Өткен аптада Қарағанды облысының әкімі Жеңіс ҚАСЫМБЕК жұмыс сапарымен Жезқазғанға келген болатын.
Жеңіс Қасымбек сапар барысында «Жұмыспен қамтудың жол картасы» және «Нұрлы жер» бағдарламалары бойынша атқарылып жатқан жұмыс барысына назар аударып, тұрғын үй құрылысымен танысты. Сондай-ақ, осы жолы Есқұла су таратқышының құрылысы қолға алынатыны айтылды.
Биыл Жезқазғанда ауқымды жобалар жоспарлануда. Жергілікті әкімдік «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында құрылыс жүргізіп, нысандарды жөндеп, тұрғындарды жұмыспен қамтымақ. Мысалы, әлеуметтік мәдени-тұрмыстық төрт нысанды, 58 көпқабатты тұрғын үйдің қасбеті мен шатырын, 1,5 шақырымға жуық кәріз және су құбыры желілерін жөндеу жоспарланған. Қала жолдары да биыл ретке келтіріле бастады. Атап айтқанда, апатты жағдайда деп танылған №4 жол өткелін қалпына келтіруге кірісті.
Бұдан бөлек, екі саябақ абаттандырылады. 800 жарық шамдары орнатылады. Осылайша, мыңнан астам жұмыс орны ашылады.
– Жезқазғанда «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бойынша жалпы сомасы 3,9 млрд. теңге болатын 36 жоба жүзеге асырылуда. Оның ішінде, 33 инфрақұрылымдық жоба және 3 құрылыс жобасы бар, – деді қала әкімі Қайрат Бегімов.
Жұмыспен қамтудың жол картасы бойынша жөнделетін нысандардың бірі – Алғашқы құрылысшылар алаңындағы субұрқақ. Мұнда 15 адам жұмыспен қамтылды.
– Біз кәріз және сумен қамтамасыз ету жүйесін жөндеу жұмыстарын қолға алдық. Бастапқыда жұмыс күші жетіспеді. Сондықтан, жұмыспен қамту орталығына жүгіндік. Олар жеті адамды жолдады. Жұмысшылардың орташа жалақысы – 85 000 теңге, – дейді «Медет» ЖК бригадирі Есет Әбжалелов.
– Мен үш ай жұмыс іздеп, таба алмадым. Содан кейін жұмыспен қамту орталығына хабарластым. Орталық жұмысқа тұруға көмектесті. Енді сылақшы-сырлаушы болып жұмыс істеймін, – дейді Сандуғаш Азнабаева.
Жезқазғанда қолжетімді көп қабатты тұрғын үйлер көбірек салына бастады. Биыл «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 158 пәтерлік төрт көпқабатты тұрғын үй пайдалануға беріледі. Тұрғын үйді әлеуметтік қорғалатын санаттар бойынша кезекте тұрғандар алады.
Аймақ басшысы жұмыс сапасы мен қарқынын қатаң бақылауға алуды тапсырды.
Сондай-ақ, Жеңіс Қасымбек 900 орындық жаңа мектепті аралап көрді. Қазіргі таңда мектеп ауласын абаттандыру, жиһаз, құралжабдықтар жеткізу жұмыстары қалып тұр. Мектеп 1 қыркүйекке қарай ашылмақ.
Сондай-ақ, облыс әкімі «КазТехФильтр», «Ютария ltd» және «Ulytaý Nan» ЖШС-не барып, өндірістік үдеріспен және кәсіпорындарды одан әрі дамыту жөніндегі жоспарлармен танысты. Компания басшыларымен кездесуде отандық тауар өндірушілерді қолдау мәселелері де талқыланды.
Осы сапар барысында белгілі болғандай, Жезқазған мен Сәтбаев қалаларын сапалы ауыз сумен қамтуға мүмкіндік беретін Есқұла су таратқышының құрылысы қолға алынбақ. Жұмыс бір ай ішінде басталады.
– Биылғы жылы бұл жобаны аяқтау керек. Қаржы жеткілікті. Сондықтан, созып алмай, тездетіңіздер, – деді Жеңіс Қасымбек республикалық «Қаз су шаруашылығы» АҚ бас директоры Алтай Елжасовқа.
– Біз Қазақстанда ауылдық елді мекендер мен моноқалаларды ауыз сумен қамтамасыз етумен айналысамыз. Жезқазған-Сәтбаев аймағы Есқұла кен орнынан су алады. Есқұла су таратқышын қайта құру жобасы үш кезеңнен тұрады. Оны жүзеге асыру екі қаланы сумен толық қамтамасыз етеді. Біздің алдымызда осы жылы жобаның барлық үш кезеңін аяқтау міндеті тұр, – деді Алтай Елжасов.
Естеріңізге сала кетейік, Есқұла су таратқышының құрылысы қаражаттың жетіспеуінен ұзақ уақытқа созылып кетті. Биыл Үкіметтің қолдауымен және «Қазақмыс» корпорациясының қатысуымен қаржы мәселесі шешілді. Жоба «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасына енгізілді.
Сонымен қатар, «Қожамсейіт кен орнын іске қосуды ескере отырып, Үйтас-Айдос су таратқышын қайта қалпына келтіру» жобасының жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеу жұмыстары басталды. Бұдан бөлек, Жезқазған қаласының тұрғындарына үздіксіз су беру үшін «Қазақмыс» корпорациясы Кеңгір су қоймасынан жалпы ұзындығы 1 шақырымдық резервтік суағар құрылысын жүргізуде.
Су мәселесін шешумен қатар, Жезқазған және Сәтбаев қалаларында жаңа кәріз-тазарту құрылыстарының дайындық жұмыстары басталды.
Жұмыс сапары барысында облыс басшысы Сәтбаевқа барып, қала маңындағы кенттерден қоныс аударушыларға арналған үйлердің құрылысымен танысты. Сондай-ақ, құрылысы 1990 жылы басталған 60 пәтерлік үйге де барды. Бүгінгі күні үй құрылысы аяқталды. Бұл үйдің жиһазбен жабдықталған 15 пәтерін «Қазақмыс» корпорациясы көпбалалы отбасылар санатына жататын қызметкерлері үшін сатып алды.
Сәтбаев қаласының әкімдігі тұрғын үй кезегінде тұрған көпбалалы отбасылар үшін бұл үйден 22 үш бөлмелі пәтер сатып алуды жоспарлап отыр.
Жеңіс Қасымбек, сондай-ақ, 320 орындық балабақшаның құрылыс алаңында болды. Оның құрылысы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында жүргізілуде. Қазіргі уақытта іргетас блоктарын, жабын плиталарын монтаждау, қабырғаларды қалау бойынша жұмыстар жүргізілуде. Құрылысты осы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.
Сәтбаев қаласында Жол картасы аясында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, білім беру, құрылыс, денсаулық сақтау салалары бойынша 18 жоба жүзеге асырылуда. Үш балабақшада, төрт мектепте күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Аурухананы күрделі жөндеу жоспарланған. Жолдар қалыпқа келтіріле бастады. Барлық жобалар бойынша 800-ге жуық адам жұмыс орындарымен қамтылмақ.