Газетіміздің өткен санында хабарлағанымыздай «Жұмыспен қамтудың жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде Жезқазған қаласында 39 жоба жүзеге асырылмақ. Солардың ішінде көп қабатты тұрғын үйлердің қасбеті мен шатырын жөндеу де бар. Бұл жаңалық жезқазғандықтарды елең еткізбей қоймады. Өйткені, әркімнің-ақ көкейінде «біздің үйдің өңі кіріп қалар деген» деген үміт пайда болды. Жасыратыны жоқ қаладағы тұрғын үйлердің басым көпшілігі 1950 жылдан бері қарай салынған.
Жезқазған қаласы тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Алиса Сағымбаеваның айтуынша, биыл қолға алынған «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында тозығы жеткен бұл үйлер де біршама жаңаратын болады.
–Жезқазған қаласында бұрын соңды бюджет қаражаты есебінен тұрғын үйлерді жөндеу қарастырылмағанын айта кеткен жөн. 2020 жылы алғаш рет қолға алынған жобаға 320 млн теңге бөлінген. Осы қаржыға 58 көп қабатты тұрғын үйдің қасбеті бірдей түске боялып, бірыңғай сәулеттік келбетке ие болады және шатырлары ағымдағы жөндеуден өтеді, – деген ол орталық көшелерге басымдық берілгенін жеткізді. Осылайша, жыл соңына дейін Сәтбаев, Қаражар (бұрынғы Балхаш), Холмецкий көшелері мен Мир даңғылындағы тұрғын үйлер жаңарып қалмақ, — дейді ол.
Жөндеу жұмыстарын жүргізетін мердігер әлі анықталмады. Дегенмен, мердігер компания жұмыссыз деп танылған 40 жезқазғандықты жұмысқа алуға міндетті. «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасының талабы да осы. Екі қолға бір күрек таппай жүрген азаматтарын жұмысқа тарту арқылы еліміздегі әлеуметтік-мәдени және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық объектілерін, инженерлік-көлік инфрақұрылымын күрделі және ағымдағы жөндеуден өткізіп, елді мекендерді абаттандырады.
Естеріңізге сала кетсек «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың 2012 жылғы 14 желтоқсандағы «Қазақстан-2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру мақсатында қабылданған.
Өз жұмысын ҚР «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңына сәйкес ұйымдастыратын тұрғын-үй инспекциясы бөлімі басшысының айтуынша, алдағы жылдарда да қазына қаржысы есебінен тұрғын үй қорын сақтауға көңіл бөлінбек. Биылғы жөндеу жұмыстары соның бастамасы ғана.
Бота ШАЛҚАР