Елдің ертеңін ойлаған кез келген азамат ана тіліміздің төрге озуына, оның кемелденуіне, келешек тағдырына әркез жан ауыртып, алаң көңілде жүреді деп ойлаймын. Тілшілік тірлікпен аракідік ел арасына бара қалсаң, көптен көріспеген, тілдеспеген ағайын амандық-саулықтан соң, «қайда жүріп жатырсың?» деп сұрап жатады. «Газетте қызмет етіп жатырмын» деп қысқа қайырсаң, жасы да жасамысы да «қазір газет оқитын адам бар ма?» деп көзін аударып-төңкеріп, аузын ашып таң қалып жатады. «Әрине, бар» деп сұлқ жауап бересің. Іштей күн санап, озық ойлы, көзі қарақты оқырман қатары сиреп жатқанына қынжылыс білдіресің, кітапты жастанып оқитын емес, телефон мен тележәшікке телмірген ұрпақтың көбейгеніне «әттең-ай» дейсің… Әйтсе де, газет оқитын оқырман орман болмаса да, жағдайымыз анау айтқандай тым мүшкіл емес. Апта сайын «Сарыарқасын» сағынып күтетін тұрақты жазылушыларымыз бар. Олардың дені, әрине, жастайынан газет-журнал оқып, көкжиегін кеңейтуге қалыптасып қалған орта буын мен зейнеткерліктегі қазыналы қариялар. Олар әркез газеттің болашағына алаңдайды, аяқалысына балаша қуанып, кемшін түсіп жатқан тұстары болса, іші ауырып жатады. Кезегі келгенде, елдің дамуына, облыстың тыныс-тірлігіне қатысты кесек-кесек ойларын да білдіріп, редакцияны пікірталас алаңына да айналдыратын күндер жоқ емес. Мұндай шынайы оқырмандарымыз барда газеттің де ғұмырнамасы ғасырдан-ғасырға жалғаса беретініне сенім кәміл.
Жә, жарайды, айтпағымыз бұл емес. Әдеттегідей жұмада редакциядан алатын оқырмандарға газет беріп отырғанмын. Бір кезде басылымның тұрақты жазылушыларының бірі, еңбек ардагері Болат Крекесов ағамыз кірді. Жүрісі суыт, жанын жеген мәселесі бардай тыпыршып, газетін қолына алғаннан кейін:
– Шырағым, айыпқа бұйырма! Мен мына мәселені айтпасам болмайды, – деді.
– Құлағым сізде, аға, жайғасыңыз...
– Мәселе көп қой қоғамда, шешімін күткен. Бірақ мемлекеттік тіл мәселесі мені қатты алаңдатады. Иә, кезінде отаршыл саясаттың құрбаны болдық, анау дедік, мынау дедік. Тарихпен таласпаймыз. Ал, қазір ше? Тәуелсіздігімізді алдық, төрт құбыламыз тең, дамудың даңғыл жолындамыз. Сөйтіп отырып, ана тілдің мерейін үстем етіп, тұғырын мәңгі ете алмай отырмыз. Тілің жоғалған күні, қолдағының бәрі кетпей ме?! – деп ашына сөйледі.
– Оныңыз рас… – деп басымды изедім. Ауыр күрсініп, терең демалды да, тоқтаған әңгімесін қайта жалғады.
«Бой жазып, жүріп қайтайын деп далаға шыға қалсаң, бір-бірімен өзге тілде шүйіркелескен ұрпақты көресің. Сауда орындарына я болмаса басқа қызмет орталықтарына бас сұға қалсаң, орыс тілінде қызмет көрсетеді. Мемлекеттік тілді талап етсең, «зачем мне твой язык?» деп өзіңді әжуа етеді. Жауды сырттан іздеудің қажеті жоқ, осындай олқылықтың барлығы өзіміздің қаракөздерден шығып отыр, айналайын. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» дейді біздің қазақ. Ананың әлдиінен бастап, әкенің мектебінде, одан қалды қоғамдық ортада туған тіліміздің мәртебесін арттыруға күш салынуы тиіс. Жалған ұранмен емес, нақты әрекетпен әр азамат тіл тағдырына бас ауыртса, тамшының тасты тескеніндей нәтиже шығары сөзсіз. «Жаһандану заманында өркениет көшіне ілесу керек» деп өзге тілді меңгеруге жастар жанталасып жатыр. Одан қалды көк жәшік пен телефондағы заманауи дүниелер өскелең ұрпақтың ақыл-ойын бұзып, тілінің тежелуіне я болмаса өзге тілде шығуына жол ашып жатыр. Ұлтының қамын жеген кез келген адам әуелі оның тілін терең меңгеріп, түсінуі қажет деп есептеймін. Жүрген жерімде мен бұл мәселені жасына да, жасамысына да айтып жүремін. Сендер де көпшілік ортада көп жүресіңдер, тіл мәселесін өзектілердің қатарына қосып, мейлінше оның күрмеуінің шешілуіне ат салысыңыздар» деп ойын аяқтады. Содан кейін газеттің тиражын, оқырмандардың жас ерекшелегін сұрап, басылымның аяқалысына қатысты жүрекжардысын да жасырмады. Аға айтарын айтты, көкейінде іркілген жанайқайын жеткізді. Екеуара әңгімеде айтылған ақпарат ағынын қабылдап, терең ойдың құшағында қала бердім.
Тіл жанашыры Болат Крекесов ағамыз мыңмен жалғыз алысқан алыптай көрінді маған. Сөзінің жаны бар. Қазақ деп жүрегі соққан кез келген азамат туған тілдің төрге озуына тамшыдай үлес қосса, сыннан қорытынды шығар ма еді...
Қазақ ақыны Жұбан Молдағалиев «Мың өліп, мың тірілген» деп жырлаған дана халқымыз сан ғасырлар бойы талай қиын-қыстау кезеңдерді басынан кешірсе де, Ана тілі – қазақ тілі, бай мұрасын саф алтындай сақтап, аса қадір тұтып бізге мұра етті. «Ертең тілім құритын болса, мен бүгін-ақ өлуге дайынмын» деген екен авар жұртының әлемге танылған даңқты ақыны Расул Ғамзатов. Атадан балаға мирас болып, ұрпақ сабақтастығы арқылы жалғасып, ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып келе жатқан киелі Ана тіліміздің өмір сүру, даму үдерісінде түрлі белестер мен қырқалардан асуы, қалтарыс-бұлтарыстары мен биікке өрлеу және шыңнан төмен құлдырауы аз болмады. Әр дәуірде шапқыншылыққа ұшырап, басқыншы елдердің рухани қысымының салдарынан тіліміз шұбарланып, шапқыншы елдің тілдік бірліктерінің енуі арқылы тілдік қордағы кірме сөздердің көбеюі орын алса да, тіліміз шалажансар күй кешсе де, қайта тіріліп, қайта жанданып, өзге тілден енген сөздерді жұтып, өзіміздің тілдік құрамға жымын білдірмей қосып алып жатты. Десек те, ұлтым деген даналарымыз тіл мәртебесін көтеріп, «Қазақ тілі ғылым тілі болса» деп төккен тері аз болмады. Қылышынан қан тамған кер заманда да Ахметтер «Сөзі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады» деп, тілімізді сақтау үшін жанын салып еңбек етті. Ахмет салған сара жол кейінгі ұлт қайраткерлері мен қаламгерлерінің ұстанатын дара бағыты болып, тіліміздің көсегесі көгеріп, ұлтымыздың еңсесі биік болса деп, әдебиет пен өнерде, ғылымда, басқа да салаларда кеңінен қолданыс тапты емес пе? Тәуелсіздік алмай тұрып, 1989 жылы өліара кезеңде-ақ тілімізді сақтап қалудың бірден-бір жолы мемлекет тарапынан қамқорлық танытып, қолдау көрсету екенін түсініп, Тіл туралы Заң қабылданып, қазақ тіліне мемлекеттік тіл мәртебесі берілген-ді.
Тіл мәселесі үнемі кең көңіл бөліп отыруды талап ететін – өте маңызды мәселе. Қазақ тілі рухани, саяси тәуелсіздік алғанда ғана, Қазақстанда мемлекеттік тіл үстемдік құра алады. Ол үшін өзге ұлтқа үлгі болып, өзіміз ана тілімізде сөйлеп, қазақ тілінің өркен жайып, беделін көтеруді, алдымен, өзімізден бастайық. Себебі, тіл тағдыры – сол тілде сөйлейтін ұлттың қолында. Қазақ халқының асыл да дана перзенті, ана тіліміздің жанашыры Ахмет Байтұрсынұлы айтқанындай, туған тіліміз – тұғырымыз, екенін әсте ұмытпауымыз керек. Меруерт Наурызбай.