Кешкі астан кейін тамақ басып, жүріп қайтайын деген оймен Ғарышкерлер бақжолына бет алдым. Диетолог мамандардың сызып берген нұсқауымен күніне жүруге тиіс он мың қадамның межесін орындайын деген ниетпен шаһарды біраз жаяу шарладым. Қоғамдық орындағы орындықтардың біріне тізе бүгіп, алаңда асыр салып ойнап жүрген балапандарға қарап, сүйсініп отырған едім, жаныма жетпісті орталаған қария келіп жайғасты. Қабағы салыңқы, жүзі сынық. Бір дүниеге күйгелектеніп, шыр-пыр болғаны түрінен байқалады. Екеумізде де үн жоқ. Біраз уақыттан кейін:
– Е, шырағым, бұл қарқынмен қайда барамыз, келешегіміз не болмақ, – деп ауыр күрсінді.
– Ата, тыныштық па? Жаныңызды жегідей жеген не мәселе? – деп мен де екеуара әңгімені жалғай түстім.
– Қайсыбірін айтайын, айналайын...
– Жазғы демалыс басталған соң немерелерді ауылға жібер, аунап-қунап ойнасын, – деп ем ұл мен келінге.
– Сағынсаңыздар, өздеріңіз келіп кетсеңіздерші, әке, күйбең тірлік артық-ауыс мойын бұрғызбай жатыр, – деді. «Е, жарайды, олардың тапшы уақытын тарықтырмай, ендеше, балаларды өзім алып кетейін» деп шаһарға ат шалдыртқан ем. Көргеніме көзім, естігеніме құлағым сенбей аң-таң күйде отырмын. Бір-бірімізбен сәлемдесіп, қауқылдасып, немерелерді көріп, көзайым болғаннан кейін дастархан басында қалаға келген себебімнің шетін шығарып, әңгіме бастадым. Ұлымның екі ұлы және қызы бар.
– Мына балаларды үш ай демалысында ауылға жіберіңдер, атұстарларың ат жалын тартып мінетін жасқа келіп қалды, тайға мінсін, бас үйретіп үйренсін, қуыршақтай болған құлыншағым әжесіне еріп, қымыз-қымыран ішіп, құрт жасап қолғабыс етсін...
– Ой, папа, какой аул? У них свой график, режим регулярный, – деп келін шатты-пұтты орысшасымен қойып қалды. Оның ығына жығылған ұлым да:
– Иә, әке, ұлдар алдағы уақытта дарынды балаларға арналған мектепке емтихан тапсырады. Оның машақаты да жетерлік. Ағылшын тілі курстары, логика сабақтары, одан бөлек спорт секциялары тағы бар. Ал, қызымыз болса балабақшаға барады, одан кейін дамыту орталықтарына, биге қатысады. Кейін көре жатармыз, – деп қарап отыр. Мен кемпіріме, ол менің қас-қабағымды аңдып, үнсіз қалдық.
Дастарқан басында да бір-бірімен ана тілінде жарытып тілдесіп отырғандары шамалы. «Подай», «будешь», «ешь», «приятного» деген секілді өзгенің қаңсығын таңсыққа айналдырып әлек. Балалардың қолында бір-бір табақтай қалта телефоны, шетелдің мультфильмдерін, сананы улаған ойындарын қосып қойып, тамақтанып отыр. Оған «әй дейтін әже, қой дейтін қожа» жоқ. Тияйын деп аузыңды ашсаң «қазір техника мен технологияның заманы, үйренсін, игерсін» деп әке-шешесі шаң жуытпайды. Жаһандану заманы деп жүргенімізде тілімізден, дінімізден, ділімізден айырып, түп-тұқиянымызбен жұтып жүрмесін, шырағым. «Өзім білем» деп өзеуреген ұрпақ көбейіп барады. Асфальтта өсіп, туған тілін шұбарлап, өзге тілде іркілмей сайрайтындар қатары артуда. Қазақ болып туған соң, ана тіліңмен сусындап, еліңе, ұлтыңа қызмет етпесең, тұлғалығыңнан не қайыр?! Ұлтының тілін, дінін, салт-дәстүр, әдет-ғұрпын білмеген толқыннан не сұраймыз? Іштен шыққан балама осы қарапайым ұғымдарды түсіндіре алмағаныма шамданып, төрт қабырғадан қашып осында келдім. Ертең ауылға қайтамын. Бірақ қаладан қашқанмен, оның қазанында қайнап жатқан мәселеден ешқайда қашып құтыла алмайсың. Ұрпақ тәрбиесінде ұтылған тұсымды елеп-екшеп, іштегі оймен арпалыстан туған күрсініс қой, айналайын. Айыпқа бұйырма, – деп ақсақал ақсаңдай басып үйіне бет алды.
Иә, қарияның қынжылатын реті бар. Мұндай түйінді түйткіл тек оның ғана емес, қаншама қазақ отбасында туындап жатқаны даусыз. Біздің білгеніміз біреу, ал, беймәлімі қаншама..
Меруерт Наурызбай.