Жұмабай Тілеубаев – Жезқазған құю-механикалық зауытының аға болат бақытушысы. 1992 жылы осы өндіріс орнына орналасқаннан бері бір орында тапжылмай еңбек етіп келеді. Ол қандай іске кіріссе де, беріле істейді, тұрақтылықты, тиянақтылықты жаны сүйеді. Тәуелсіздік жылдарында өзіне беймәлім болған өндіріске араласып, 30 жылдан астам уақытта аға буынның ақылына құлақ аса жүріп, осы саланың жілігін шағып, майын ішетін майталман маманға айналды. Бүгінде өзі ғана біліп қоймай, «болат балқытудың қыр-сырын үйренемін, білемін» деп құлшынып келген жастардың жігерін жанып, білімін тереңдетуіне де зор септігін тигізіп жүр.
Жұмабай Тілеубайұлы – Жаңаарқа ауданы, Ақтүбек ауылына қарасты Өркендеу бөлімшесінде 1963 жылы 5 желтоқсанда дүниеге келген. Тілеубай ақсақал мен Бибіғайша әжеміздің құрсағынан тараған 11 перзенттің тұңғышы. Үйдің үлкені болған соң, мойнына жауапкершілік жүгі де ерте артылатыны белгілі. Бозала таңнан қара кешке дейін совхоздың малын жайғап, есіл еңбекпен бала-шағасын асырап жүрген ата-ананың бейнетін көріп өскен ол мейлінше отбасына қолғабыс етуге, салмақ салмауға тырысты. Өркендеу бөлімшесінде 8 сыныпты бітірген соң, Жаңаарқада тағы екі жыл білім алып, онжылдықты осында аяқтады. Бір жыл ауылда тер төккендерге оқуға жолдама жеңілдікпен беріледі дегенді естіген Жұмабай аға сол кезде ауылда қалып, мал бағады. Келесі жылы Жезқазған педагогикалық институтына оқуға түсіп, төрт жыл жоғарғы оқу орнында білім алып, еңбек пәнінің маманы болып шығады. Білімімен, талантымен көзге түскен жас маман 1985 жылы жолдамамен Ұлытау аудандық оқу бөліміне қарасты жас техниктер станциясына директорлық қызметке жіберіледі. Ұжымды ұйыстыру, бірлігін бекемдеу, ортақ істен нәтиже шығару сынды міндеттерді Жұмабай Тілеубайұлы мінсіз орындай біледі. Еңбекқорлығы мен ізденімпаздығының арқасында 1987 жылы Қаракеңгір совхозында комсомол хатшысы, 1990 жылы Ұлытау аудандық комсомол комитетінің екінші хатшысы, 1991 Жезқазған облыстық комсомолының сектор меңгерушісі болды. Тоқсаныншы жылдардың басындағы тоқырауда әр адам күнкөрістің қамымен жан-жаққа ағылғанда Жұмабай аға өндіріске араласады. 1992 жылдың сәуірінде болат балқытушы болып еңбекке араласып, аз уақыттың ішінде өз ісін жетік меңгергендігінің арқасында аға болат балқытушы болып ауысады. Сол кезде болат балқыту цехы жұмысының жандануына зор үлес қосқан Тұяқ Батырбаев сынды мықты мамандардан тәлім алып жүріп, өз ісінің қыр-сырына қанықты.
Қандай істе болмасын ынта-жігерің, құлшынысың болса, жұмысың өрге басатыны сөзсіз. Жұмабай аға да ұжымда сыйлы, ортасында беделді, өкшесін басып келе жатқан кіші буынға қамқор әрі үлгі. Жұмыс барысында қолы қарап отырмайды, жүктелген міндет үдесінен шығып, көшелі көрсеткішке жеткізуге тырысады әрқашан ұжымын. Жұмабай Тілеубайұлының ақылын тыңдап, жұмысын ширатқандар қатарында Дәурен Арзанбеков, Сырым Тұрысбек сынды жастарды ерекше атап өтуге болады. Олар да қашанда ағадан үйренгендерін жіпке тізіп, оны тәжірибе барысында қолданып жүргендерін айтудан да жалықпайды.
Ұзақ жылғы еңбек ескерусіз емес, әрине. Бірақ, Жұмабай аға ешқашан мақтан үшін я болмаса марапат үшін тер төккен емес. Қалпы – қарапайым, болмысы – біртоға. Осы уақытқа дейін қандай жетістікке жетсе де, адал еңбегінің арқасы. Ол ешқашан ауыр жұмыстан қашқан емес. Себебі, жасынан еңбекпен ер жетті, оның ұшпаққа шығаратынына әбден көзі жетті. Сол себепті бесаспап болат балқытушы үшін жұмыстың ауыр-жеңілі жоқ. Ағаның еңбек жолында еншілеген ірілі-ұсақты марапаттары жетерлік. Оның ішінде Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің ІІ, ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгісін ерекше атап өту ләзім. Бір-екі жылдың мұғдарында зейнеткерлікке шығатын Жұмабай Тілеубайұлының бар арманы Алланың берген ғұмырын ар жолында ғибратпен кешу. Алпыстың асқарынан асқан ол соңына қарайлағанда өткенін елеп-екшеп, осындай тоқтамға келеді.
Бүгінде ол жары Нұржамила Амановамен бірге үш жауқазынының өсіріп, өмір көшіне үлестірген. Перзенттерін оқытып-тоқытып, тәлімді тәрбие беріп, өз ұяларына ұшырған. Бүгінде зайыбымен бірге ұрпақтарынан өрбіген кішкентайлардың қызығына тоймай, бал ғұмыр кешіп жатқан жайы бар. Әкесі Тілеубай ата мен анасы Бибіғайша әже болса бүгінде Жаңаарқаның Ақтүбек ауылында тұрады. Өздері өсірген он бір перзенттің ортасында шалқып-тасып тұрмыс кешіп жатыр. Елдің амандығы, жұрттың тыныштығы, ұрпағының жақсылығы ол үшін бәрінен қымбат. Өзі тәрбиелеген ұрпағы білім шыңына шығып, елдің дамуы жолында адал қызмет етсе, бар еңбектің өтеуі сол, ¬¬- дейді ол. Құдай ғұмыр берсе, зейнеткерлікке шыққаннан кейін де Жұмабай аға жарымен бірге өскелең ұрпаққа өсиет-өнегесін сіңіруге әзір.
Меруерт Наурызбай.