Терезесінен сығалай түскен күннің сәулесінен көзін ашты. Алайда ұйқысы әлі қанбаған сыңайлы. Ерініп, езіліп жата бергісі келді. Кенет көз алдына кешегі болған оқиға қайта оралды да, бір сәтке ойланып кетті.
… Қоғамдық көлік. Іші толы жолаушылар. Мұның Астанаға арман қуып келгеніне де көп бола қойған жоқ. Оқу орны үйінен алыстау болғандықтан, күнде автобуспен қатынауды әдетке айналдырды. Астананың көркіне көз тоймай тамсанса да, туып өскен ауылына деген сағынышы басым түседі. Қаланың қарбалас өмірінен ауылдағы қозы-лақ қуып, қырда жүргені әлдеқайда бақыттырақ секілді.
– Мама, а можно мне самой выбрать в какую школу поступить? Мне же 7, я уже большая, – деп еркелей шыққан дауысқа жалт қарады. Үстінде алқызыл көйлегі бар қазақтың қара қызы өзге тілде анасына өтініп тұр екен.
– Жоқ, қызым. Папаң сені орыс сыныбына берсін деп айтты емес пе? Болды, көп сұрақ қоймай, тыныш отыр, – деп анасы жекіп тастаған соң, қыз бала жауап қайтарып әуре болмады.
– Ботам-ау, оның не? Өзің қазақ бола тұра балаңды орыс мектебіне бергенің қалай болды? Онымен қоса баланың да қазақ тілінде білім алғысы келіп тұр емес пе? – деп қарама-қарсы орындықта отырған әже әңгімеге араласты.
– Апа, берейін деп берді деймісіз? Үйдегі отағасының қалауы – сол. Қанша көндіруге тырыссам да, “шешім осы” деп шорт кесті. Өзім құптасамасам да, келіспеске амал қайсы, – деп мұңая тіл қатқан әйел сөзін әрі жалғады. Қазіргі заманның талабы – осы. Орыс тілін білсе, еті тірі болады, ешкімге ақысын жегізбейді, – дейді…
Бұдан әрі тыңдауға дәті шыдамады. Автобустан түсіп қалайын десе, баратын жері әлі алыс. Санасында “орыс тілін білсе, еті тірі болады, ақысын ешкімге жегізбейді” деген сөз сайрап тұр. Сонда қалай болғаны, өз тіліңді ғана білсең, етің өліп, ақыңды біреу жеп кетеді ме? Неткен сорақы ой. Өзге тілді үйрен, біл, оқы. Бірақ өз тіліңді сонша қорлауға болады ма?! Заманның заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов «Бұл дәуірде өз тілін, әдебиетін білмеген, қадірлемеген адам толық мәнді интеллигент емес деуге де болады. Себебі, ол қандайлық мамандық білімі болса да, рухани ой тәрбиесінде сыңар жақ азамат болады» – деп, тайға таңба басқандай айтып кетті емес пе?! Ғасырлар бойы жалғасып, ұрпақ сабақтастығында үзілмеуі қажет бір құдірет болса, ол – тілге деген құрмет. Біздің ата-бабаларымыз қазақ тілінде сөйледі, қазақтың шежіресі қазақша жазылды, ұлттық дәстүрлеріміз бен құндылықтарымыз қазақилық сипат алды, ұлан-ғайыр даламызда қазақ тілінің билігі жүрді, төл әдебиетіміз бен мәдениетіміз қазақ тілінің құрсағында дүниеге келді емес пе?! Бірақ бұл ойын кімге айтады? Жеті жаста болса да орысша сайрап тұрған шүйкедей қызға ма? Әлде оған осындай тәрбие беріп отырған әке-шешесіне ме? Жалпы ондай отбасы қазіргі таңда көбейіп келе жатқаны да өкінішті. Осы ойдың жетегінде келе жатып, асыққан аялдамасына да жетті. Көліктің есігі ашылып, аяғын сыртқа алшаң басқанда омақаса оңбай құлады. Атып тұрды. Абырой болғанда түсі екен. Көзі ілініп, керуеттен құлап түсіпті. «Туған тілін қастерлеп, ана тілін ардақтау – адамдықтың ең үлкен белгісі» деп іштей қайталай берді. Бұл оның түсіндегі әйел мен қызға айтқысы келген тәмсілі еді.
Жаннұр Төлендіқызы.