөзіне қарағанда, педагогтар, министрлік, ата-аналар мен оқушылардың өздері дәстүрлі форматта оқыту тиімді әрі ыңғайлы екенін түсініп отыр.
-Білім беру процесі – ол тек ақпарат беру ғана емес. Бұл тұрғыда әлеуметтендіру, балалар арасында өзара іс-қимыл мен қарым-қатынас, тәрбиелік процесс секілді маңызды мәселе бар, — деді министр.
Бұдан бұрын 11-сынып түлектеріне аттестат 3-4 маусымда тапсырылатыны хабарланған болатын.