Жазғы демалысты қалай тиімді өткізуге болады?

  Жаз – баланың денсаулығына көңіл бөліп, профилактикалық тексерулерден өтуге таптырмас кезең. Бүгін біз кішкентай пациенттер үшін ТМККК және МӘМС аясында қандай медициналық қызметтер бар екені туралы кеңінен айтатын боламыз.

Балалар денсаулық сақтау жүйесінде

  «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекстің 78-бабында баланың құқықтары жеке көрсетілген. Онда балалардың денсаулықты сақтау жөніндегі білім алуына, өз денсаулығы туралы ақпаратты (анықтамалар) өздеріне түсінікті форматта тегін алуына құқығы бар екені жазылған.

  «Қазақстандағы 18 жасқа дейінгі барлық балалар МӘМС жүйесінің қатысушысы болып табылады – олардың орнына жарнаны мемлекет төлейді. Яғни, қажет медициналық көмектің барлығын олар тегін алады. 2025 жылы балаларға профилактикалық тексерулер мен скринингтер өткізуге 493 млн. теңге қарастырылған. Бұған қоса, мектеп медицинасын қаржыландыру бөлек жүзеге асады. Бұл бағытқа биыл 334 млн теңге бөлінді», – деді Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Ұлытау облыстық филиалы директоры Әлия Байтокова.

  Мектеп медицинасы

  Медицинада мектепке дейінгі және мектеп ұйымдарына баратын балаларды медициналық қызметпен қамтамасыз етуге арналған «Мектеп медицинасы» деп аталатын арнайы бағыт бар.

  Мектеп медицинасы балалардың денсаулығын жүйелі бақылауға және қажет болған жағдайда, білім беру ұйымының ішінде жедел көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Мұнда балалар ата-анасының келісімімен Ұлттық екпе күнтізбесіне сәйкес вакцина алады. Бұл қызметтер тегін медициналық көмек көлемі тізбесіне кіреді.

  Сондай-ақ мектеп қабырғасында жыл сайын МӘМС шеңберінде профилактикалық тексерулер жүргізіледі. Егер тексеру барысында қандай да бір патологиялар анықталса, баланы тіркелген емханасына тереңдетілген тексеруге жібереді.

  Мектептегі немесе балабақшадағы тексеруге немесе вакцина жүргізу үшін тиісті бейіндегі медицина қызметкерлері келеді. Бұл іс-шаралар алдын ала жоспарланып, ата-аналарға хабарланады.

  Сонымен қатар, мектеп немесе балабақша медпунктінде балаларға жедел жәрдем бригадасы келгенге дейін алғашқы медициналық көмек көрсетіледі. Бұдан бөлек мұнда салауатты өмір салтын ұстануға баулу аясында шаралар жүргізіледі.

  Жаз мезгілінде қандай медициналық қызметтерді алуға болады?

  Егер бала қандай да бір себеппен білім беру ұйымында профилактикалық тексеруден өтпесе, оны жаз айларында тіркелген емханасында өте алады.

  Сонымен бірге өз учаскесі бойынша мектепте немесе балабақшада вакцинациядан немесе ревакцинациядан өте алмаған балаларға екпе салдыруға болады.

  ТМККК аясында балаларға вакцинадан бөлек, шұғыл медициналық көмек, бастапқы медициналық-санитариялық көмек, сондай-ақ созылмалы және әлеуметтік мәні бар ауруларды емдеу мен бақылау қолжетімді.

  «Жазда оқу жүктемесі болмайтындықтан, балалардың бос уақыты көбірек болады. Сондықтан бұл денсаулыққа көңіл бөлуге өте қолайлы кезең. Мысалы, медициналық көрсеткіштер болған жағдайда МӘМС аясында оңалту курсынан өтуге болады. Оған физиотерапия, массаж, емдік дене шынықтыру және басқа да реабилитациялық шаралар кіреді. Мұның бәрі – реабилитолог-дәрігер диагноз бен қарсы көрсеткіштерге сүйене отырып белгілейтін қызметтер», – деп атап өтті Әлия Жұмағұлқызы.

  Бұдан бөлек, демалыс кезінде оқушылар қандай да бір денсаулыққа қатысты шағымдар болса, офтальмолог, ЛОР, хирург, тіс дәрігері сынды бейінді мамандардан кеңес ала алады. Қажет болған жағдайда зертханалық анализ, УДЗ, ЭКГ, рентген, КТ, МРТ сияқты диагностикалық зерттеулерден өтеді. Ем амбулаториялық деңгейде де, күндізгі немесе тәулік бойғы стационарда да жүргізілуі мүмкін. Мұның барлығы МӘМС жүйесі аясында тегін ұсынылады.

Диана Оразалина

13:35
31

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020