Майра Жұратбекқызы – еңбекпен есейген жан. Ол 1966 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Созақ ауданы, Шолаққорған ауылында дүниеге келген. Әкесі Жұратбек пен анасы Тәшбибіден тараған алты перзенттің екіншісі. Қарапайым шаруа адамдарының отбасында өсіп-өнген Майра Ерманова жасынан еңбекке араласқан. Сол кезде бала-шағаның қамы үшін бозала таңнан қара кешке дейін жұмыста жүрген ата-ананың үйдегі тірлігін жеңілдетіп, бауырларының ас-суын қамдап, кір-қоңын жуу кішкентай Майраның мойнында еді. Қатарластары ойын қуып жүргенде, бала Майра әке-шешесіне қолғабыс етті, оқуына көңіл бөліп, армандарына ерік беріп, қиялына қанат бітірді. Қайсар қыз мінезділігіне қарай келешекте әскери ортада еңбек етуді немесе әуе кеңістігін бағындыруды қалады. Одан қалды өзі туған ауылдағы аласа үйлердің орнына қаз-қатар тізілген ақ шаңқан биік зәулім үйлер тұрғызатын құрылысшы болуды да армандайтын. Жасынан ұқыптылықты, тәртіпті, әдемілікті жаны сүйетіндіктен болашақта өзі кірпішін қалаймын деген қанаттаса тізілген әппақ үйлерін жеті қат көкті әдемі шиырлай ұшқан махаббаттың символы аққуларға ұқсатып қиялдайтын. Білімдінің ғана күні жарық болатынын түсініп, бар зейінін сабағына аударды. Алайда, адамның емес, Алланың қалауы болды. Қиялшыл бала аялаған армандарын жүрек түпкіріне жасырып, пешенесіне жазылған тағдыр жолымен аяңдай берді...
Отбасында қыз бала әкеге жақын болады деген тәмсіл тегін емес. Әкесі Жұратбек үшін басқа балалары бір төбе, Майрасы бөлек еді. Әкенің қамқорлығын ерек сезініп, ананың мейіріміне қанып, балалық шақтың бақытқа толы күндері зырғып өтіп жатты. Жұратбек ақсақал есеп-қисапқа жүйрік болғандықтан, қызының да болашақта есепші, экономист болғанын қалады. Сол себепті қолы қалт еткен шақта Майраны математикаға баулып, бір есепті бірнеше амалмен шығарып, салыстырып, жалықпай үйрететін. Әке мен баланың бір есепті әр түрлі амалмен шығарған есебінің шешіміне келгенде үнемі әкенің сызған-тергенінің жауабы дұрыс болып шығатын. Ыстық естеліктерге толы балалық шағын еске алған Майра апа сол кезде ескіше ғана хат таныған үлкендердің зеректігіне таңдай қағып, қызыға қарайды. Қуаныш пен шаттыққа толы қарапайым отбасының базарлы күндері ұзаққа созылған жоқ. Майра 8 сыныпта оқып жүргенде әкесі дүниеден озады. Алты баламен қалған анасының қайғысын сейілтіп, ауыртпалық жүгін жеңілдету жауапкершілігі Майраға да артылады. Ауылда Калинин орта мектебін ойдағыдай тәмамдаған соң әке арманын аяқасты етпей Қарағанды кооператив институтына оқуға тапсырады. Тапсырмаларды мүдірмей орындап шыққанмен, оқуға түсе алмай, тауы шағылады. Ауылдың сәлемдемесін арқалап, Жезқазғандағы әкесінің қарындасы Тастыкүл тәтесінің үйіне соғып, бар жағдайды баяндады. Апасы сол кезде Жезқазған педагогикалық институтында қызмет істейтін. Аталмыш институттың кешкі бөліміне оқуға тапсырып, қолында қалып оқуды ұсынады. Бірақ шиеттей бала-шағамен қалған ауылдағы анасын ойлап, қайтады. Бір жыл үйдің тірлігін атқарып, бауырларына қарасып, келесі жылы тағы келеді оқуға. Бар уақытын сарп етіп оқыған, ізденген күндері бұл жолы да жемісін бермейді. Жезқазған институтының кешкі бөліміне оқуға түсе алмаған қайсар қыз 1984 жылы Жезқазған гидрометаллургиялық комбиинатының №25 балабақшасына бала күтуші болып еңбекке араласады. Балалардың қарым-қабілетін дамытуға, олардың жан-жақты мектепалды тәрбиемен қамтылуына тамшыдай болса да үлесін қосып осы жерде азды-көпті жұмыс жасайды. Бірақ, айлығы шайлығынан аспаған соң, өзін жарылқаудан бөлек, ауылдағы бауырлары тағы бар, осылайша Жезқазған байыту фабрикасына жұмысқа кіреді. Бейтаныс орта, алып цехтың жұмыс процесін де алғаш көруі, өр мінезділігінің арқасында қызығы мен қиындығы қатар жүретін өндірістің қазанында қайнап кете барды. Ол кезде ұжымның дені өзге ұлт өкілдері, ауылдан келген қыз орыс тілін де жарытып білмейді. Бірақ, таңсық ортада Майра Ерманова тайсалған жоқ, білем, үйренем деген құлшынысының арқасында ортасымен тіл табысып, жұмыстың да кілтін тауып кете барды. Ұжымдастары цехты екі айналдырып, процеспен таныстырып, негізгі міндетін шегелеп айтқан соң үшіншіде Майраның өзін салт қалдырды. Мән-жайды ежелеп айтатын уақыт жоқ, әркімнің өзіне жүктелген жауапкершілігі бар дегендей, Майраға көрсеткенді қағып алып, жұмысты іліп әкетуден басқа амал қалмағандай. Цехтың ішін зыр жүгіріп жаттап алып, елпілдеп жүріп жұмысын тиянақтағанының арқасында көп ұзамай ұжымдастарының арасында беделі арта түсті. Себебі, еселі еңбек қана төрге шығаратынын ерек ұғынған ол қтындықтан қашпады, табандылық танытып, көп істі ұршықша иіре білді. Сол кезде ол Жезқазған байыту фабрикасына сынама алушы болып жұмысқа орналасқан еді.
Еңбекке араласса да, Майра Жұратбекқызының ойынан жоғары білім алсам деген арманы шықпады. Ол уақытта Жезқазған байыту фабрикасының жанында политехникалық институттың тәжірибелік базасы болатын. Сонда тәжірибеден өтіп жатқан студенттерге қызыға қарайтын. «Жолы болар жігіттің, жеңгесі шығар алдынан» демекші, 1986 жылы Алматы политехникалық институтынан Батырхан Сүлейменов бастаған көшпелі комиссия келеді. Оны естіген Майрадан дегбір қашады, оқуға деген құлшынысы ерек болса да, бағын сынап көруге тәуекел ете алмай жүргенде Татьяна Никулина, Татьяна Слепова сынды жанашыр жандар қол ұшын беріп, оқуға емтихан тапсырады. Бірі Майраның оқуға деген ынтасын аңғарып, сөзбен қамшыласа, екіншісі мақсатты жолдама беріп, арманының жүзеге асуына жол аша білді. Осылайша, Алматы политехникалық институтының студенті атанып, 1992 жылы ойдағыдай тәмамдап шығады. Сол жылы Жезқазған байыту фабрикасына қайта жұмысқа орналасып, отыз жылдан артық флотация цехында табан аудармай еңбек етіп келеді.
Майра Ерманова бір көзге қатал көрінгенмен, жүрегі жұмсақ, өте мейірімді жан. Жұмыста талап болмаса, оның сапалы жүруі екіталай. Сондықтан өндірісте қаталдық та керек-ақ. Жұмысқа келген жас мамандарды көргенде өзінің бойжеткен шақта еңбекке араласқан кезі еріксіз еске түседі, сол себепті де мейірлене жүріп, имене келген жастарды бауырына тартып, білгенін үйретіп, бағыт-бағдар беруден еш жалыққан емес. Оның тәлімін алған жандардың қатарында Олжас, Айткүл, Жанар, Дариға, Гүлшат, Әйгерім сынды мықты мамандар бар. Майра Жұратбекқызы өз ортасында құрмет-қошаметке ие, беделі жоғары. Талай сын сағаттарында уақытпен санаспай еңбек етіп, өзінің ұжымын алға тартып, жылдық жоспарды жүйелі орындауда ептілігімен, шеберлігімен көзге түскен майталман маман. Оның есепсіз маңдай тері, еселі еңбегі ескерусіз емес. 2018 жылы Елбасының Құрмет грамотасымен марапатталса, 2019 жылы ІІІ дәрежелі Еңбек даңқы орденімен еленген. Бұдан бөлек ірілі-ұсақты марапаттары жетіп артылады. Майра Ерманова бұл еңбектің соңында өзінің қажыр-қайратынан бөлек, еңбек жолында әріптес болған, шамшырағын жаққан талай жайсаң жандардың ауыз толтырып айтарлықтай үлесі жатқанын жақсы біледі. Олардың қатарында сол кездегі басшылары Алмас Мырзабеков, Нұрғали Есілбаев, Айбек Ержанов, қазіргі әріптестері Дүйсен Аманжолов, Ерден Жарасбаев бар. Басшылар сенім артып, әріптестері қостап тұрған соң межелі жоспарды орындамай қайтсін?! Майра Жұратбекқызы бір терінің пұшпағын илеу ісінде бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара білген ұжымның ұйымшылдығы маңызды роль атқаратынын айтады. Байыту фабрикасына ең алғаш жұмысқа келгенде білгенін асырып, білмегенін жасырып, шамшырағын жаққан жандардың қатарында флотаторлар Майра Ерман Людмила Кузнецова, Рая Кулькавец, Татьяна Мухина тағы басқа бірге істеген аға буыннан үйренгенін үнемі мақтанышпен еске алып жүреді. Бүгінгі еңбегінің жемісінде әр жылдары иықтаса еңбек еткен әріптестерінің өзіндік үлесі барын жасырмайды және оларға деген ризашылығын әрдайым білдіріп жүреді.
«Еңбек ер атандырады», «Біреудің ала жібін аттама, ас-суыңды адалынан тауып іш»! Бұл Майра апаның отбасында аяулы әжесі Ұмсынның аузынан үнемі естіген ақыл-өсиеті. Санасында жатталып қалған осы ұлағат оның бүгінде тағдырдың бұралаң жолында адаспай жол тауып, адалдықтың ауылында тұрақтап қалуына септігін тигізді. Еселі еңбегі Майра Ерманованы төрге шығарды, құрметке бөледі, ырзық-несібесін арттырды. Бір кездері Жезқазған байыту фабрикасының техникалық бақылау бөліміне алғаш жұмысқа орналасқанда өзі қызыға қараған флотация цехының сан алуан машиналарының тізгінінде бүгін өзі жүр. Барлық процесті бақылап, құдды бір оркестрді басқарған дирижжер секілді елестеп, киген киімі өзінің тұрпатына жараса қалған жетекші флотатар Шевцованың әр қимылын қалт жібермей қызыға бақылаған қайсар қыз бүгін сол цехтың белді маманы. Армандар орындалады деген осы емес пе?! Майра Жұратбекқызы өзінің мамандығын сүйеді, жұмысын жан-тәнімен беріле істейді, зейнетке шыққанға дейін елдің ертеңі үшін аянбай еңбек етуге әзір, өйткені ол — нағыз Еңбек адамы!
Меруерт Наурызбай.